Түп-төркіні түсіндірілсін!

Жалпы, Елбасы өткен жыл елімізге оңай болмағанын айтты. Осы ретте, Үкіметтің де біраз тер төккенін жоққа шығармады. Десе де, әлі жетілдіретін тұстардың көптігін рет-ретімен ортаға салды. Мәселен, банктік саладағы олқылықтарға тоқталды. Мұнда мемлекет қаржысына көз тіккендердің, тіпті ұрлық жайлағанын жасырмады. Сондықтан Ұлттық банкке банктердің жағдайы мен ақшаның қозғалысын бақылауға құқық беретін заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, жиында банктерді сауықтыру жұмыстарының сәтті жүргізілгені баяндалды. Бірақ Н.Назарбаев мемлекет жекеменшік банктердің қолтығынан демеуді қою қажет дегенді кесіп айтты. Яғни, кез келген қолдау қайтарымды болуы керек.

Цифрландыру ісіне жауапты азаматтарға қарата Елбасы біраз ескерту жасады. Вице-премьер Асқар Жұмағалиевке «Цифрлы Қазақстан» мән-маңызын ел түсінбейтін терминдермен емес, жалпақ тілмен түсіндіруге бейімделсін, деді. Сондай-ақ, оңтайландыру, цифрландыру үдерістерінің ең алдымен еңбек өнімділігін өсіруге бағытталатындықтан, жұмыстан босайтын адамдарды еңбекпен қамтуды ұмыт қалдырмау қажет.

Қоғамның жиі сынына қалатын білім саласындағы реформаларды да Елбасы айналып өтпеді. Президент бұл өзгерістердің келешек үшін маңызды екенін атап өтті. Бірақ оны ел арасында түсіндіруге көңіл бөлуге шақырды құзырлы министрлікті. Оған қоса, цифрландыру бойынша жаппай оқытудың қажеттігін алға тартты. Сондықтан БАҚ-та тұрақты айдар ұстауды тапсырды. Онда цифрландыру қайда енгізілгені, не бергені, жалпы бұл үрдістің не екені халыққа ұғынықты тілмен түсіндірілуі тиіс. Қазіргі ұрпақ болашақта дәл осы цифрландырылған салаларда еңбек ететінін ескеруді еліміздің бас мұғаліміне тапсырды. Себебі цифрландыру өнеркәсіптік революцияның бір бөлігі болмақ. Енді осы күрделі, бірақ болашақ үшін маңызы зор жаңашылдыққа жауапты әр министрлікте кеңсе ашылмақ. Мұнда білікті IT-мамандар қызмет етеді.

Президент кейбір өңірлерде медициналық мекемелерді ақпараттық технологиялармен қамтудың ақсап жатқанын сынға алды. Бұл іске жауапты облыс әкімдерін «екілік алған балаларша» тұрғызып, Елбасы әрқайсысынан есеп алды. Қара тізімге енгендер - Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласы.

Ескісін жарылқамай...

Жиында Елбасы арнайы экономикалық аймақтардың жай-күйіне де тоқталды. Үкіметтегілерге ескілерін экономика көшіне ілестірмей тұрып, жаңаларын құрмаңдар, деді. Қазір жұмыс істеп тұрған 11 аймақтың қандай серпін әкелгені зерделенсін деді Елбасы. Сондай-ақ, экономикада өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру да тапсырылды.

Нұрсұлтан Әбішұлы елдегі жемқорлық жағдайын да сөз етті. Әсіресе, бүкіл басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан автожол саласындағы атышулы істі тілге тиек етті. Сотта ісі қаралып жатқан бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты «аяйтынын», нақтысы, қаншама қаржы шығарып оқытқан, сенім артылған азаматтың жолдан тайғанына қынжылыс танытты. Сөйтті де, Елбасы бюджеттік қаржыны жұмсауда шенеуніктердің «тәбетін» тыю қажет, деді. Әйтпесе, соңғы екі жылдың өзінде 2200 шенеунік жауапқа тартылған. Арасында министрлер де, облыс әкімдері де, ведомство басшылары да бар.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында да жұмыстардың кестеден кешігіп жатқанын айта келіп, бірқатар олқылықтарға жол берген Қаржы министріне Президент екінші рет ескерту жасады. Енді үшіншісі соңғысы болатынын ескертті. Сонымен қатар, Н.Назарбаев Вице-премьер Ерболат Досаевқа мемлекеттік қарызды қысқарту бойынша жұмысты бақылауға алуды тапсырды.

Елбасының тағы бір тапсырғаны – тұтынушылар үшін электр қуатының құнын төмендету. Энергетика министрі Қ.Бозымбаевқа оның бұған дейінгі баяндамаларында енгізіліп жатқан жаңа модель электр қуатының құнын азайтуға септігін тигізетінін айтқанын, бірақ бұл уәдесі орындалмағанын есіне салды. Сонымен қатар, министрге Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу бойынша шешімді жеделдету жүктелді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындармен жұмысқа көңілі толмаған Елбасы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға «шаршадың ба?» деп шүйлікті. Бұл ретте, тұрғындардың осы санатына қатысты мәселе салдарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кейінге шегерілді.

- Өзін-өзі қамтып отырғандар салық төлемейді, зейнетақы жинақтау жүйесіне қатыспайды. Көлеңкеде қалып отыр. Соңғы бес жыл қатарынан осыны айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Бірақ ешкім егжей-тегжейлі айналыспады, - деді Елбасы.

Ақыры кеңестен кейін министр Т.Дүйсенованың орнынан алынғаны белгілі болды. Елбасы аграрлық саланы дамыту үшін жоғары оқу орындарының орны бөлек, деді. Бірақ соңғы кезде аграрлық университеттерге ылғи қыздардың қабылданатынын сынға алды. Себебі оқу бітірген соң қыздардың ауылға баратынына ешкім кепілдік бермейді.

Байыпсыз «байлау» - беделге сын

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының сәнін кетіріп жатқан әрекеттерді де Президент тізбелеп берді. Яғни, кейбір әкімдіктер әдеттегі жұмыстарын дәл осы бағдарламаға «байлап» өткізуге әуес. Елбасы мұндай қадамдар бағдарламаның көздегеніне сәйкес келмейтінін ескертті.

- Қарап отырсақ, олар «Рухани жаңғырудың» не екенін түсінбейді. Кішігірім нысандарды сакралды орынға жатқызады. Біз әрбір облыс аумағынан қайтсе де мұндай нысандар табуды талап етіп отырған жоқпыз. Бастысы, барды бар деу керек, - деді Мемлекет басшысы.

Дегенмен, кейбір өңірлердің өз әлеуеттерін әлі толық пайдаланбай отырғанын айтты. Олар - Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары.

Осылайша, әр министрліктің атқарған жұмысы мен жіберген кемшіліктерін сөз еткен Елбасы олардың әрқайсысына қай бағытта қимылдау керектігі жайында кеңес берді.

Облыстарға ортақ іс

Президент жиыннан кейін облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы кездесуде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылауды және тарифтерді реттеу мәселесін назарда ұстауды тапсырды. Жылыту маусымының іркіліссіз жүруіне де маңыз берді. Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдауды жүктеді. Яғни, еріген қар суын тоғандарға жинап, ауыл шаруашылығына жаратуды ұсынды.

- Халық саны екі мыңнан асатын ауылдық елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгізілетін болады. Бұл – бюджеттің төртінші деңгейі. Жергілікті жерлерге салықтың 7 түрін жинау мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, қаражат шығысы 19 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Алдын ала жасалған талдау бойынша, ауылдық округтердің 11 пайызы ғана өздерін қамтамасыз етіп, өз кірісі есебінен шығындарын жаба алады. Сондықтан Үкімет облыстар басшыларымен бірлесе отырып, осы мәселені де бақылауға алуға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әзірлеген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz