Александр СВИДЕРСКИЙ, ПМПУ-дің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры:

- Елестетіп көріңізші: енді бес жылдан кейін халықтың 80 пайыздан астамы компьютерлік сауатты болады. Әріп пен сан танитын Қазақстанның кез келген тұрғыны интернетпен қамтылған. Үйден шықпай-ақ коммуналдық қарызын төлеп, керек десеңіз, сотқа да арызды үйде отырып жазады. Бұрынғыша баласының күнделігін сұрап әуре болмай, интернеттен-ақ бағасын көріп отырады. Міне, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының алға қойған мақсаты – осы.

Цифрлану үдерісінде аймақтарға ерекше мән берілгені дұрыс деп ойлаймын. Ол үшін жергілікті ғылыми орталықтар жоғары оқу орындарында топтасуы тиіс. Біз жергілікті смарт-жүйелердің дамуына үлкен серпін берер едік. Ресейдің үлкен қалаларында оқу орындары бірігіп, смарт-жүйелердің үлкен тораптарын қалып-тастырған. Олардағы жаңашылдықтар Павлодарға жетсе, өмірімізде түрлі өзгерістер пайда болатынына күмән жоқ. Елбасының биылғы Жолдауында айрықшалап айтқан «төртінші өндірістік революция» дегеніміздің өзі де - осылар. Яғни, смарт қала мен блокчейн. Смарт ситидің түпкі мәні мен мағынасы – датчиктер мен сенсорлар. Бұл дегеніңіз – қалаішілік жол жүру, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі, бақылау камералары мен арнайы терминалдар. Адамзат баласының жүріп-тұруына ыңғайлы орта жасау – смарт ситидің негізгі түпқазығы.


Тимур БЕКТҰР, IT саласының маманы:

- Қазақстанды цифрлы өркен-дету тұрғысында IT және инжини-рингтік қызмет көрсетуді дамытудың болашағы зор. Маман ретінде айтарым, бізде цифрлану саласында қазір байланыс жүйесі бірінші орында тұр да, мемлекеттік IT қызметтер екінші келеді. Оның бұлай болуы заңды да. Қазір қазақ жастарының арасында бұл саланы игергендер тұрақты түрде артып келеді. Әсіресе, желілік технологияларды, серверлер мен жүйелерді баптаушыларға сұраныс өте жоғары. Сондай-ақ, қазір интернет заманы болғандықтан, уэб-бағдарламашыларға да сұраныс баршылық. Соңғы кезде big data, machine learning, data mining секілді ақпаратты анализдеумен, машинаны кодтаумен айналысатын салалардағы мамандарға да сұраныс көп. Осының өзі біздің цифрлану көшіне ілесе бастағанымызды білдіреді.

Әлемде соңғы уақытта тағы бір тренд - блокчейн дамытыла бастады. Бұл – ақпаратты өзгерту мен өңдеуде ашықтықты қамтамасыз ететін технология. Мысалға, қандай да бір операция не сауда-саттық жасалатын болса, ол туралы ақпарат барлық жерге жазылады. Беларусь елі «Цифрлы экономиканы дамыту» жөніндегі декретті қабылдап, майнинг-саудаға жолды ашып берді. Енді ол елдегі теxнопарктер кез келген шетелдік маманды ешқандай визасыз жұмысқа қабылдап, мемлекетке кіргізе алады. «Токен»-мен жұмыс жасаушылар 2023 жылға дейін салықтан босатылады. Биткойн бастаған кез-келген криптовалюталармен жұмыс заңды боп саналады. Олармен майнинг жасауға, сатуға, сатып алуға, сауда жасауға рұқсат. Бұдан артық не керек? IV өндірістік революцияның драйверлері, цифрлы экономиканың жетекшісі осылар емес пе? Бізге де осындай қадамдарға бару керек секілді...


Өмірбек ҚҰРБАНБАЕВ, Mediana.kz компаниясының техникалық директоры:

- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы біз үшін тың түсінік емес, өйткені Қазақстан IT-технологияларға бүгін кірісіп жатқан жоқ қой. Бұған дейін де талай жобалар, технологиялық шешімдер әр салада азды-кемді қолданысқа енгізіліп, халықтың жұмысын жеңілдетіп жүр. Онлайн сервистер, әлеуметтік ортада интернет арқылы төлемдер, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай түрлері және т.б. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты да – осы, әр бағытта қалыптасқан технологиялық шешімдерді өзара интеграциялау арқылы ортақ жетілдіру, қамтылмаған бағыттарды әрі қарай цифрландыру және оның біртұтас болуына мүмкіндік жасау деп түсінемін.

Қай ел болса да, технологияларды экономикасының жақсаруына септігін тигізу үшін енгізіп жатады. Яғни, экономика дамиды, бірақ адамдардың жұмысы азаяды. Бұл, логикаға салып қарасаңыз, әлеуметтік қаржы көлемі ұлғаяды деген мағына. Адамдар аз жұмыс істесе де, экономиканың кіріс көлемі үлкен болған-дықтан, адам басына бөлінуі қажет мемлекеттік және әлеуметтік пакеттердің, социалдық шарттардың нығаюына алып келеді. Қазіргі дамыған елдердің адамдары сияқты, аз жұмыспен көбірек кіріс пен қаржы көздеріне қол жеткізетін боламыз. Екінші жағынан, адамдардың көбірек саяхаттарға шығуына, уақытылы демалуына, денсаулығына көбірек көңіл аударуына деген көзқарас қалыптасады.

«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz