Болашаққа жолдама

Жидебай Кәкенұлымен газет редак-циясының ұжымы 2014 жылы Май ауданының ауыл-ауылдарын аралаған, жазылу науқанын жүргізу барысында бір кездескені бар. Ақсақал сол кездесуде төл басылымның аймақ жұртшылығы үшін аса қажет екенін, рухани кем-кетігімізді түзеп, ұрпақтың өресін өсіретін газет екенін айтып, ауылдастарын жазылуға үндеген. Ол кезде Малайсары ауылында мекен еткен ақсақал «Сарыарқа самалы» газетінің естелік сыйлықтарына ие болған. Бүгінге дейін үйінің қабырғасында 2015 жылға арналған, газеттің тарихи даталары қамтылған, күнтізбе ілініп тұрғанын ағаның көрсеткен құрметі деп түсіндік.

Жидебай ағамыздың бойындағы ілім-білімге деген құштарлық ата-бабасынан дарыған екен. Әңгімелеуінше, ата-тегінде ел басқарған тұлғалар болған.

- Май ауданы Майтүбек ауылында, нағашымның ауылында, дүниеге келіппін. Нағашым Қанқожа деген би болған, 15-20 жылдай Кеңтүбек болысының 8-інші ауылында сол кісінің қолында тәрбиелендім. Негізгі ата қонысым – Ақирек-Аршалы деген жер. Фамилиям ретінде жазылған Арықбай деген кісі - әкемнің ағасы, әкемнің есімі – Кәкен. Ауылымызда бәрі қарапайым еңбек адамдары еді. Әуелде колхоз болып шаруашылық құрған. Жұмыскер ауылында 4 жылдық бастауыш мектеп болды, латын қарпінде білім алдым. Көрші ауылға - Қазақстан негізгі мектебіне барғанымда онда сабақтар латынша емес, кирилше жүргізіледі екен. Онда қазақ тілінен сабақ беретін Рахметолла Әуезов деген ұстазымыз кирилше жазып-сызу бізге оңтайлы екенін айтып түсіндірді. Не керек, жылдам меңгеріп алып кеттік. 1941 жылдан бастап күні бүгінге дейін осы кириллицамен жүрміз ғой. Бүгінде қайтадан осы латыншаға көшу мәселесі қаралып жатыр екен. Таңбалауда бұрынғыдан біраз өзгешелік бар. «Ә» деген дыбыс қазіргіше «ә» таңбасы болып жазылғанын айтқым келеді, - дейді бүгінде қоғамдағы өзгерістерге құлақ түріп отыратын қарт.

Жидебай Кәкенұлының балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Он үштегі балалар көктемде пар өгіз жегілген соқаны жүргізетін, күзде астық басатын кезде молотилканы сүйрейтін аттарды айдаушы болып жұмыс істеген. Осылайша қиыншылықпен төрт жыл өтті. Соғыс біткен соң арқа-мойны босаған балалар жоғары білім алуға ұмтылды. 1947 жылы Семейдің Н.Крупская атындағы педагогикалық институтына түсуге бел буады. Талапкер үш баланың жолы болып, ол кездегі Май ауданының орталығы Майский кеңшарынан аттанады. Ол кез - өзен арқылы пароход жүретін уақыт. Осы жолғы Семейге сапар барысында балалар Ақжардан әрі қарай алғаш рет Семей сынақ полигонын құруға келген әскери қызметшілердің техникасымен жетеді. Әуелде барар жерге жедел әрі тегін жеткеніне қуанған балалар кейін бұл жаңалықтың тұтас ел үшін қасіреттің басы болғанын түсінеді. Сөйтсе, атақты Курчатов жабық қаласы салынып жатқан уақыт екен.

- Бір ағайымыз бар еді, оны трудармияға алып кетті. Новокузнецк дейтін қалада қара жұмысшы болды. Үйде шешем, жеңгем, Көкіш деген қарындасым бар еді. Қолымызда 1-2 сиырымыз болды, ел қатарлы күн көрдік. Май ауданындағы колхоздарда тары жақсы өсетін, көбірек талқан әзірлеп алып кететін едік. Сосын Жиенбай дейтін туған ағам соғыста қаза тапқан болатын, соған өкімет өтемақы төлеп тұрды. Шешем соның ақшасын жинап, маған ұстататын. Өзім де Семейде оқуды жақсы оқуға тырысып, көтермеленген стипендия алып тұрдым, - деп еске алады бұл кезеңді Жидебай ақсақал.

- Осылайша, Жұмыскер ауылы мен Семей қаласы аралығында кейде жолай кезіккен көлікпен, кейде жартылай жаяу-жалпы қатынаған бозбалалар ақыры тілегеніне жетеді. Жолдама беріліп, туған жерлеріне еңбек етуге оралады. Институтта дәріс берген ұстаздары арасынан Қайым Мұхаметхановты, Тұрсынбай Ерғалиевті ерекше атап, құрметтейді. Қайым ұстаз Абайдың өмірбаянын жетік біліп насихаттаса, қазақ тілінен берген, Павлодардан шыққан Тұрсынбай Ерғалиев мұғалім Абай өлеңдерін үлкен шеберлікпен жатқа оқитын екен. Кейін білгеніндей, Тұрсынбай мұғалім Саққұлақ бидің тұқымы екен.

Талайдың томағасын сыпырып...

Ж.Арықбаев 1951 жылы Қазақстан орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, кейінен оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етеді. 1952 жылы аудандық оқу бөлімінің мектеп бойынша испекторы, Саты орта мектебінің директоры болған. «Негізінен, мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді, бірақ ол уақытта басқа пәндердің оқытушылары жетіспейтін еді. Логикадан да, психологиядан да сабақ бердім. Математика көп оқытылатын. 1963 жылы Май ауданы жабылып, аумағы Ермак ауданына қосылды. Лебяжі ауданы Павлодар ауданына бірікті. Екі жылдан соң Хрущев кеткеннен кейін аудандар қайтадан құрылды. Бірақ бұл жолы Май ауданының орталығы Белогорье ауылы болып бекітілді. 1960 жылдары мұнда балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейтін. Аудан орталығы атанған соң ауыл көркейіп қазіргідей даму жолына түсті.

Ауданның қайта құрылу кезеңінде білім беру бөлімін басқарып үлгерген Жидебай Кәкенұлы біраздан кейін қайтадан мектеп директоры қызметін жалғастырады. 1964 жылы Қаратерек, кейін 1966 жылдан бастап Малайсары ауылының мектеп директоры болды. Дәл осы Малайсары (Киров) ауылында Жидебай Арықбаевтың 18 жылдық еңбек жолы сайрап жатыр.

Жидебай Кәкенұлын Май ауданында кеңес заманында орта мектеп бітірген түлектердің 70 пайыздан астамы біледі десек, жаңылысқандық емес. Себебі ол кезде айналадағы Ақшиман, Майтүбек, Қазан, Қызылеңбек, Абай ауылдарында тек 9 жылдық мектеп жұмыс істейтін. Негізгі мектепті бітірген оқушылар әрі қарай Киров (қазіргі Малайсары) ауылында ашылған 11 жылдық мектепке келіп оқитын. Жидебай Арықбаев бұл мектепте 1966 жылдан бастап 1984 жылға дейін директорлық қызмет етті.

- Ол кезде ауданда оқушылар саны бойынша Белогорье ауылы (қазіргі Көктөбе) ғана алдымызда болатын. Онда 1000-ға жуық бала оқыса, Киров ауылында 700-дей оқушы 11 жылдық мектепте білім алды. Ауылда күн сайын көлікпен жеткізілетін оқушылардан басқа, алыстағы шопандардың балаларына тұрақты жатып оқитын жағдай жасалды, 105 балаға арналған интернат жұмыс істеді. Қыруар шаруаның барлығына мұғалімдердің еңбек ұжымы үлкен жауапкершілікпен қарап отырды, - дейді ақсақалдың өзі.

Ардагер ұстаз тәуелсіз елдің білім саласында жаңашылдықтардың енгізіліп жатқанына қуанышты. Бәрінен де қажырлы еңбек иелері - мұғалімдердің бағалай білуіміз керек, бір кездегідей ұстазға, мектепке екінің бірі қожа болмауға тиіс, дегенді айтады.Жидебай ата бүгінде өзінің Бармақ бабадан басталып, әрі қарай төрт атадан тарайтын ағайынның ортасында белуардан бақыт кешіп, бас болып тіршілік етіп келеді.

Жақсылармен өткен күндер

Жалпы, ұстаздық еткен, елмен араласқан уақытта Жидебай ағамыз өзін көптеген ірі тұлғалармен аралас-құралас жүріп, өнегесін танығанына бақытты санайтынын айтады.

1970 жылдары өңірге белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов келіп, сапар барысында інісіне ізет көрсетіп, Махмет Қайырбаев туралы кітапшасын қолтаңбасын қойып сыйлаған екен. Тағы бір жылы атақты сатирик ақын Шона Смаханұлы, балалар әдебиетшісі Сейітжан Омаров және жерлесіміз, әйгілі жазушы Дихан баба Әбілевтің ұлы Рабил Әбілев келген екен. Қаламгерлермен араласу барысында көптеген қызықты оқиғалар болып, ғибратты сөздер айтылған. Тіпті, Май ауданында айта жүрерлік әзіл-оспақ өлеңдерді суырып салып айтқан сәттер болған. Соның бірі – әлгі үш қаламгер Май ауданына шыққанда жолда Қайырбек дейтін жүргізушінің көлігі жолда майы ағып кетіп, істен шықса керек. Қапелімде аудандағы мәдениет бөлімінің басшылары қосымша көлік жіберіп, үшеуі аман-есен Киров совхозына жетеді. Барлығы мектеп директоры Жидебай Арықбаевтың жұмыс бөлмесінде отырады. Бір мезетте асығып-үсігіп көлігін жөндеген Қайырбек жүргізуші жетеді. Сол кезде сатирик Шона Смаханұлы:

О, Қайырбек, Қайырбек,
Сөзіңде сенің айыр көп.
Байығаныңды көремін,
Мәшинеңнің майын жеп, - деп қағытпа өлең шығарады.

Одан кейін сықақшы ағамыз Қызылқұрама ауылында да бір шумақ қалдырған екен. Кейін естігендей, ақын:

Совхозымыз - Құрама,
Айтпай жөнді тұра ма?
Шаруашылығы нешауа,
Мәдениетін сұрама, - деп әзілдеген көрінеді.

Бірге жүрген Дихан Әбілевтің ұлы Рабил орысша өлең жазатын ақын екен. Тағдырдың жазуы ғой, сол Рабил жастайынан қаза болады. Арада бірнеше жыл өткенде осы Май ауданына әкесі Дихан баба мерейтойлық сапар аясында келеді. Сол кездесуде Жидебай Кәкенұлы «ұлыңызды көріп едік» деп, бір жағынан көңіл айтқандай лебізін білдіреді. Аз ғана сөз нәзік жүректі жазушының жарасын тырнағандай болды ма деген де ой келеді. Кейін жанында еріп жүргендердің айтуынша, жазушы қайта «осы жолмен менің ұлым жүрген-ау» деп, кездесуден бір түрлі жігерленіп шыққанын айтып келгенде, Жидебай ағаның көңілі орнына түскен екен.

Бүгінде Жидебай Арықбаев еліне белгілі азамат, аудан бойынша талай шәкірттің білім шырағын жаққан ұстаз ретінде сыйлы, бағалы. Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, 2001 жылы «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін, 2012 жылы «Май ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.

Жергілікті билік педагогика ардагеріне құрмет көрсетуді ұмытқан емес. Ж.Арықбаевтың 80 жылдық мерейтойы аталған уақытта (10 жыл бұрын) Көктөбе ауылынан жаңа үй сыйлады, бүгінде ақсақал Мәриям жеңгеймен бірге, ағайын-туысты, бала-шаға, немере-жиен, шөберені осы шаңырақта қарсы алады.

Ұрпаққа аманат

Жидебай Кәкенұлы өзінің өмірден алған тәлімін, танымын, ата-баба шежіресін кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. 2008 жылы «Төртеуміз түгел болсақ...», 2009 жылы «Ағасы бардың айтары бар» атты бабалар жайлы деректерден құралған кітаптарын, 2010 жылы «Өлеңімде - өмірім» атты жеке өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Жидебай Кәкенұлының «Төртеу түгел болсақ» атты еңбегіне алғысөз жазған журналистика саласының ардагері Төлеубек Қоңыр «кітап авторы Жидебай Арықбаев кешегі кеңес заманында талай қиындықты бастан өткеріп, Ақирек тауының бөктерінен ірге көтеріп, ақыры Ертіс өзенінің жиегіндегі қонысқа жеткен ата-балалары туралы мағлұматты кітап етіп жазып, ұрпақ алдындағы борышын орындап отыр», деп атап көрсеткен екен.

Ардагер ұстаз Ж.Арықбаевтың 90 жылдық мерейтойы бүгінде өзі білім берген Май елінің азаматтарының араласуымен кең көлемде аталып отыр. Жуырда ауданның барлық мектептерінде ұстаздың шығармашылығына арналған кездесулер он күндігі өткізілді. Қимыл-қозғалысы ширақ атаның тәлімін естуге жас ұрпақ ынталы. Көктөбе орта мектебінің 8-сынып оқушысы Айтахан Ақбота «Ардагер ұстаз Жидебай Арықбаевтың өлеңдерінің тақырыбы мен тәрбиелік мәні» атты тақырыпта ғылыми жобасын облыстық деңгейде сәтті қорғап шыққан екен.

Алдағы уақытта да қазақы тәрбиеге тұнып тұрған Май өңірі өзінің өнеге-лі азаматтарын ардақтауды жал-ғастыра бермек. Олардың арасында, ұлы Мағжан Жұмабаев асқақ бағасын бергендей, әрдайым Алаштың төрі мұғалімдерге ұсынылмақ.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz