- Шырағым, «Қазығұрттың басында кеме қалған» дегенді естуің бар ма? Бұл - қай заманнан бері ел аузында айтылып келе жатқан аңыз-әңгіме. Ал аңыз түбі – ақиқат. Міне, қазақ үшін, жалпы, қай халық үшін де қасиетті мейрам саналатын Наурыз Нұх пайғамбардан басталған. Бұл уақытта Күн мен Түн теңеліп, табиғат пен тіршілік иелері түлейді, қара жер бусанады.

Жаңағы айтқан Нұх пайғамбарға дейін де Жер бетінде тіршілік болған, түрлі себептерге байланысты құрып кеткен дейді. Бәрі Жаратушының әмірімен болған іс қой. Қош. Сонау замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан аңыз бар Наурыз хақында. Сол аңызды бала күнімнен естіп өстім. Кейін оқыдым, естігенімді толықтырдым, жадымда қалды... Ол былай болған. Жер бетін топан су басарда Алла Тағаладан Нұх пайғамбарға әмір жеткен дейді. «Нұх пайғамбар екенің рас болса, керемет-құдіретіңді таныт, көрсет. Жер бетін топан су басқанда тіршілік иелерін сақтау керек. Ол үшін ағаштан кеме жаса, оған жер бетіндегі бүкіл жандарды топтастыр» дегенде, Нұх пайғамбар: «Мен кемені қалай жасаймын?» дейді. Сонда Жаратушы иеміз: «Саған кеменің бір шегесіне дейін Жебірәйіл періште көрсетіп тұрады, соны жасайсың. Содан кейін жер бетіндегі он сегіз мың ғаламның бәрінің ұрығын осы кемеге алып шығасың» дейді. «Оны қалай жасаймын, қайтіп сыйғызам? Пілді, аюды не істеймін?» дегенде, Алла Тағала: «Сен ағаштан кемені жасағаннан кейін кеме кеңейеді, сосын бүкіл тіршілік иелері өзінен өзі-ақ сыйып кетеді» дейді. Сонымен періштелердің көмегімен бүкіл жан иесін - еркек-ұрғашысын жаңағы кемеге әкеліп, ұйықтата берген. Ең соңында азықты қайтем дегенде, Алла Тағала құмырсқаға әмір еткен. Құмырсқа жиған-терген азығының бәрін топан су келгенге дейін кемеге тасып үлгерген дейді. Сонда құмырсқа, шыбын-шіркей, жәндік атаулының бәрі кемеге тиелген. Ол жай кеме емес, ол - Алланың құдіретімен бумен жүретін кеме болған дейді.

- Иә, ата, Наурыздың Нұх пайғамбарға қатысы болғандығы жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да жазбаларында кездеседі.

- Дұрыс, жаңа айттым ғой, аңызда ақиқат бар деп... Нұх пайғамбардың 3 баласы болыпты. Қапас деген баласы шешесімен екеуі Нұх пайғамбардың айтқанына көнбей қойып, содан топан суға кетіп өлген екен. Пайғамбардың Қапас деген баласынан басқа Сам, Қам, Япаш деген балалары болған, Самнан ақ терілі адамдар, Қамнан қара терілі адамдар, Япаштан түркі тұқымдастар тараған. Осы үш баласы, пайғамбардың ұрпақтары, басқа да тіршілік иелері топан суда Алла әмір етіп жасатқан кемемен жүзіп жүрген. Кей деректерде кеме 6 ай жүзген десе, кейбірінде су үстінде 150 күн қонақ болған дейді. Күндіз-түні жүзіп, қара жерді іздестіргенде, жол көрсетуге Алланың әмірімен түнде көзі жақсы көретін Үкі құсты ұшырады. Бұдан кейін енді Қарғаны да ұшырады дейді. Қарға ештеңе таппай қайтып оралғанда, Көгершінді жіберген екен. Сонда Көгершін көк жапырақ алып келіпті. Содан бұл құс Нұх пайғамбардан бата алған екен. Ал негізі Көгершін - адамға жақын құс. Неге дегенде, Адам Ата мен Хауа ананың алғашқы баласы Көгершін болған, ол қыз бала екен. Ол туғаннан бастап Адам Ата мен Хауа Ана «мен алам», «жоқ, мен алам, бұл менің балам, маған тиесілі» деп таласқанда Алла Тағала оны Көгершін құсқа айналдырып жіберіпті. Оның адамға жақындығы содан қалған, тегі адамнан жаратылған дейді. Содан жаңағы топан суда жүзіп жүрген кемеге Үкі құс жол көрсетіп, Жерге жеткізген, ол жер – Қазығұрт тауы екен. Нұх пайғамбар «Бізді құрғаққа шығарды, жерге бастап әкелді» деп Үкінің қауырсын, қанаты, сыртына әр түрлі дұға салып қоя беріпті. Үкінің сыртындағының бәрі Құранның сөздері. Оны ешкім оқып, анықтай алмайды. Сондықтан Үкіні қасиетті құс деп есептеген қазақ оны өлтірмейді, бір талын ғана алып, қадап жүретін ырым содан қалған. Бәле-жала жуымайды деп нәрестенің бесігіне де Үкінің қанатын қадап қоятын болған.

Сөйтіп, Алланың әмірімен Нұх пайғамбардың кемесі ішіндегі тіршілік иелерімен бірге Қазығұртқа барып тоқтаған екен. Сол уақытта Күн мен Түн теңеліп, тіршіліктің тағы бір жаңа дәуірі басталады.

- Содан...

- Нұх пайғамбардың бір ұрпағының есімі - Наурез. Наурез - үш баласының бірінен туған пайғамбардың немересі.

- Сонда... Ұлыс күн пайғамбардың осы немересінің есімімен байланысты болғаны ма?

- Аңызда солай дейді. Наурез ақылды, небір сырқаттың ем-домын білетін сұңғыла, қасиеті бар адам болған деседі. Осы Наурез кеме тоқтағаннан кейін әкесіне келіп: «Біз Алланың бұйрығымен жерге келіп жеттік. Жаңа өмірдің ұрығын аман-сау алып қалдық. Осыған бір тілеу жасайық» депті. Сөйтіп, кемедегі тіршілік иелерінің бірінен дән, бірінен тұз, бірінен бұршақ табылып, оның бәрін жинап, үлкен тайқазанға салып, Алланың 99 атын айтып, мінәжат етіп, құлшылық жасаған. Сонда Алла тағала Жебірәйіл періштеге тапсырма береді: «Кемедегілер жер бетінде менің тіршіліктің кіндігін алып қалғаныма разы-қош болып, той жасап жатыр. Қазандарына Кәусар суынан бір тамшы тамыз. Менің құдіретімді көрсін, қазандары, ас-суларының көлемі үлкейсін» дейді. Сөйтіп, молайған сол дәм – көжеден кемедегі тіршілік иелерінің бәрі дәм татыпты. Осы дәм-көжені істеткен Нұх пайғамбардың Наурез атты немересінің есімімен Наурыз көже, Тілеу көже атанған. Нұх пайғамбар Сам, Қам, Япаш деген балаларына «енді өз беттеріңмен күн көріп, тіршілік жасаңдар» деп әрқайсысына адамдарды ертіп қоя берген екен. Кеме Қазығұртқа тоқтағаннан кейін-ақ топан су төмен түсіп, жаңа тіршілік басталған. Мұның бәрі де Алланың әмірімен, пайғамбарлардың ықыласымен болған істер ғой. Ұлыс күн – Наурыздың қасиеті осында! Дүниеде қандай да бір іс болмасын, бәрі де Алланың бұйрығымен болады. «Ойды ой қозғайды» демекші, мысалы, біздің қазақ қасиет тұтатын шөптер бар. Ол да тегін емес. Айтайын ба?

- Әрине, айтыңыз!

- Арша, адыраспан киелі өсімдіктің қатарынан саналады. Аршаны қастерлейтін себебі, Адам Ата мен Хауа Ана пейіштен қуылып, жерге тыр жалаңаш түскенде екеуі аршаның түбіне жасырынған екен. Інжір деген ағаш Хауа Анаға ұятты жеріңді жап деп бес жапырағын береді, Адам Атаға үш жапырағын береді. Мұсылманда қайтыс болған әйел ақиретінің бес қабат болатыны, еркек киімінің үш қабат болатыны содан қалған тәмсіл екен. Аршаны, інжірді қадірлейтініміз содан қалған. Адыраспан деген шөп бар. Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбар соғысып жүргенде жау келіп қалып, аттарын босатып жібергенде, пайғамбардың аты адыраспанға оратылып қалыпты. Адырас-пан - Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбардың батасын алған шөп дейді. Пейіштен Адам Ата мен Хауа Ана неге қуылды? Жеуге рұқсат берілмеген бидайды шайтанның азғыруымен жеп қойған екен. Пейіште жеген жемістің бәрі сіңіп кетеді екен, суы термен шығады, қиы кекірікпен шығады, ал енді бидайды жеп қойғанда одан шығатын қи ондай болмағаны ғой. Бидай бұрын жеген ас емес, жерге түскеннен кейін Адам Ата мен Хауа Ананың асқазаны қорытпай, отыз күн тамақ ішпейді. Міне, отыз күн ораза содан қалған дейді. Отыз күн ас ішпей, ашығып жүріп, Аллаға құлшылық етіп, жалбарынады. Алла тағала нанды және малдың сүтін қатты қадірлейді. Нанды қадірлейтіні мынадан: дәнді егіп, баптап, өсіріп, бастырып, алдымызға нан болып келгенге дейін қыруар еңбек жұмсалады емес пе? «Нанды баспа» дейтіні сол. Мысалы, Ибраһим пайғамбар: «Менің дәулетім асып кетті, о дүниеде мына дүниенің бәрі мені шаян болып шағатын болды, мұның бәрін қайтем мен?» деп Аллаға жалынғанда: «Сен ылғи нанның қоқымын теріп жеп қоясың, шашып тасташы, сонда аз күнде дәулетің жоқ болады» деген екен. Қазір ғой нан қоқымын далаға тастап, итке, құсқа беріп қорлайды. Нан дегенің - ырысың, дәулетің. Оның бір түйірін де тастауға болмайды. Малдың сүті дегенде... «Алла Тағала, саған осы ажал бар ма, өлесің бе?» деп сұрақ қойылғанда: «Жоқ, маған ажал жоқ, өлгем де жоқ, тірілгем де жоқ, туғам да жоқ, туылғам да жоқ. Бірақ мен ақ тамақты төккенде бір өліп, бір тірілем» деген екен. Сонда мал сүтінің өзінде де керемет қасиет болғаны ғой. Шынымен, мал сүті адамды көп дерттен айықтырады.

- Астың қадірін біліп, астамшылық жасамау керек дейсіз ғой... Ата, Наурызға қайта оралсақ...

- Қош. Наурыздың тарихы 5 мың жылдан асып кетті. Мен ертеректе қытай жағынан бір ғылыми кітап оқыдым. Қазақтардың қайсыбір елдің тілінен аударған кітабы екен. Кітапта «Наурызға 4500 жыл болды, ал осы кітап жазылғалы 500 жыл болды» делінген. Сонда Наурыздың Наурыз болғанына 5 мың жылдан асты. Алайда адамдардың арасында бұл күн жайлы тек жылдың аяғы, жаңа жылдың басы деген түсінік қана қалыптасып қалған. Шын мәнінде бұл жердің бетінде бүкіл тіршілік – он сегіз мың ғалам ұрығының аман-есен келгендігінің мерекесі деп қабылдаған ләзім. Жаңа айтып өттім, Нұх пайғамбардың Наурез деген ғұлама немересі болған деп... Осы Наурез үш жаңалық ашқан. Оның бірі – Наурыз көже, Тілеу көже болса, екіншісі – Тасаттық, яғни Тас аттық. Нұх пайғамбар үш баласын адамдармен тіршілік етіңдер деп қоя бергенде бір тасқа жазылған дұғаны Самға беріп: «Сен басыңа қиындық іс түскенде мына тастағы дұғаны оқысаң, саған көмек болады, қауіп-қатерден алып қалады» дейді. Содан Сам күндердің бір күнінде соңына ерген жұртымен бір қарағай орманның шетіне келгенде күн жарқылдап, найзағай түсіп, өрт шығады. Қарағай өртенгенде Сам тастағы әлгі дұғаны оқиды. Сонда дереу қалың нөсер жауып, өрт басылады. Тасаттық деген содан қалған. Тас аттық дегені, тасқа жазылған дұға ғой. Жаңбыр жауғызатын, Алладан тілек тілейтін дұға екен! Енді бірі - Арасан. Арасан - жер бетіндегі Алланың құдіретімен пайда болған шипа су. Арасанның дауа болмайтын, шипасы болмайтын сырқат жоқ. Сол судың ішінде Алтын арасан, күміс арасан, сынап арасан, көздің арасаны, мидың арасаны деген түрлері бар. Бастапқыда Орасан деп аталған деседі. Моңғолияның Баян Өлгей аймағында Арасан тауы деген тау бар. Арасан суы сонда ағады. Ол - 70-тен астам ауруға ем болатын қасиетті су. Аяғын баса алмай қалғандар, түрлі дерті бар адамдар Арасанға барады. Осы аймақтан да барып, емделіп қайтқандар көп. Сол судың Ұшық арасан дегені бар. Табиғаттың өзінен пайда болған үш қабырғаның үстінен су бүркіп тұр. Соған ұшықтатып алып барып емделеді. Таудың үстінде ақ бас бура тас бар. Соны Арасанның иесі дейді. Міне, түрлі сырқатқа ем болатын шипалы су осы Арасанды Наурез ашқан. Бұл оның үшінші ашқан жаңалығы деседі. Қазір ол жерде санаторий бар, дәрігерлер жұмыс істейді. Бұл жерге сау адамдар бармайды, барса, ұшынып, сырқат жұқтырып қайтады екен.

- Ұлыс күнін Әз Наурыз дейміз ғой, ата, осындағы Әз сөзі туралы әркім әрқилы айтады.

- Сен Әз ана деген сөздің мағынасын білемісің? Ол – шешенің шешесі, яғни үлкен Ана дегенді білдіреді. Сонда Әз Наурыз деген – ең үлкен, ең ұлық мереке, бұдан үлкен мереке жоқ, бұл мерекелердің мерекесі дегенді білдіреді.

- Солай ма!? Тағы бір сауал: қазір жер-жерде Наурыз мейрамында «Бесікке салар», «Тұсау кесер» жасауды әдетке айналдырып алды. Мұның дұрыс еместігін талай рет газетте жаздық та. Бірақ аудан, ауыл, тіпті осы қаланың өзінде кей мекемелерде осы бір отбасылық салтты көрсетуден жалықпаймыз. Осы дұрыс па?

- Пәлі (күлді), бұл Наурыздың ұлықтығын шала-шарпы білетіндердің о баста бастаған ісі ғой. Баланы бесікке салу, сүндеттеу, тұсауын кесу дегенің – жай ғана отбасында жасайтын ырым, дәстүр. Оның Наурыз мейрамына ешқандай қатысы жоқ және оны жасау да ретсіз. Әрі бір тойды бір тойға апарып телігеннен, сахнада көрсете бергеннен не ұтамыз? Мұны әр мұсылман отбасы үйінде жылдың кез келген уағында жасай беретін өз тіршілігі емес пе?! Ал Наурыз – тіршіліктің, амандықтың мерекесі, тілеу тілейтін мереке! Осыны ұғыныңдар!

- Биылғы Ұлыс күнінде Ит жылы енбек!

- Иә, биылғы жылы Сары Ит жылы енеді. Жалпы, әр жыл төрт түсті болмақ: ақ, қара, сары, көк. Әрқайсысы 48 жылда бір келеді. Яғни 12 жыл айналады. Биылғы Сары Ит жыл 48 жылдан кейін келіп тұр. Олардың әрқайсысының ерекшелігі, қасиеті бар. Ол - өз алдына үлкен бір әңгіме. Анық-қанығын білмегеннен кейін жұртшылыққа жалған айтып, адастырмайын. Одан да, біле жүріңдер, мынаны айтайын, осы туған күн дейміз, жыл сайын туған күнді атап өту деген бар. Қазақта мұндай бұрын болмаған. Өйткені әрбір адам нақты өзінің туған күнінен, яғни өмірге келген күнінен кейінгі жылдардағы туған күнін көрмейді, білмейді. Минут, сағат, күн, түн сәт сайын алмасып отырады. Мысалы, қазір ХХІ ғасырда Жер өз осінен ауытқып барады. Бұл климатқа қатты әсер етеді. Табиғат өзгерді, ауа райы бұрынғыдай емес дегенді естиміз, мұның мәнісі сол. Жер өз осін айналғанда бір күн өтеді, Айды айналып шыққанда бір ай, екеуі бірігіп Күнді айналғанда бір жыл өтеді. Жер Күнге жақындағанда ауа райы жылиды, алыстағанда суытады. Осындай қозғалыс үстінде сағат, күннің ұзару, қысқару жағдайы өзгереді. Мысалы, былтырғы, одан арғы жылғы 19 ақпан мен биылғы 19 ақпанның арасында айырмашылық көп. 2000 жылдың 19 ақпанында туған адам биылғы 19-ын туған күнім дейді, ал шын мәнінде табиғат, ай мен күн, уақытқа салып есептегенде ол сәйкеспейді. Жалпы, мұның да мәнісі тереңде жатыр. Ал қазіргі адамдар еуропалықтарға еліктеп, туған күндерін өздерінше атап өтіп жүр, ол дұрыс емес.

... Мен - Меккеге қажылыққа барған адаммын. Қағбаны көрдім. Қағба – жер бетіндегі тұңғыш құрылыс. Алла Тағала о баста Қағбаны сәулемен салдырған дейді. Ол сәуле адам баласына көрінбейді. Жердің жаралуының өзі Қағбаның тұрған жерінен басталады, ол ара Жердің кіндігі болып есептеледі. Мұнарасының биіктігі Алланың аршынында жоғары тұр деседі. Бұл да - біле-білгенге философиясы терең әңгіме.

Біз 300 жыл басқа елдің қол астында қалып, соларша ойлап, соларша сөйледік. Қазақтың ата-баба дәстүрі, ырым-тыйымы, жалпы руханияты жоғалып кете жаздады. Осылайша өмір сүріп, жер бетінен жойылып кеткен халық көп қой. Олар қырылып жоқ болып кеткен жоқ, басқа елге сіңісіп кетті. Тілден, ділден, дінінен айырылып, жоғалды. Оның беті аулақ, сондықтан бүгінгі ұрпақ ана тілін, дәстүрін, өзінің ұлтына тән дүниелерді білуі тиіс. Мынадай өлеңім бар:

...Тілсіз қоғам мүгедек,
Тілмен мықты болады.
Жарым басың - тілің, деп
Бабалар бекер айтпаған.
Тіл мен намыс болмаса,
Жаудың да беті қайтпаған.
Басқаның тілін ұғам деп,
Өз тіліңнен айрылма.
Отаның тыныш, ел аман,
Қанатыңнан қайрылма?!
Қадірле, сақта, құрметте,
Дінің менен тіліңді.
Еске ала берме баяғы
Құлдықта жүрген күніңді!

- Бәрекелді, жақсы айттыңыз.

- Қазақтың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, ырым-тыйымының өзі - өмірден алынып, тезге салынған үлкен мектеп. Мен осылардың бәрін жинақтап, кітап етіп шығарсам ба деп жүрмін. Мысалы, ібіліс деген бар. Алла Тағала бағынбаған соң ібілісті аяғынан көкке қаратып іліп қойған дейді. Аяғыңды көкке көтерме деген сол.Табалдырықты баспа дейді. Табалдырықты несібе, ырызық деп бағалайды. «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген сол. Табалдырықты қазақ қатты қадірлеген. Кие, ие деген бар. Ие болмаса, кие болмайды, екеуі болмаса қасиет болмайды. Міне, мұның бәрін әр қазақ баласы білуі тиіс.

- Енді тура бір айдан соң Әз Наурыз босағадан аттайды. Халыққа қандай тілек айтар едіңіз?

- Айтайын, тілек-батаның артығы жоқ. Наурыз-батаның да орны бөлек қой...

Құдая, тыныштық бер Отаныма,
Мал өсіп, ырызық бер қотаныма.
Келешек жас ұрпақтар бақытты боп,
Мәңгілік ие болсын Отанына.
Халқымның орындалсын армандары,
Іске ассын тілек-мақсат, болжамдары.
Аман боп, дені сау боп бала-шаға,
Тіршілік арта берсін талғамдары!
Әр үйдің бақытты боп адамдары,
Әр жанның сәтті болсын қадамдары.
Әр үйдің отбасына шаттық толып,
Болса екен мамыражай жанның бәрі.
Тыныш боп, Алла жар боп Отанымыз,
Қиындық көрмесе екен жас пен кәрі.
О, Жаратқан, алдымен тілейтінім,
Қасірет көрмесе екен елдің бәрі.
Сұм соғыс, қырғын апат болмаса екен,
Әр үйдің өскен гүлі солмаса екен,
Құдайым, адамзаттың тілегін бер,
Ешкімге еш жамандық болмаса екен!

- Әумин, ата, тілегіңіз қабыл болсын!

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz