Өткен сенбіде облыс орталығының тұрғындары ауылдың арзан өнімін алу үшін үйреншікті кіші айналмалы жол бойындағы базарға емес, Суворов көшесі, 11-үй мекенжайында орналасқан «Сарыарқа» дүкеніне барды. Бұдан былай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі осы сауда орнының ғимаратында өтетін болады. Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, бұл ретте жергілікті тұрғындардың өтініші ескерілген.

- Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің ашық аспан астында ұйымдастырылуы жұртшылық үшін ыңғайсыздықтар тудырып келді. Қыстың сары аязында, боранында, жаздың шіліңгір ыстығында таң сәріден кезек күтіп, сауда жасау оңай емес. Ол саудагерлер үшін де қиынға соқты. Сондықтан жабық коммуналдық базар құру мәселесін қолға алдық. Суворов көшесі бойында орналасқан осынау сауда орнының иесімен келісімге отырдық. Ол бізге сауда алаңын 5 жылға тегін беріп отыр, - деді Нұржан Кемерұлы.

Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, жақын арада мұнда арнайы тоңазытқыштар орнатылмақ. Шаруалар саудаға әкелген азық-түліктерін сонда сақтай алады. Бұл, әсіресе, жаз мезгілінде ыңғайлы. Нәтижесінде ауыл кәсіпкерлерінің жол шығындары қысқартылмақ. Бұдан бөлек, фермерлер үшін сауда алаңдары тегін берілетінін атап өткен жөн. Олар өз кезегінде қала тұрғындарын арзан, сапалы өнімдерімен қуантуы тиіс.

Жәрмеңкеге келген тұрғындардың барлығы бұл жаңашылдықты қуана қарсы алды деу қиын. Қаумалаған жұртшылық ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр болды. Әсіресе, ет сататын сауда алаңдарының алдында сығылысқан халықтың қарасы қалың. Іздеген тауарын таппай кетіп жатқан тұрғындар да болды.

- Негізі жәрмеңкеге ет алу үшін келіп едім. Өкінішке қарай, кезекте бір сағат тұрсам да құр қол қайтып барамын. Себебі жәрмеңкеге етті аз әкелгені көрініп тұр. Онымен қоса, таң сәріден сапалы еттерді талап алған сыңайлы, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Толғанай Жарасова.

Ал Бақытбек есімді жігіт ет сатылатын орынға мүлде жақындай алмағанын айтады.

- Мен мұндай кезекті өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Адамдар бір-бірін итеріп, улап-шулап жатыр. Ақыры ет сатып жатқан сауда алаңдарына жақындай алмадым. Сүт сатып алайын деп едім, оны да таба алмадым, - дейді павлодарлық тұрғын.

Дей тұрғанмен, түсіністік танытып, «көш жүре түзеледі» дегендер де бар. Жұртшылықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің жылы, жайлы орынға көшірілгеніне ризашылықтарын білдіріп жатты.

Н.Әшімбетов жоғарыда аталған мәселелерге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл – уақытша құбылыс.

- Осы жолы сүттің аз әкелінгені рас. Себебі ауа райының қолайсыздығына, тұманға байланысты екі сүт тасушы арнайы көліктер ауылдарынан шыға алмай қалды. Атап өтерлігі, бұдан былай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аптасына бір рет емес, алты күн ұйымдастырылады. Тек сейсенбі санитарлық күн болмақ. Бұл кезек мәселесін оң шешуге септігін тигізбек. Бүгінде облысымыздың ауыл шаруашылығы басқармасымен және басқа да жауапты мекемелермен келісе отырып, аудан-дардың шаруа қожалықтарын әр күнге жауапты етіп белгілеуді жоспарлап отырмыз, - дейді қала әкімі.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz