– Жеңіс құтты болсын, Расул Қабдоллаұлы! Биылғы футбол маусымы «Ертіс» үшін ерекше. Клуб бірнеше жылдық үзілістен соң, Еуропа лигасында ойнау мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда, команданың жаңа маусымға дайындығы қалай?

– Рақмет. Әзірлік ойдағыдай өтті. Клуб Түркияда үш оқу-жаттығу жиынында болып қайтты. 11 жолдастық кездесуге қатысты. Трансферлік бағыттағы жұмыстарға да көңіл толады. Бапкерлер жақсы команда жасақтады. Былтырғы маусымнан командада Давид Лория, Қазбек Гетериев, Пірәлі Әлиев, Руслан Есімов, Карлос Фонсека және Серікбол Қапанов қалған еді. Биыл ұжымды Қазақстанның Ұлттық және жастар құрамаларында өнер көрсеткен тәжірибелі футболшылар толықтырды. Атап айтқанда, қазақ футболында өзіндік орны бар Александр Кислицын мен Илья Воротников «Ертістің» жейдесін киді. Жартылай қорғаушылар Аслан Дарабаев пен Илья Калинин клубпен келісімшартқа отырды.

Павлодарлық клубтың сапында Серж Бандо, Франк Джа Джедже, Стефан Живкович, Родриго Антонио, Евгений Ткачук және Исмаэль Фофана сынды легионерлер өнер көрсетеді. Жергілікті жас футболшыларды да ұмытқан жоқпыз. Валерий Леньков, Арман Смаилов және Мадияр Рамазанов сынды жергілікті футбол мектебінің түлектері «Ертістің» негізгі құрамына алынды. Жігіттер жерге қаратпауы тиіс.

– «Ертістің» алдына қойылған нақты меже қандай?

– Былтыр біріншілікті үшінші орынмен түйіндедік. Биылғы меже – сол деңгейден төмен түспеу. Сондай-ақ, УЕФА Еуропа лигасының бірінші кезеңін бағындыру. Қалғанын бара көрерміз.

– Өңір футболының дамуы туралы не айтасыз? Балалар, жасөспірімдер футболына қаншалықты көңіл бөлінген?

– Облыста барлығы 628 футбол секциясы жұмыс істейді. 232 шағын футбол және 1 жағажай футболы секциясы бар. Аймақтағы футболмен шұғылданушылардың жалпы саны – 19 061 адам. Олармен 417 жаттықтырушы жұмыс істейді.

Материалдық-техникалық база да жыл сайын жетілдірілуде. Өңірде 1 жабық манеж және 15 стадион бар. Сондай-ақ, жасанды көгал төселген 106 шағын футбол алаңы ел игілігіне қызмет етуде. Облыс орталығында футбол бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жыл сайын таланттарды үлкен спортқа қосуда. Бүгінде мұнда 800-ге жуық оқушы тәлім алады. Сондай-ақ, Павлодар қаласында 2012 жылғы мамырдан «Ертіс» футбол орталығы жұмысын бастады. Онда 6-17 жас аралығындағы 365 бала тәрбиеленуде.

Өңірде жыл сайын түрлі турнирлер ұйымдастырылады. Мысалы, мектеп оқушылары арасында «Былғары доп» додасы, Б.Кулаевты, А.Святовті, И.Вагнерді еске алуға арналған дәстүрлі турнирлер жыл сайын жүздеген футболшының басын қосады. Футбол әуесқойлары арасындағы облыс чемпионаты да тартысты өріледі.

Футбол инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінген. Былтыр 38 шағын футбол алаңы орнатылды. Биыл облысқа қарасты үш қала мен Баянауыл және Тереңкөл ауылдарында толық өлшемді футбол алаңдары пайдалануға берілмек.

– Биыл Павлодардың Орталық стадионы сенімді басқаруға берілді. Бұл қадам өзін өзі қаншалықты ақтайды?

– Енді Орталық стадионның 2022 жылға дейін дамуы «Ертіс» футбол клубына байланысты. Себебі, стадион толықтай клубтың қаражаты есебінен қамтамасыз етілмек. Нысанды сенімді басқаруға беру арқылы мемлекет биыл 37 млн. теңге үнемдейді. Үнемделген қаржы қаланың өзге қажеттіліктеріне бағытталмақ. «Ертіс» футбол клубы шарттарға сәйкес, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушыларына, спорттың І, ІІ топтағы мүгедектеріне және мүмкіндігі шектеулі балаларға футбол алаңын тегін ұсынатын болады.

 

Әңгімелескен - Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

 

Денсаулығы жақсарды

Ақпан айының соңында 18 баланың өміріне араша түскен тәртіп сақшысы Мұрат Нұрсейітов Астанаға жіберілген болатын. Дәрігерлер полицейдің денсаулығы жақсарғанын айтады.

- Науқас республикалық санитарлық авиациямен жеткізілді. Содан бері оған 2 ота жасалды. Екеуі де ойдағыдай сәтті өтті. Науқас өздігінен тұрып, жүре бастады. Жақында оған амбулаториялық ем көрсетіледі, - дейді хирургия орталығының жетекшісі Ерсін Жүнісов.

Еске сала кетейік, 17 ақпан күні Астана-Павлодар бағытындағы автобус пен жүк көлігі бетпе-бет соқтығыса жаздады. Қырағы полицейлер табан астында шешім қабылдап, қарсы беттегі КамАЗ-дың жолын бөгеді. Сөйтіп, жеткіншектерді жол апатынан құтқарды. Ауыр жарақат алған сақшының бірі жансақтау бөліміне түскен еді. Апатқа себепкер болған КамАЗ жүргізушісі кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

 

 

Суыт хабарлар желісі

2500 кг балық

Павлодарлық полицейлер 2500 кг балықты құжатсыз әкетпек болған Шығыс Қазақстан облысының 2 тұрғынын қолға түсірді. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 34 жастағы ер адам тізгіндеген «Газель» автокөлігін Кенжекөл ауылының жанында тоқтатқан. Тексеру барысында балық салынған 32 қап анықталды. Ұсталғандар балықты саудаға шығару үшін әкетіп бара жатқанын айтқан. Келтірілген шығын көлемі 376 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда аталмыш фактіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 335-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Отқа оранды

Павлодарда Лермонтов көшесі, 94 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 87 жастағы қария қайтыс болды. Тілсіз жау 1 бөлмелі үйдің 10 шаршы метр аумағын шарпыған. Оқиға орнынан 25 адам сыртқа шығарылды. Қызыл жалын туралы хабарлама кезекшілік бөлімге таңертеңгі сағат 10.00-де түскен. Өртті ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 21 адам және 7 техника бірлігі жұмылдырылды. Қазір өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

 

 

Үйренеріміз бар тұлға

(Мақажан Несіпбайұлы туралы толғаныс)

«Өткенді ұмыту – өшкендік, өткенді ұмытпау – өскендік» деген халық даналығына ой көзімен қарасаң, қаншама тамыры тереңде жатқан философия екенін пайымдайсың.
Биыл наурыз айында облыс орталығында тұңғыш ашылған қазақ мектеп-интернатында аға тәрбиеші, тәрбие ісінің меңгерушісі, 1986 жылдан 2007 оқу жылына дейін мектеп директоры қызметін атқарған Жылқыбаев Мақажан Несіпбайұлы 80 жасқа толып отыр.

Елі құрметтеген, халқы сыйлаған ұстаз-басшыны нұрлы тойымен құттықтаймыз. Арпалысқа толы еңбек жолдарының жемісін де, жетістігінде қызықтап жүріп, қиыншылығын мойымай жеңіп, аянбай еңбек еттік. Қазір де еңбек бейнетінің зейнетін көріп, қарттық ауылының рахаты мен бақытын жансерік еткен зейнет-керлерміз. Мақажан Несіпбайұлымен бірге еңбек еткен себепті де, ұстаз басшының ерен еңбегіне, ұйым-дастыру шеберлігіне, іскерлігі мен ізденімпаздығына, психологиялық танымының ұшқырлығына куәгер болғанымызды жасырмай, үлгі ретінде айтқанды жан көрдік.

Мақажан Несіпбайұлы №3 мектеп - интернаты атанатын білім ордасын небары 10 жыл дересінде гимназия-интернатқа, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатының мәртебесіне айналдырды.

Білім шаңырағы сайыс-конкурс-тарда білім беру сапасы бойынша жеңімпаз атанды; облыстық сайыс-конкурсында «Жылдың үздік интернаты» грантын иеленді; ал республикалық сайыс-конкурсында «Жылдың үздік интернатының» ІІ дәрежелі дипломына ие болды.

Білім шаңырағының атақ-даңқы республика көлемінде мақтауға лайықты деп есептелді. Сонымен қатар, заман ағымына орай, дәуір талабына сай ұлт қажеттілігі ойластырылған оқыту-тәрбиелеу үрдісінде үздіксіз даму үстінде болды. Тәуелсіздіктің ақ таңы да ұлт мектептерінің қадымдап алға басуына жол ашты. Сол мүмкіндікті іскерлігімен, зергер басшылығымен Мақажан Несіпбайұлы биік мәрте-белерге жеткізді. Білгір басшы шәкірттердің білімі сапалы, мәде-ниетті әрі рухани дүниесінің бай, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре білу жолдарын әрқашан назарында ұстады. Егеменді елдің білімді де білікті, өрелі де өнерлі, дарынды да талапты, талантты ұрпағын тәрбиелеу ісіне педагогикалық ұжымды жұмылдыра білді.Әр шәкіртке ағасындай ақыл айтуы, жанашырлық қамқорлық көрсетуі де ерекше-тін. Интернатымызда болғандар бүкіл мектеп ішінің тазалығы мен әсемдігіне, шәкірттеріміздің тәртіптілігі мен ізеттілігіне таң-тамаша қалатын. Бұл мадақтар - сөз жоқ, тамаша ұйымдастыра білу өнерінің жемісі. Мақажан Несіпбайұлы – шебер ұйымдастырушы. Өнер мен өмірге өзіндік көзқарасы дайын емес, білімі оқумен, тоқумен толысатын жас өрімге қандай тәрбие қажет екенін бағамдаған басшы. Ол педұжымды нұрлы мұраттарға жұмылдыра білді, ол – білім ордасын басқару ісінің жаңаша ұстанымдарын, тетіктерін тамаша меңгерген басшы. Әрине, бұл – оның тәрбие саласының сан алуан баспалдақтарынан өтіп, өрлеу сатысына жетудің қыр-сырын тапжылмай зерделей білуінің нәтижесі. Мақажан Несіпбайұлы – жаны жайсаң, адамгершілігі мол басшы. Мектебіміздің жаңа типтегі мектеп болуына орай жас ұстаздар көп келді. Олардың кәсіби маман-дығының шыңдалуына, тез арада кәсіби шеберлікті меңгерулеріне бар жағдайда жасап, қамқорлыққа алды. Осы орайда Мақажан Несіпбайұлының басшылық бітім– болмысынан дана халқымыздың ғибратқа толы игі қасиеттері, ұлттық тәрбиенің басымдығы байқалады.

Еңбегі еленіп, ол «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ұстаз» атағымен, «Құрмет белгісі» орденімен, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен, Тәуелсіздіктің 10 жыл-дығы, 20 жылдығы, 25 жылдығы мерекелік медальдарымен марапат-талған, «Павлодар қаласының Құрметті азаматы» атағын иемденуші ұстаз-басшы. Ол - еңбегімен ел құрметіне бөленген жан. Оның адамгершілік асыл қасиеттері – жас ұрпаққа үлгі.

Түгел ойдың түйіні: Мақажан Несіпбайұлын нұрлы тойымен құттықтай отырып, деніне саулық, өнегелі ісіне өріс, ұзақ әрі бақытты ғұмыр тілейміз.

Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатының ардагер ұстаздар қауымы.

(281).

 

irstar.kz