Рухани жаңғыруға бүкіл болмысымен қызмет ететін озық ойлы, зиялы, білікті мамандар арамызда жүр. Соның бірі - Екібастұз қаласында тұратын, неміс тілінің маманы, тәжірибелі аудармашы Рауза Мұсабаева.

Балаларға арналған әдебиет құндылығын жоғалтпайды. «Атамұра» баспасынан өткенде жарық көрген «Таңғажайып глобус» атты жинаққа аудармашының 20 ертегісі енген. Бұл кітаптың ерекшелігі – ертегілер неміс және қазақ тілінде қатар берілген, тіл үйренуге ықыласты елгезек балалар үшін таптырмас құрал. Әр ертегінің авторы бар. «Қала тышқаны мен дала тышқаны» атты ертегіні Мартин Лютер жазған. Еуропаны орта ғасырлық түнектен алып шыққан әйгілі тұлға, ғұлама, дін ілімінің білгірі, немістің әдеби тілінің негізін салушы, қоғам қайраткері Мартин Лютердің шағын ертегісінен көшпелі өмір салты мен отырықшы өмір салтын салыстыру, оған өз көзқарасын астарлап беруі тамаша. Ертегіден аян, Мартин Лютер даланы, кеңдікті сүйеді екен. Кітаптағы әр ертегіден балалар тірі табиғатқа, аң-құсқа, жәндіктерге сүйіспеншілікті, ақыл-қабілетті дұрыс дамытуды және білімге құштарлықты, адами қасиеттердің артықшылығын танып, біледі. Аударма тілі жатық, бала ұғымына өте қонымды. «Таңғажайып глобус» түрлі түсті иллюстрациялармен көркем безендіріліп, Қазақстан Гете-Институтының қолдауымен 1000 данамен жарық көрді, еліміздің кітапханалары арқылы балаларға, оқу залдарына тегін таратылуда. Айта кетелік, Алматыдағы Гете-Институты екі елдің арасындағы мәдениеттер алмасуына атсалысады, руханиятқа қажет жобаларды қаржыландырумен айналысады. Аталмыш ертегілер жинағының тұсаукесері Алматы мен Астана қалаларында өтті.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудармашы Рауза Мұсабаева ұзақ жылдардан бері неміс авторларының көркем шығармаларын қазақ тіліне тікелей тәржімәлауда. Бұрынғы жерлесіміз Элеонора Хуммельдің «Берлин балықтары» атты романын, көптеген әңгімелерді, танымдық мақалаларды, балаларға арналған он суретті кітапшаны аударды. Рауза Молдайыпқызы қазақтың Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, Т.Айбергенов, т.б. мықты ақындардың жырларына қоса, Гете, Шиллер, Гейне, Лессинг жырларын түпнұсқада жатқа оқитыны бек сүйінішті. Ол 2009 жылы Германия астанасы Берлинде өткен дүниежүзілік неміс аудармашыларының әдеби коллоквиумына қатысуға жолдамамен барып, онда әлемдік деңгейдегі неміс қаламгерлерімен, аудармашылармен шығармашылық жұмыс істеді. 2011 және 2015 жылдары Швейцарияның Цюрих қаласындағы «Лорен» аудармашылар үйінде бір ай бойы шығармашылықпен айналысуға грант ұтып алып, сол елде жобамен айналысты.

Ұлттық мұрат жолында жүзеге асыратын игі істердің бастауында шын білімді адамдарды қоғам игілігі үшін лайықты бағалап, олардың білім жарығын өсіп келе жатқан ұрпаққа пайдалана білудің берері мол. Рауза Мұсабаеваны жоғары оқу орындары оқытушылыққа арнайы шақырып, аудиторияларда әдебиеттен дәріс оқытып тұрса, бұдан қазақ тек ұтар еді деп ойлаймын. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Ол - студенттер қауымы үшін рухани көсем бола алатын, әдебиетті терең білетін, жанындай сүйетін, қазақ руханиятын қастерлейтін, өзі де үлесін қосып жүрген шығармашылық адамы.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лаураеты.

***

Рауза Мұсабаеваның «Таңғажайып глобус» атты ертегі кітабының тұсаукесері жақында Екібастұз қалалық орталық кітапханада өтті. Сондай-ақ Солнечный қалашығындағы Абай атындағы №28 мектепте «Телтума - менің тағдырым» атты кездесу өтті. Бұл шараға оқушылармен бірге ата-аналар, кенттегі ақсақалдар мен әжелерге дейін қатысты, әдебиет әлемі жайлы қызықты әңгімелерді тыңдап, әсерлі сыр-сұхбаттың куәсі болды.

saryarka-samaly.kz