Сөйтіп, биліктегілердің араласуымен, компанияның өнімін тұтынатын кәсіпорындардың отандық өнімді алуға бет бұруының нәтижесінде екібастұздық өндіріс орнына «жан бітті».

Былтыр қараша айының 11-інде қайта қарқын алған кәсіпорын өткен жылы – 88, биыл қаңтар айында 108 вагон шығарып үлгерген. Кәсіпорынның қазіргі тынысымен таныстырған компания директорының өндіріс жөніндегі орын-басары Берікбай Әміржановтың айтуынша, бұл қарқын әлі де үдей түседі. Себебі, қазір өндіріс орны екі ауысыммен жұмыс істеп жатса, наурыз айында төрт ауысымдық жұміс кестесіне көшпек. Бүгінде күніне бес вагон құрастыратын зауыт енді тәулігіне он вагонды тұтынушыға жөнелтуге мүмкіндік алады.

- Қазіргі таңда 400-ден аса жұмысшы қызмет етеді. Тапсырыстың көптігіне байланысты әрі төрт ауысымдық жұмыс кестесіне көшетіндіктен, алдағы айды тағы 400-ге жуық адамды жұмысқа қабылдаймыз. Қызметкерлердің қазіргі күні орташа жалақысы - 111 мың 800 теңге, наурыз айынан бастап бұл сома 150-170 мың теңгеге жетеді деп болжанып отыр, - дейді Б.Әміржанов.

Иә, биыл аталмыш өндіріс орнының тұрақты жұмыс істеуіне толық негіз бар. Өйткені жыл бойына жұмысшылар 2400 вагон құрас-тырып, тұтынушыларына жөнелтуі тиіс. Компанияның бас директоры Сүйіндік Қуандықовтың мәлімдеуінше, биылға «ҚазТемірТранс» ЖШС 800, «БРК-Лизинг» 1300 және «GE Logistics» 300 вагонға тапсырыс берген. Тағы бір айта кетерлігі, тұралап қалған зауыттың қатарға қайта қосылуына мемлекеттік бағдарлама аясында лизингтің бөлінуі айтарлықтай демеу болып отыр. Тапсырыс берушілер Қазақстан Даму Банкі арқылы несие алып, сол қаражатқа Қазақстан вагон құрастыру зауытының өнімдерін ала алады.

Бұған дейін облыс әкімі Болат Бақауов екібастұздық тағы бір кәсіпорын «Богатырь Транс» ЖШС вагондарды Ресейден емес, «Қазақстан вагон құрастыру компаниясынан алуы керек деген еді. С.Қуандықов зауытта шығары-латын өнімнің ерекшеліктері мен бағасы бойынша ақпараты бар коммерциялық ұсыныс жасалғанын айтты. Алайда «Богатырь Транс» әлі үнсіз жатқан көрінеді.

Ең бастысы, вагон құрастыру компаниясы биыл ғана емес, алдағы жылдары да тұрақты жұмыс істейді деп нақты айтуға болады. Себебі кәсіпорынға ұзақ мерзімді тапсырыс түсті. Яғни, «ҚазТемірТранс» ЖШС 10 мың вагонға өтініш білдірген. Бұл көлемді екібастұздық кәсіпорын бес жылда орындайды. Тапсырыс көбейгенмен, компания алғашқы бес жылында түскен табысын бұған дейін жиналған берешегін өтеуге жұмсамақ.

С.Қуандықовтың айтуынша, зауыт құрылысына банктерден алынған қарызы әлі кәсіпорынның мойнында тұр. Яғни, АТФ-банкке 3,5 млрд. теңге өтеуі тиіс. Одан бөлек, тауар жеткізушілер алдындағы берешегі тағы бар. Бұл – 5 млрд. теңге. Оған қоса, қазір еңбек етіп жатқан жұмысшыларға жалақы, зауыттың түрлі шығындарын төлейді. Айта кетейік, тоқырауға дейін еңбек еткен жұмысшылар алдында өндіріс орнының қарызы жоқ. Осылайша, алғашқы бес жылда кәсіпорын таза табыс көрмеуі мүмкін. Есесіне, осы аралықта еңсесін тіктеуге мүмкіндік мол.

Облыс әкімі Болат Бақауов екібастұздық компанияның тұралап қалуына мұнда өндірілетін вагондар бағасының бәсекеге төтеп бере алмауы себеп болғанын айтқан еді. Мұны кәсіпорынның бас директоры да растап отыр. Айтуынша, екібастұздық бір вагон 15 млн. теіге тұрады. Яғни, құны ресейлік вагондардан 10 пайызға артық. Олай болуының өзіндік себебі бар. Біздегі кәсіпорында шығарылатын вагондарға қажетті материалдардың елу пайызы Ресейден алынады. Сондықтан да баға сәл қымбат. С.Қуандықов қажетті бөлшектер толығымен Қазақстанда өндірілсе, қуанар едік, дейді. Бірақ әзірге вагон құрастыруға қолданылатын арнайы профильдер елімізде шығарылмайды. Тек алдағы уақытта Өскемендегі «Востокмаш» кәсіпорнында вагонның бүйірлік жақтаулары мен арқалықтары шығарылатынын естігенін айтты. Бұл да екібастұздық компаниядағы өндіріске өзіндік оң әсерін тигізері сөзсіз. Яғни, мұндағы вагондарды құрастыруға қолданылатын отандық өнімнің үлесі артады. Сәйкесінше, бағаның да өзгеруіне әкелуі әбден мүмкін.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz