Мәртебелі мейман саяси құрылымның облыстық филиалында барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың мүшелері, партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет қоғамдық кеңесінің өкілдерімен арнайы кездесу өткізді.

Шара барысында Қ.Жұмашев партия жұмысын жаңғырту жоспарымен таныстырды. Аталған жаңашылдықтың мақсаты - Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру. Бұл ретте, партиялық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі аталып өтілді.

- Партия жұмысын жаңғырту аясында біз кадрлық саясатымызға ерекше назар аударуымыз қажет. Соның ішінде, партиялық кадрлық резервті қалыптастыру, кадрлардың тұрақтылығы, партиялық жұмысқа дарынды, жас азаматтарды тарту мәселелерін қарастырдық, - деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Жұмашев.

Естеріңізге сала кетейік, партия қызметіндегі жаңа көзқарас қалыптастыру жөніндегі бағыт 2017 жылы қараша айында өткен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысынан соң жүзеге асырыла бастады. Отырыста «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев партияны жаңғыртудың қажеттілігін атап өткен болатын.

А.ЖҰМАТОВ.

saryarka-samaly.kz