Аймақ басшысы Болат Бақауовтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтылғандай, өткен жылы кәсіпкерлерге өндірістерін қаржыландыруға, жаңғыртуға, өнім көлемін арттыруға жалпы алғанда 2,7 млрд. теңге сомасында қаржы берілді. Сондай-ақ, 2,6 млрд. теңгеге бизнес нысандарына қажетті инженерлік коммуникация желілері тартылды. Бұл да айрықша көмек екенін кәсіпкерлер ертеден бағамдап үлгерген. 2017 жылы желілер тарту бойынша жәрдемді «Гермес БТА» ЖШС, «Рамазанов» ШҚ; «ФерроТрансТрейд» ЖШС, «Ақтоғай-Агро» ЖШС, «Ертіс ТШ» серіктестігі пайдаланған. Сондай-ақ, «Фирма Партнер Плюс» ЖШС-іне әуе арқылы жүргізілетін электр желісін салуға алғашқы кезеңмен 530 млн. теңге ұсынылды.

Жалпы, Павлодар облысы аталмыш бағдарламаны орындау бойынша жыл сайын республикада алғашқылардың бірі болып келеді. Бағдарламаның іске асу кезеңінен бастап (2011 жылдан) 831 жоба мақұлданған, бұл - Шығыс Қазақстан облысынан кейінгі екінші орын.

Бүгінде кәсіпкерлік саласында облыстың әрбір 6–ншы тұрғыны нәпақасын тауып келеді. Өнімділікті көтеру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөнінен 1 млрд. 300 млн. теңгеге 200-ден астам шағын несие үлестірілді. Бүгінде кәсіпкерлік саласында жұмыспен 25 мың адам қамтылған десек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көргендер саны – 5 мың адам.

Осы аталған көрсеткіштерден-ақ аталмыш бағдарламаға өзгерістер енгізу мәселесі Павлодар облысы үшін қаншалықты маңызды екенін бағамдауға болады.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің хабарлауынша, бұл орайда Үкіметтің қаулысы қабылданған. Өзгерістер мемлекеттің қолдауына қол жеткізе алатын кәсіпкерлер санын арттырады деп жоспарланған.

Негізінен, өзгерістер бизнестің санатына, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар мен қолдау құралдарының шартына қатысты енгізілген. Осылайша, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында және өңірлердегі бизнесті дамытуға бюджет қаржысының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін бағдарламадан ірі кәсіпкерлік субъектілері алынып тасталды.

Жаңа редакция бойынша бағдарламадан облыс пен қалалық әкімшіліктер жанында жұмыс істейтін Өңірлік үйлестіру кеңесі (ӨҮК) қажет етілмейді. Енді шағын жобалардың несиесіне субсидия беруде шешімді «Даму» қоры қабылдайды. Сомасы 180 млн. теңгеден аспайтын несиелерді қор 5 жұмыс күні ішінде қарастырса, 180 млн. теңгеден астам несиелер бойынша шешімді бірыңғай бағдарламаның Өңірлік үйлестірушісі 21 жұмыс күні ішінде қабылдайды. Кепілдендіру құралы бойынша қолданылып келген дәл осындай әдіс шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде өте тиімді екенін көрсетті.

Кепілдікті тоқтату шарттарына қойылатын талаптар да жеңілдеді. Ол бойынша енді несие 100% мақсатты түрде жұмсалмаған жағдайда ғана кепілдік беру тоқтайды.

Сондай-ақ, бір кәсіпкердің қолына тиетін несие субсидиясының сомасына да өзгеріс енді. Ол 4,5 млрд. теңгеден 2,5 млрд. теңгеге дейін азайды. Дегенмен несие мөлшерлемесін субсидиялау мерзімі бұрын үш жыл болса, қазір ұзартусыз бес жылға өзгерді. Берілетін кепілде-менің мерзіміне шек қойылмайтын болғандықтан, енді кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспайды.

Сонымен қатар, бағдарлама бойынша субсидияланатын немесе кепілдік берілетін несиенің тұрақты бекітілген максималды мөлшерлеме-сінің орнына өзгермелі мөлшерлеме енгізілді. Субсидия Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5 пайызға ұлғайтылған номиналды сыйақы мөлшерлерлемесі бар несиелерге беріледі. Оның 30-50 пайызын үкімет саласына қарай субсидиялайды, айырмасын кәсіпкер өзі төлейді. Кепілдік шарт бойынша өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі бұрынғы кесте бойынша, яғни ҚР ҰБ базалық ставкасы +5% деп есептеледі.

Бюджетке төленетін салық көлемінің артуымен байланыстырылатын тиімділік критерийі де алынып тасталды. Енді Бірыңғай бағдарламаға қатысу шартына сәйкес, кірісті арттыру мен жаңа жұмыс орнын ашу талаптарына сай келсе болғаны. Бағдарламаның бұрынғы редакциясында жоғарыда аталған талаптармен қатар, оң шешім алғаннан кейін екі жыл өткен соң салық түсімін 10 пайызға арттыру да талап етілетін. Бұл көп кәсіпкер үшін кедергі еді. Бір айта кетерлігі, айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиелерге тиімділік критерийі талап етілмейді.

Қонақүй немесе қонақүй кешендерін сатып алу бағытында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар да ыңғайлы бола түсті. Бұл қызмет түрі жобаларды субсидиялауды және несиеге кепілдік беруді мақұлдау кезінде Бағдарламаның шектеу қойылатын критерийлері тізімінен алынып тасталды.

2017 жылы 2 287 жоба субсидияланып, төленген субсидия 36,13 млрд. теңгені құрады. 1 065 кәсіпкер 38 млрд. теңгенің несиесі бойынша кепілдік алды (2016 жылмен салыстырғанда 112% артқан). Кепілдіктің жалпы көлемі - 15 млрд. теңге.

Жаңа талаптар павлодарлық кәсіпкерлердің тынысын ашып, тың белестерге бастайды деп сенеміз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz