Павлодар облысының бас прокуроры Серік Қараманов прокуратураның өндірістік жарақат алу бойынша өткізілген алқа мәжілісінде жаға ұстатар осындай деректерді мысалға келтірді. Бір анығы, біздің облыс өндірістегі жарақат көрсеткіші бойынша республикада «көш бастап» тұр. Соңғы екі жылдағы сандарды «сөйлетсек», өндірісте жарақат алу 7%-ға өскен. Дәлірек айтсақ, 2015 жылмен салыстырғанда былтыр зардап шегушілер саны 164-тен 191-ге дейін артқан.

- Зардап шеккендер, көбінесе, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Қазақстан алюминий зауыты, «KSP Steel», «Кастинг», «Богатырь Көмір», «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» секілді ірі кәсіпорындарда тіркелді. Алайда бірнеше жыл бойы аталған кәсіпорындарда уәкілетті орган, яғни Еңбек басқармасы тарапынан кешенді тексерулер жүргізілмеген. Сондықтан жылдың желтоқсан айында прокуратура уәкілетті мемлекеттік орган қызметіне талдау жұмыстарын жүргізді. Талдау нәтижелері көрсеткендей, мемле-кеттік еңбек инспекторлары өнді-рістік жарақат алу деңгейін азайту үшін шара қолданбайды. Еңбек басқармасы басшысының парамен ұсталуы да осы салада қалыптасқан жағдайлардың шынайы себептерінің жасырылуын дәлелдейді, - деді облыстың бас прокуроры Серік Қараманов.

Бұл мәселеде көлеңкелі тұстар өте көп. Мәселен, өндірістегі жазатайым жағдайлар туралы медициналық мекемелердің еңбек инспекциясына хабарламаған 200-ден астам фактісі анықталған. Сотқа дейінгі 162 тергеудің басым бөлігі қылмыс құрамының болмауына байланысты тергеушілермен тоқтатылды. Тексеру барысында прокуратура қылмыстық істі тоқтату туралы осындай 8 шешімнің күшін жойды.

- Прокурорлар талдау жүргізуде. Бірақ мұндай істерді зерттеуге тергеудің дайын еместігін қазірдің өзінде айтуға болады. Осыған байланысты прокуратураның нұсқауы бойынша ішкі істер органдарында осы санаттағы істерді зерттеу жөніндегі тұрақты жедел-тергеу тобы құрылды. Облыстық прокуратура қазіргі уақытта осы нормаларға өзгерістер енгізуге бастамашылық етті. Прокурорлық қадағалау актілері енгізілді, - дейді С.Қараманов.

Облыстың бас прокуроры атап өткендей, тексеру барысында жұмыс беруші жұмыскер алдындағы жауапкершілігін шектету үшін түрлі тәсілдерді қолданатыны белгілі болды. Әсіресе, жазатайым оқиғалар кезінде қызметтерді көрсетудің «жалған» шарттары немесе мердігерлік жұмыстар ұсынылады. Бұндай мәмілелер еңбек қатынастарының туындауына және жұмыс берушілер үшін «сырқаттану парақтары» мен кәсіби сырқаттануларды төлеуге жол бермейді. Осылайша, 2015 және 2016 жылдары тоқтатылған 24 қылмыстық істің 8 жағдайында жұмыс беруші мен жұмыскер арасында еңбек шарты жасалмаған.

Индустриялы орталық болған-дықтан, Павлодар облысы өндірістегі жазатайым оқиғалар саны бойынша алдыңғы қатарда болатыны түсінікті. Мамандардың айтуынша, тау-кен, металлургия және энергетика өнеркәсібі, құрылыс салаларында өндірістік жарақат жиі орын алады. 90%-дан астам оқиға Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тіркелген.

 

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

 

irstar.kz