Мұрат АСАЙЫНОВ, Павлодар қаласындағы №35 жалпы білім беру мектебінің директоры:

- Біздің мектепте Қамқоршылық кеңес жаңа оқу жылының қазан айынан бастап құрылды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, бір есептен бұрынғы ата-аналар комитетінің орнына осындай кеңес, яғни қаражатқа байланысты іс-шараларды бақылауға алып, кеңесіп отыратын ұйымның құрылғанын қолдаймыз. Мұнда жариялылық бар. Сайттар арқылы есепшотқа келіп түскен қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Елімізде «Мектепке тағзым» жобасы бойынша қаншама игілікті атқарылуда. Міне, осы Қамқоршылық кеңес арқылы бұдан былай демеушілер көрсеткен түрлі жәрдемдер көпшілікке еш бүкпесіз жария болып отырады. Мысалы, демеуші мектепке жиһаз, тақта, т.б. заттар әперсе соның бәрі Қамқоршылық кеңес арқылы рәсімделеді. Бастысы - кеңес жұмысы жемқорлыққа жол бермейді. Менің ойымша, Қамқоршылық кеңестің жұмысын одан әрі белсендірек жүргізу керек.


Ғайша ИМАМБАЕВА, ф.ғ.д., ИнЕУ-дің журналистика және филология кафедрасының профессоры:

- Мектептерде құрылған Қамқоршылық кеңес оқу-тәрие үдерісіне оң ықпалын тигізіп, білім саласының алға басуына көмектеседі деп ойлаймын. Қамқоршылық кеңес - қоғам мен мектеп арасындағы байланыс, диалог. Бұл жерде білім ордасына қатысты бірқатар мәселені түрлі қоғамдық ұйымдар, яғни осы кеңестің құрамындағы ата-аналар, жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік қызметкерлер бірлесе отырып шешеді. Қамқоршылық кеңестің есепшотына түскен қаражаттан, мәселен, күн көрісі төмен отбасыларға, жетім балаларға қолұшын беруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ мектепке, пәндік кабинеттерге қажетті құрал-жабдықтар, бір сөзбен айтқанда білім ошағын заманауи талапқа сай техникалық заттармен қамтамасыз етуге болады. Әрине, бұл ретте бір мәселе көңілді алаңдатады, мектептер, оқу орындары, балабақшаларға қомақты қаражат бөле алатын демеуші табылып жатса, құба құп. Олай болған күнде түскен қаражат, сатып алынған мүлік немесе көрсетілген көмектің барлығы тиын-тебеніне дейін көпшіліктің назарында, яғни кеңес жиналысының хаттамалары интернет-ресурстар арқылы көпшілікке жетеді.


Аманжол РАШАТ, ана:

- Біздің елімізде мектептерде балаларға білім беру ісі тегін. Балаға сапалы білім, саналы тәрбие беруді әрбір білім ордасы, ұстаздар жүзеге асырады. Ол үшін мектепте еңбек ететін директордан бастап, үй сыпырушыға дейін және оқытуға арналған құрал-жабдықтарға, сонымен бірге жөндеу жұмыстарына мемлекеттен арнайы қаражат бөлінеді. Яғни балаларымыздың мектепте білім алу мәселесі толықтай мемлекеттің қарамағында. Сондықтан білім мекемелеріне ата-аналардан қаражат жинау, зат сатып әперу деген меніңше артығырақ. Рас, бұған дейін мектептердегі ата-аналар комитеті сыйлық алу, түлектер кешін ұйымдастырумен көбірек айналысты. Сондықтан олардың жұмысы ешкімнің көңілінен шыққан жоқ-ты. Ал биылғы оқу жылынан бастап құрылған Қамқоршылық кеңестің жұмысына да күмәнім бар. Мысалы, бір жағдайы жақсы ата-ана баласы оқитын мектепке демеуші болды делік. Сол мектепте үздік оқитын қарапайым отбасының баласы мен демеушінің баласы әлдеқалай білім не өнер сайысында бәсекелес болып қалса, мектеп қайсысын қолдар еді? Жалпы, мектептерде барлық балалар, ата-аналар тең дәрежеде болуы керек. Оларға қандай да бір демеуші, қамқоршының қажеті шамалы. Мектеп балаға білім және жақсы тәрбие берумен айналысуы тиіс.

«Алаңды» үйлестірген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz