Дәрі кімдерге егіледі?

Бейкүнә жеткіншектің тағдырын ойрандап, ар-намысын қорлау – ең ауыр қылмыс. Мұндай азғындарға өлім жазасын кессе де аз емес дерсіз. Дәл осындай қадамға барғандар ҚР Қылмыстық Кодексінің 120 бабының 3-бөлігіне сәйкес, зорлық-зом-былық кәмелетке толмаған жасөспірімге жасалса, 10-15 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. Аталмыш баптың 4-ші бөлігі бойынша жас бала жапа шексе, қылмыскер 15-20 жылға түрмеге тоғытылатын болады.

Естеріңізде болса, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда кәмелетке толмаған балаларға зорлық көрсеткен қылмыскерге жауапкершілік күшейтілді. Құқық бұзушылыққа жол бергендер шартты түрде бас бостандығынан айырылу, қылмысын мойындағаны үшін жауаптылықтан босату, бітімгершілікке келу, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл түрге ауыстыру сынды шараларды қолдана алмайды. Оған қатаң тыйым салынған. Енді бұл тізімге еркектің жыныстық қабілетін жоятын дәрігерлік препарат қосылды.

Павлодар қалалық №2 сотының судьясы Жанар Тұрлыбаеваның сөзінше, химиялық кастрация сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша жыныстық қатынасқа бейім, кінәлі деп танылған қылмыскерге ғана қолданылатын болады. Сараптама педофилге аталмыш екпе қажет деген шешім шығарса, химиялық кастрация жасалады. Түрмеге тоғытылғандарға химиялық кастрация жазаны өтеу орындарында жасалады. Ал, айыбын өтеп, бостан-дыққа шығатын азаматтарға тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаториялық-психиатриялық көмек көрсетуге құқылы мекемеде екпе жасалады. Ол үшін міндетті түрде айыпталушының педофил екенін дәлелдейтін сот-психиатриялық сараптама тағайындалады. Соның нәтижесінде химиялық кастрация қолдану мәселесін сот шешеді. Сот шешімі педофил жазасын өтеп жатқан орынға жіберіледі.

- 2017 жылдың 18 сәуірінде ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ретте, 26-бап бесінші бөлікпен толықты. Кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасағаны үшін мекеме әкімшілігі сотталған адамның денсаулығын тексереді. Яғни, оның бойында психикалық ауытқушылықтар мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділіктің бар не жоқтығын анықтау үшін жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей сотқа материалдарды жібереді. Бұл арқылы сот-психиатриялық сараптама тағайындалады. Нәтиже дайын болғанда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тағайындау, ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселелерді шешу үшін мәліметті сотқа жібереді. Сот қаулысы енгізілген соң, 3 күн аралығында қылмыстық-атқару жүйесінің әкімшілігі соттың үкімін амбулаторлық ұйымға және сотталушының тұрғылықты жеріндегі емханаға жеткізуі тиіс. Бұл істі арнайы медицина қызметкерлері жүргізеді. Осы орайда, республикалық бюджеттен зертханалық талдау, мамандар кеңесіне жүгіну сынды шараларға қаржы бөлінген, - дейді судья.

Жанар Қажатқызының сөзінше, аталмыш екпе 3-6 ай аралығында жасалады. Жаңа заң биыл ғана күшіне енгендіктен, тәжірибеде әлі кездескен жоқ. Биыл бостандыққа шығатын педофилдерге мұндай жаза қолданылады. Бірақ ол үшін жоғарыда айтқандай сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы қажет. Егер жазасын өтеген педофилдің бойында зорлық-зомбылыққа бейімділіктің бары анықталса, екпе жасалатын болады. Сондықтан мұндай жазаға нақты қанша адам тартылатыны белгісіз.

Педофилия емделе ме?

Қылмыскердің екпінін басуға арналған екпе АҚШ, Канада, Германия сынды елдерде ертеден қолданыста бар. Мұндай жазаны Қазақстан да қолдануға мәжбүр. Себебі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Бәлиева елімізде өткен жылдың 9 айында кәмелетке толмағандарды зорлау деректері 100-ден 133 фактіге өскенін айтты. Ал зорлық-зомбылық әрекеттері 83-тен 108 фактіге артқан. Мұндай жағаұстатарлық деректі көріп, химиялық кастрация жасаған дұрыс деген ойға келесіз. Бірақ аталмыш мәселеде мамандар пікірі қақ бөлініп тұр.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты,  Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімованың айтуынша, химиялық кастрация – уақытша екпе.

- Бұл жаза қылмысқа барған адамға жыныстық зорлық жөнінде ескерту жасау үшін қажет. Сонымен қатар, бұл - бірреттік инъекция. Яғни, ол өмір бойына жасалмайды. Бұл медициналық ұйымдардың сот шешімі шыққан жағдайда ғана жүзеге асады. Біз осылайша тым болмаса бір баланың өмірін сақтап қалсақ, нәтиже шығады деп ойлаймын. Арсыз қадамға барғандар - психикалық ауруға шалдыққан, бойында ауытқушылығы бар адамдар. Жас өреннің өмірі өксімес үшін бәрін жасауымыз керек. Бұл еліміздің барлық балаларына қатысты. Әлемде мұндай тәжірибе бар және біз де мұнымен күресуге тиіспіз, - дейді Б.Әйтімова.

Дәрігерлердің сөзінше, аталмыш дәрі ер азаматтарды ауруға шалдықтырады. Салмағы азайып, күш-қуаты әлсірейді. Тіпті, жүйке жүйесі бұзылады. «Ципротерон» дәрісін қолданған қылмыскер 9 айдың ішінде бедеулікке ұшырауы мүмкін.

20 жылға жуық еңбек өтілі бар павлодарлық уролог-дәрігер Евгений Орсагош аталмыш дәріні тәжірибесінде қолданып көрмегенін айтады.

- «Ципротерон» екпесінің құрамын медициналық-зерттеу орталықтарының мамандары білуі тиіс. Өз тәжірибемде мұндай дәріні қолданып көрмедім. Бірақ химиялық кастрация арқылы  педофилия дертін жеңеміз деп ойламаймын, - дейді уролог.

Мұндай пікірді психолог мамандар да айтады. Себебі педофилия – аурудың асқынған түрі. Оны толық емдеп шығу мүмкін емес.

- Педофилия - психикалық ауру. Педофилді маньякқа теңеуге болмайды. Себебі екеуінің мағынасы әртүрлі. Маньяк жыныстық қатынаста жас талғамайды. Ал педофил тек баланың тәніне құмар болады. Бұл эмоциялық тәуелділік  іспетті. Мұндай адамдарды емдеу қажет. Химиялық кастрация оның бойындағы ауытқушылықты одан әрі өршітеді. Мәселен, қолыңыз қышып кетті делік. Кез келген адам мұндайда қаситыны белгілі. Ал педофилдерді екпемен тұншықтыра берсек, керісінше психикасы бұзылып, бәрібір өз ойын іске асырады. Себебі олар – ауруға шалдыққан жандар. Сондықтан оларды емдеген жөн, - дейді павлодарлық психолог Клара Бәйтенова.

9,6 млн. теңге

Биыл Қазақстанда химиялық кастрация шарасына 9,6 млн. теңге қаржы бөлінген. Дәрінің 1 ампуласы - 4 мың теңге тұрады екен. Жоғарыдағы қаржының 2 млн. теңгесі педофил көп кездесетін Қарағанды облысына бөлінген. Аталмыш дәрінің күші 3 айға ғана жарамды. Қылмыскер әрбір 3 ай сайын түрмеде, бостандықта жүрсе тіркеуге алынған емханада екпе жасатады. Сонда бір адамға қанша шығын кететінін есептей беріңіз.  Заңгер Сабина Шапенова аталмыш мәселе жөнінде былай дейді:

- Химиялық кастрация жазасы АҚШ-та жақсы жолға қойылған. Ондағы тұрғындар педофилдердің аты-жөні мен тұрғылықты жерін жатқа біледі. Мұндай қадамға барған қылмыскерлер мектеп пен балабақша сынды мекемелерден алыстатылған. Өкінішке қарай, біздің елде білікті мамандар аз. Қамауда отырған адам ашуын іште жинай береді. Түрмеден босап шыққандардың 97 пайызы бұл әректтерін қайталайды. Сондықтан уақытша егілген дәрі үшін  қыруар қаржыны шашудың қажеті жоқ деп білемін. Екпеден гөрі қылмыскерге жаза мерзімін көбейткен дұрыс, - дейді ол.

Павлодар қаласының тұрғыны, 4 баланың анасы Әлия Көпбаева ұл-қызының тағдырына алаңдайтынын айтады. Оның сөзінше, кішкентай балаға зорлық-зомбылық көрсету – айуандықпен тең. Мұндай адамдарға аяушылық танытпау керек. Осындай жағдайдың құрбаны болған баланың жүйке жүйесі өзгеріп, тағдырына балта шабылады.

- Бұл - ғұмырлық трагедия. Педофилді қылмыс жасағаннан кейін емдеу – қате пікір. Азғындарды алдын ала бақылауға алу қажет. Яғни, педофилдердің тізімін қоғамға қауіп төндірмей тұрып анықтап, ем шараларын жүргізсе болады. Ал күллі бір әулеттің шырқын бұзған қылмыскерді емдеудің не қажеті бар? Сәбиге зорлық жасағанның өмірі түрмеде өтуі тиіс. Оларға бостандық атауы қарастырылмауы тиіс, - дейді ата-ана.

Бәленің басы - бақылаусыз бала

Құқық қорғау саласының мамандары аталмыш мәселеге ата-ана салғырттығы да өз әсерін тигізетінін айтады. Әр балаға ата-ана тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінсе, жоғарыдағы жағдайлардың алдын алуға болады.  Қазіргі ата-аналардың көбі жұмысбасты. Тіпті, жұмыс барысында балабақша мен мектептен балаларын алып кетуге де уақыт таппайтын ата-аналар да кездескен. Осындай салғырттық жоғарыдағы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда кез келген ұстаз, тәрбиеші жұмыс уақыты аяқталған соң, баланың ата-анасы келмесе, 102 нөміріне қоңырау шалуға міндетті. Ата-анамен полицейлер жұмыс істейтін болады. Егер бала түнгі сағат 22.00-де ойын-сауық орындарында ата-анасының қарауынсыз жүрсе және сағат 23.00-де көшеде жалғыз қалса, ата-аналар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 442-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Павлодар облысында зорлық-зомбылық әрекеті үшін сотталған педофилдердің нақты санын анықтау үшін құзырлы органдарға сауалнама жолданған болатын. Алайда мұндай мәлімет құпия түрде сақталатын болғандықтан, жауап ала алмадық.

Түйін:

Заң биыл ғана күшіне енді. Одан жағдай түзеле ме? Уақыт көрсетер... Қалай десек те, бала өмірін өксіткендер жазасыз қалмауы тиіс.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz