Алдымен Ахметжан Есімов Екібастұз қаласындағы МАЭС-1 ат басын бұрды. Мұнда №1 энергоблокты қалпына келтіру және жанармай беру жүйесін жаңғыртуға қатысты ұзақмерзімді жобалар аясында атқарылатын шаралар баяндалды. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты өкілдері 180 млрд. теңге инвестиция жұмсалған қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесін көрсетті. Атап айтқанда, бұл бағыттағы жұмыстар мұнай өңдеу өнімділігін арттырып, К-4 (жанармай) және К-5 (дизельді отын) стандарттарына сай келетін өнімнің сапасын жақсартты. Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы жаңа қондырғылардың жұмысын саралап, атқарылған шараларды оң бағалады.

«Павлодар» арнайы экономи-калық аймағында инвестициялық әлеуеттілікті арттыру үшін көп жеңілдік қарастырылған. Ауыл шаруашылығында пайдалануға арналған химиялық препараттарды шығаратын «Агрохимпрогресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған А.Есімов бұған көз жеткізді. Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорын жергілікті нарықтың тең жартысын, ал ел көлемінде 7 пайызын өз өнімдерімен қамтып отыр. Компания өкілдері таяу уақытта шегіртке мен шыбын-шіркейге қарсы биопрепараттарды шығару ісін қолға алмақ ойымен бөлісті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz