Облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, іс-шаралар жаңғырту, инвестициялық бағдарламалар мен табиғи монополия субъектілерінің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған межелерге қол жеткізу үшін мамандар биыл 40 шақырым жылу желісін жөндеуі керек. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 40,9 шақырымдық құбырдың құжаты мен қаржысы да дайын. Яғни, межеден асыра орындалады. Сондай-ақ, 59,4 шақырым электр желісін жаңарту қажет. Оған қоса, жаңалары тартылады.

Сала мамандары жөндеуді қажет ететін кондоминимум нысандары санын да азайтуды алға қойып отыр. Биыл 27,5 пайызға төмендету көзделген. Мұндай жұмыстар бұрын тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында кәдеге жаратылып, енді елден бюджетке қайтып жатқан қаражатқа жасалады. Былтыр 5 үй осындай қаржыға жаңғыртылса, тағы 25 баспана мақсатты жиындар есебінен жаңа кейіпке енген. Ағымдағы жылы тозығы жеткен 30 үй сүріледі, 25 үй жеке қаражат есебінен, қалғаны қайтарылған қаражатқа жөнделмек. Бүгінде Екібастұз қаласында қаржыны қайтару қарқынды. Ай сайын 8,5 млн. теңге қайтарылса, Павлодар қаласында мардымсыз. Бар болғаны – 3,5 млн. теңге. Сонымен қатар, заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша бұдан былай жергілікті бюджеттен де үйлерді жөндеуге қаржы қарастыру мүмкіндігі пайда болған.

Аймақ басшысы желілерді жөнге келтіру үшін алдағы жылдарға да жобалық-сметалық құжаттарды ертерек әзірлеу керектігін айтты. Оған қоса, апат жиі орын алатын құбырларды төтенше жағдайларға бөлінетін қаражат есебінен жөндеу жағы қарастырылады. Жыл сайын облыста төтенше жағдайларға деп 300 млн. теңге шамасында қаражат қарастырылады.

Құзырлы басқарма аудан-қалалардың ұсыныстары негізінде желілерді жөндеу үшін 2018-2020 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп жатыр. Жауапты басқарма иесіз электр желілерін реттеу жұмысын биыл аяқтамақ. Яғни, 233 шақырым электр желісі мен 80 КТП-ның «тағдыры» шешіледі. Электр қуатын үнемдеу жағынан өңіріміз елімізде көш басында. Сала мамандары биыл да осы көшбасшы-лықтан айырылмауға бекініп отыр. Сөйтіп, 2020 жылға қарай өнім өндіруге жұмсалатын электр қуатының мөлшерін тағы да 10 пайызға азайту болжанған. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандырудың тың тәсілдерін қолдану арқылы энергия 60 пайызға дейін үнемделмек. Қызмет көрсетуге кететін шығынды да айтарлықтай азайту мақсат етілген.

Облыс әкімі Б.Бақауов үш қаланы жарықтандыру жұмысын неғұрлым жылдам түйіндеуді тапсырды. Жиында белгілі болғандай Екібастұз, Павлодар қалаларының көшелері мен аулаларын толық жарықтандыруға әрқайсысына 3,5 млрд. теңге қажет.

- Биыл бюджетте үнемделген қаржыны толығымен қалалардың көшелері мен аулаларын жарық-тандыруға бағыттаңыздар. Аулалар мен көшелер жарықтанса, қылмыс та кемтиіні анық, - деді Б.Бақауов.

Аппараттық жиында бұдан өзге тағы төрт басқарманың биылғы жоспары тыңдалды. Мәселен, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарының, жобалық-сме-талық құжаттардың сапасын қатаң қадағаламақ. Облыс әкімі аймағымызда құрылыс мәдениетін әлі де арттыру қажеттігін, сапаға барынша мән беру керектігін ескертті. Биылғы жоспарларымен бөліскен облыстық дін істері басқармасының басшысы қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етуге бұрынғыша күш салатынын баяндады. Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы ернұр Дәуенов идеологиялық бағытта атқарылатын жұмыстарын ортаға салды. Аталмыш орган биыл бар жұмысын Елбасы Жолдауын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық насихаттау, Астананың 20 жылдығы мен облыстың 80 жылдығын мән-маңызымен атап өтуге бағыттамақ. Аймақ басшысы басқарманың жоба-жоспарларына оң бағасын берді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz