- Армысыз, Бабақұмар Қинаятұлы! Өзіңізге белгілі, жылдың басы қай елде де үлкен бір мәнге ие. Ал біз үшін жыл басы саналатын Наурыздың қадір-қасиеті жайлы зерттеуші ғалым ретінде ой-пікіріңізді білсек деп едік.

- Алдымен Ертіс-Баян өңірі жұртшылығын келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, баршаңызға бірлік, ынтымақ, бақ пен береке тілеймін!

Иә, жыл басы – Наурыз – халқымыздың көптеген ғұрыптарымен әспеттеліп, ерекше бір оқиға ретінде қарастырылған, маңызы жоғары, өте бір шуақты мереке. Жыл басын белгілеудің, оны есептеудің қазақтың тарихында өзінше бір орны, ақиқат көзі бар. Ай мен Күн, басқа да планеталардың қозғалысы, заңдылығы, өзара үйлесіміне негізделген көптеген күнтізбелік мәдениеттерде бірінші кезекте ескерілетін жайт. Ал Наурыз жайлы айтарымыз тіпті көп. Мұның «Наурыз» деп аталуының түп-төркінінде үлкен мән бар. Ол көпшілікке белгілі. Ұлыс күн - Орта Азия, парсы, түркі секілді мұсылман жұрттарынан орныққан, үлкен мереке ретінде сақталған айрықша күн. Түркі халықтарында «Ұлыстың ұлы күні» дейтін екінші атауы бар. Мұндағы «Ұлыс» дегеніңіз мемлекет дегенді білдіреді. Яғни мемлекеттің ұлы күні, бір межені аяқтап, жаңа межеге аяқ басуы, басталу нүктесі ретінде қарастырылады, оны жыл басы деп санайды. Көне түркі заманындағы күнтізбелік мәдениет пен осы мәселені арнайы зерттеген түркологтардың, мысалы, француз ғалымы Луй Базеннің зерттеуіне ден қойсақ, сондай-ақ қазіргі тілдік және фольклорлық-этнографиялық деректерге қарағанда, түркі халықтарында бағзы заманда 364 күн, 13 айдан тұратын 28 күндік күнтізбе болған.

- Неге 13 ай?

- Өйткені, үлкен есептеу обсерваториялар мен ғылыми орталықтар болмаған кезде, Еуразияның орта белдеуіндегі халықтарда аспан жұлдыздарының өз ара үйлесімін, яғни күн ұзақтығын анықтауда Үркер мен Қамбар (Арыстан) жұлдызы арқылы аспан денелерінің өзара үйлесімі, қозғалыс заңдылығына сүйене отырып, күн ұзақтығын есептеп, анықтап отырған. Бұлайша есептеу қолайлы әрі жаңылыс болмайды. Сондықтан бұл халықтарда зерттеушілердің айтуына қарағанда, Наурыздың басталу кезеңі халық астрономиясымен тікелей байланысты. Яғни Үркер және Қамбар жұлдыздарының тоғыс жүйесімен есептеледі. Қамбар аспанда көріне бермейді, көбіне Үркер, Сүмбіле (Сириус) Үшарқар-Таразы (Орион жұлдыздар шоғыры) осылар бір тізбенің бойына жақындап келеді. Көпке мәлім, әр айды айдың басы, ортасы, аяғы, жаңасы, ескісі деген ұғыммен белгілеп отырған. Аталған жұлдыздардың бір қатардың бойына келуін және бұл құбылыстың айдың жаңасымен қауышу кезеңін есептеп, Жаңа жыл келді деп түсінгені. Бағзыда есепші-жұлдызнамашылар есептен жаңылыспас үшін үшін арнайы Кісе қалтаның ұяшықтарына құмалақ-тастарын салып есеп жүргізіп отырған. Сонда 364 тас толық түгесілгенде міне, бір жыл өтті деп белгілеген. Жаңағы айтқан тоғыс деген не? Зерттеушілердің еңбектері мен хатқа түскен деректерге қарағанда, мысалы, Катанов, Куфтин сияқты ғалымдардың пікірінше, дәстүрлі түркілік, соның ішінде қазақы күнтізбе жүйесінде он үш ай да, он екі ай да болған. Олар кезектесіп келеді. Он үш ай болатын жыл санауы тоғыс есебіне сәйкес келеді. Ғалым тоғыс есебін былайша түсіндіреді: «Тоғыс есебі – уақыт есебінің Үркер шоқжұлдызы бойынша жүргізілетін жүйесі, яғни Үркерге негізделген календарь. Ай орағының немесе ай табағының Үркерді басып өтуі тоғыс, тоғысу немесе тоғаю деп аталады. Тоғыс кезінде аспан әлемінің аядай учаскесіне шоғырланып жиналған Үркердің айқын алты жұлдызы Айдың арғы жағында, тасада қалады да, жердегі бақылаушыға көрінбейді. Ай ақырын жылжып өтіп кеткенде, тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Ай мен Үркер үнемі тоғыса бермейді. Тетелес келетін екі тоғыстың аралығында өтетін уақытты қазақ халқы тоғыс айы дейді. Оның уақыты – 28 күн. Сондықтан Ай мен Үркер жыл ішінде он үш рет тоғыса алады, демек жылда он үш тоғыс айы бар» дейді. Тоғыстың екінші түрі жоғарыда аталған Қамбар жұлдызының қозғалысына негізделген Қамбар тоғысы. Бұл туралы дерек тілзерттеуші ғалым ғалым Нұргелді Уәлиұлының еңбектерінде жақсы тарқатылып айтылған.

Жаңағы әңгімемізді жалғастырайық, кейін парсы, арабтармен араласқан заманнан күнтізбелік басқа жүйелер кіріге бастады. Ол күннің ұзақтығымен, яғни күн мен түннің теңелуімен есептелді. Ол 365-366 күннен тұрады деп қарастырылды. Бұл – біздің қазіргі жыл есептеуіміз. Мұның ерекшелігі - жыл сайын күн мен түннің теңесуі бір межеге келіп, тұрақты бір нүктеде тұрады. 365-інші күн - 22-23 наурыз, 22 наурыз- өзбек пен тәжіктерде, ал бізде 23 наурызда Жаңа жылдың бірінші күні деп есептелінеді.

- Неге 22 наурыз емес?

- Бұл сауалды астрономдарға қою керек. Ал жалпы алғанда бұл үлкен галактикалық жаңғырық - жердің орналасуы, жұлдыздардың көрінуіне қатысты. Орта Азияның оңтүстігіне қарай тұратын елдерде жұлдыздар наурыздың 22-де, ал бізде 23-де көрінеді. Негізінде, әр ел есепшілерінің Күн қозғалысына және Ай қозғалысына негіздеген есептері бар. Біз қазақша күн қайыруды сөз еттік. Үркердің жаздың басында Аймен тоғысатын кезін жылдың бір тоғысының айы деп, жыл басы деп есептеді.

- Бұл қай ай?

- Бұрын діннің ықпалы әбден күшейгенге дейін түркі халықтары жылдың басын күн мен түннің теңесетін күні деп есептеп келді. Күн қайыруды Ай жұлдызбен белгілеу - үнді, иран, парсы, тибет, қытай елдері-шығыс жұрттарына ортақ. Көне түріктерде де болған. Қазіргі күнтізбеде азаматтық айдармен күнді кезең-кезеңімен белгілеп жүрміз. Мысалы, Қой жылы жаздың бас айы, орта айында деп жазады. Қаныш Сәтбаев экспедициясы қайсыбір жылдары Қарсақпайдан табылған ескерткіш таста «Қой жылы жаздың арайында Тұранның Темір бегі екі жүз мың шеруменен Тоқтамыш ханға жорытты» дейді. Сол араға белгі болсын деп шеріктердің бәрі бір-бір тастан көтеріп, тас оба құрған екен. Тастағы «Қой жылы жаздың арайында...» деуінің өзінде жаңағы айтқан кезеңдік уақыт белгілеу бар.

Қазақтың жыл есебінде мерзімдік «Бесқонақ» деген кездеседі, бұл - азаматтық айдар. Бесқонақ-ежелгi түркiлерде қол-данылған, күн қозғалысына негiзделген күнтізбе. Жыл ұзақтығын 12айға бөліп және оған қосымша күндермен есептейтiн күнтізбеде ескi жылдың соңы мен келе жатқан жаңа жылдыңортасындағы аралық күндер қосымша күндерге саналады. Айлардан тыс алынатын дербес ай санатына енбейтiносындай қосалқы күндердi күн қайыру жүйесiнде пайдалану көне жұрттарда (Мысыр, Соғды, Хорезм) болған. Бесқонақ күнтізбесі қыпшақ, оғыз тiл тобына енетiн түркiхалықтарының күнтізбелеріне негiз болған. Орта Азияға ислам дiнi таралған кезде астрономия ғылымы қарыштап дамыған. Бируни, Омар Хайям астрономиялық жылдың ұзақтығын (365, 24 күн) ескере отырып, әрбiр төртiншi жылды «кiбiсе жыл» есебiнде алып, артық бiр күндi қоса есептедi. Қазақ арасында бертiнге дейiн қолданылып келген күн санау жүйесi жайлы ауыз әдебиеті үлгiлерiнде «Ойласам (бiлгенге) дүниенiң түбi шолақ, шыбын жан денеге бес күн қонақ» деп жырланады. Жаңа жылды ежелгі дүниетанымда ескі дүние талқандалып, оның орнына Жаңа дүние жаратылатын шақ деп қабылдаған. Соның бірі Байбақты Қазыбек деген есепшінің жылдың басы наурызды парсы наурызынан өзгеше етіп, 12-13 күн бұрын келетін етіп негіздеген. Мұны неге айтып отырмын? Түрлі күнтізбелерді пайдаланғанда ай атаулары шатасып кететіні анықталды. Кезінде бұған Шәкәрім қажы да араласқан. Бұл ретсіздік 1957 жылға дейін созылып, академик Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов осы мәселеге төрелік айтқан. Мысалы, 13 айды 12 айға туралағанда, ай атауының кейбірі зодиак, кейбірі арабша, кейбірі түркіше, кейбірі жергілікті халықтың атымен аталғандықтан, айлар атында қайшылық туындап келді. Алысқа бармай-ақ көкек айын алайық. Оны сексенінші жылдардың ортасынан бастап «Сәуір» деп атап кеттік.

- Сонда «Сәуір» деген нені білдіреді?

- Бұл - зодиак атауы. Арабша «өгіз» деген сөз. М.Горбачевтың әйгілі көкек пленумы өткен жоқ па?! Көкек - ұнамсыз, жаман құс, одан да сәуір аталғаны жөн деген пікір туындады. Содан қазақтың көкек айы – сәуір аталып кетті. Тағы бір мәселе, қазақтар амал дейміз, амал дегеніміз арабша хамал – Тоқты - Овен, зодиак атауы.

- Бабақұмар Қинаятұлы, расында аспан денелеріне қатысты мәліметтер қызықты екен. Енді негізгі тақырыпқа ойыссақ...

- Иә-иә... Ұлыстың ұлы күні – Наурыз деген жоғарыда айтып өткен күн мен түннің теңелгеннен басталғаны сайып келгенде бір жыл циклының аяқталып, жаңа циклдың басталуын білдіреді. Бұл - көне заманнан келе жатқан мейрам. 7 ғасырда Самарқанда осыны бейнелейтін суреттер бар. Наурыздағы басты мәселе, қайталап айтайын, күн мен түннің теңелуі және Еуразияның орта белдеуіндегі ұзаққа созылған суық маусым мен жылының межесі, қытымыр қыстың аяқталып, жылы лептің келуі. Бұл біздің елімізде оңтүстік аймақта наурыз айында анық байқалады. Осы кезде малмен айналысатын шаруалар Арқа, Сарыарқа, Ұлытау жақтағы әйгілі жайлауларға жылжи бастаған. Малдың жүрісімен күніне орта есеппен алғанда 10-15 шақырым алып отырған. Жайлауда қырық күндей отырғаннан кейін қайта оңтүстікке беттеген. Бұл жайлы зерттеуші, этнограф Ақселеу Сейдімбектің еңбегінде нақты айтылған. Ал жер иеленген жұрттар үшін көктемгі шаруашылық кәсіптің дайындықтары басталады. Мұның бәрі адамның күн көрісінің қамы, материалдық игіліктердің бастауы, молшылықты Ұлыс күні Жаратқан иеден сұрау, тілеу болып табылады. Осынау күндегі екінші мәселе - ұлыстың бірлігі, ағайын-туғанның табысуы, ізгілендіру, молшылықта өмір сүруі, бір-бірінің үйінен дәм тату, Наурыз көженің әзірленуі. Наурыз көженің негізгі идеясы – бір табақтан дәм татысқан адамдар дос-жар болып, араздығын ұмытады, береке мен бірлік салтанат құрады дегенге негізделген. Бұл күні ата-бабамыз ескі-құсқыдан арылу керек деп сынған, шытынаған ескі ыдыс, тозған киім-кешектерді ауылдың сыртына апарып өртеген. Бұл жерде «моғал ошақ» деген көне сөз еске түседі. Белгілі ғалым, тілтанушы Нұргелді Уәлидің айтуына қарағанда, ескі-құсқыны ауыл сыртына оңаша жерге апарып, моғал ошақ қазып, сонда өртеген көрінеді. Бұл қазақтың жаман атаулыдан аулақ болып, жаңа жылмен, Әз Наурызбен бірге жақсылық, жаңалық келсін, ескінің орнына жақсылық келсін деген ырымынан шықса керек.

- Қазіргі уақытта Наурыз мерекесін тойлау, оған мән-маңыз беру жағы қай деңгейде деп ойлайсыз? Биыл біздің жақта күннің салқындығына байланысты 1 мамырға дейін тойлау жоспарланып отыр...

- Жалпы алғанда ұлыс үшін мереке бұқаралық сипатта болғанда маңызы артады, әу бастағы діттеген міндеті де сол еді... 1990-ыншы жылдары тойланған Наурызда ерекше серпіліс болды. Өйткені сол кезеңде халықта ұлт ретінде жеке ел болуға деген ұмтылыс айрықша еді. Содан болар мерекені ерекше көңіл күймен қарсы алып жүрдік. Ал қазір бір күннің ішінде апыр-топыр болып, киіз үй тігеді, ұлықтар қонақтарын күтеді, ал былайғы халық концерт көріп қана қайтады. Бұлай болмауы тиіс. Шет елдердегі мемлекеттік деңгейде өтетін кез келген мейрамын алып қараңыз. Спорттық мекемелер жаппай спорт-пен, мәдени мекемелер жаппай мәдени шаралармен, көше толы халық күн демей, түн демей мерекелік думанға қатысып, жасы-кәрісі думандатып, қуанышқа бөленіп-ақ жатады. Ондай мерекелерін бір апта тойлайды, ұлттық, мемлекеттік сипатта атап өтеді. Бізде де солай неге атап өтпеске?! Жетпіс жылдан кейін жаңғырған мерекені бағалауымыз керек қой. Ал биылдан бастап Павлодарда Наурыз 1 мамырға дейін тойланып, мерекеде ізгілікке толы ұлттық дәстүр-жоралғылар қамтылса, бәрекелді, мұндай бастаманы өз басым құптаймын. Өйткені бұл жақсылықтың, жаңа күннің, ізгіліктің, береке мен молшылықтың, халықтың ынтымағы үшін тойланатын мерекесі ғой. Сондықтан өз деңгейінде аталып өтсе деген тілек бар.

- Әңгімеңізге рақмет! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

 

 

Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП.

 

saryarka-samaly.kz