Бүгінде ауылдықтар ас атасы нанды да аудан орталығынан немесе қаладан «импорттайтын» болған. Қорасында сиыр, қойы түгілі қотыр лағы да жоқ ауылдықтардың қатары көбейіп келеді. Елді мекендеріміздің әлеуеті артты ма? Жоқ әлде, жалқаулық жайлап бара ма?

Төскейінде төрт түлікті төлдеткен қазаққа әсте шетелдің сапасыз сүтін тұтынған жараспаса керек-ті. Амал жоқ. Табиғи сүт тапшы болғаннан кейін шетел асып келіп жатқан өнімдерді алуға мәжбүрміз. Сарапшылар еліміздің сүт бойынша импортқа тәуелділігі 70-80 пайызды құрап отырғанын айтады. Сорақысы сол, қазіргі кезде тапшылық тек қалада орын алып отырған жоқ. Ауылдар да сиыр сүтіне «сусап» отыр.

Аға ұрпақ сөзімізді дәлелдер, ертеректе ауылда ағарған деген сатылмайтын. Әрбір үй кемі 4-5-тен сиыр ұстап, айран-сүтті қанып ішіп, құрт-майымен дастарқанын жайнатып қоятын. Сөйткен далалықтар бүгінде дүкенге «алақан жайып» отыратындай жағдайға жеткен. Ауылда тұрып, мал ұстамайтын қазақтың сылтауы көбейді. «Жайылым жоқ» дейді, қораға түсетін ұрылардан қорқады.

Осының барлығы «ауылдықтардың тұрмыстық жағдайы жақсарғандықтан» дегенге сенгіміз-ақ келеді. Бірақ...

Әуелден күнкөрісіміз сол болған соң, малға жақындау халықпыз. Аман-саулық сұрасқанда жанынан бұрын малына алаңдап, «Мал-жан аман ба?» дейтініміз - соның дәлелі. Расында да малды молдау ұстағандардың тұрмысы бұрын да жақсы болды. Қазір де солай. Кезінде көнекөз қарияла-рымыз ауылда тұрып мал ұстамайтын, көнкөріске епсіз, жалқауларды мысқылдап «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дейді екен.

Тағы да сарапшылардың пікіріне жүгінейік. Олар Қазақ елі сүт өнімдерімен ішкі сұраныстан бөлек, тұтынушылық нарығы зор, Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер халқының 20-25 пайызын қамтамасыз етуге қауқары бар дегенді айтады. Ол үшін ауылдарда көптеп шаруашылық құрып, асыл тұқымды сүтті сиырларды өсіруді мықтап қолға алу керек. Сүт қабылдау және оны өңдеу орындарын ашу қажет. Әйтпеген жағдайда, Ресей мен Белоруссиядан экспортталатын сүт өнімдерінен жақын болашақта құтыла алмасымыз анық.

Нан мәселесіне келейік. «Ауылға наубайхана қажет» дейтіндерді түсінбеймін. Ал бұл ойға балалық кездегі тәтті естеліктер жетелейді. Ауылда тұрған кезде анамыз аптасына кемі екі мәрте тегенеге қамыр басатын. Ол көтерілген кезде даладағы пешке от жағып (жазда), таба-таба нан пісіреді. Пештен жаңа шығарылған ыстық нанды бөліп-бөліп турап, үйдің сары майын ерітіп, араластырып жеген мыжыманың дәмі тіл үйіретін (айтпақшы, бүгінде ауыл балалары мыжыма дегеннің не екенін де білмеуі мүмкін). Қазір ше? Қазір ауылдықтар нанды аудан орталықтарындағы наубайханалардан, жолы түссе қаланың дүкендерінен сатып алады.

Қысқасы, бүгінде ауыл тұрғындарының тұрмысы әлдеқайда жеңілденді. Кір жуып, қазан аңдып отырған қыз-келіншектерді бүгінде кір жуғыш мәшинелер мен мульти қазандар алмастырған. Ауылдың арулары жіп иірмейді, алаша, кілем тоқымайды, текемет баспайды. Сиыр саумайды, құрт қайнатып, күбі піспейді. Ер азаматтары мал бақпайды. Бақшалық өнімдер екпейді. Есесіне дүкеннің дайын тамағын «жатып ішіп», түріктің телехикаяларын «түгендейді».

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Отбасына қажетті азық-түлік түрлерін өз қолымен дайындауға жақсы машықтанған аналарымыз, жеңгелеріміз ауылда әлі де бар. Бірақ еңбектен қорықпайтын мұндай жандардың қатары сиреп келе жатқандай. Өкініштісі де - осы. Әйтпесе, ауыл – түсінгенге жан рақаты ғой. Сіз қалай ойлайсыз?

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz