Жалпы, болжам бойынша республика аумағында су басу қаупі бар 500-ге жуық автомобиль жолдарының учаскесі бақылауға алынды. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінгі күні ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарда ағымдағы жылғы Су тасқыны кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарлары бекітілді және Су тасқынына қарсы комиссияның жұмысы ұйымдастырылды.

Жалпы, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1 284 автожол көпірі, 14 686 су өткізу құбыры бар. «Қазіргі уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет ұйымдастырылды және автомобиль жолдарына күзет қойылып, ұзақтығы 316 шақырымдық 476 қауіпті учаске, 942 құбыр және 101 көпір бақылауға алынды. Бекітілген жоспарға сәйкес, су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақтылы ұйымдастыру үшін құм, қиыршық тас, цемент, су өткізу құбырлары, ыдыс-қаптар, жанар-жағармай сынды құрылыс материалдары мен конструкция-лар, өзге де техникалар дайындалды», -деді Жеңіс Қасымбек. Министрдің атап өтуінше, іс-шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа райы мен климаттық жағдайы, сондай-ақ, 2017 жылғы көктемдегі мұз еру және су тасқыны кезеңіндегі оқиғалар ескерілді. Есте болса, өткен жылы су тасқыны салдарынан Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында автомобиль жолдары учаскелерінің және көпірлердің қирауы мен зақымдануы орын алған еді.

Айтқандай, көктемгі уақытта су тасқынынан зардап шегетін аумақтар Павлодар облысында да бар. Былтыр көктемде Баянауыл ауданының бірнеше жолын су шайған еді. Облыстық маңыздағы «Жаңажол-Ескелді» жолының жарты шақырымы бұзылып, көлік қатынасы уақытша үзілген болатын. Биыл бұл жағдайға баса мән беріліп отыр. Атап айтқанда, жолдың бөліктері бетондалып, екпінмен тасып келген су үстімен өтіп, әрі қарай жолды зақымдамайды деп күтілуде.

Негізі, биылғы қыста аса мол қар түспеген. Бірақ биыл қар мен жауын-шашын мөлшері аз болды деп тоқмейілсуге болмайды, - дейді мамандар. Қазір көктемгі тасқынға қарсы шаралар күллі ауданда күшейтілген.

Үкіметте сөз етілгендей, жыл сайын тасқын су мәселесі туындағанда, синоптиктердің дер кезінде ескертуі болмады деген сыңайда бірқатар сындар айтылушы еді. Биыл бұл мәселе ескерілді деп мәлімдеді тиісті министрлік басшысы. «Қазгидромет» су тасқыны қаупін 90 пайыздық дәлдікпен болжайтын болады, деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

«Өткен жылы әсіресе жергілікті атқарушы органдардың тарапынан «Қазгидромет» қызметіне сын өте көп болған еді. Содан кейін қосымша құрал-жабдық сатып алуға ақша бөлінді. Бүгінгі жағдай қалай? Мәселе туындай ма? Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар қажетті ақпараттармен қамтамасыз етілген бе?», - деп сұрады Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қанат Бозымбаевтан.

Министрдің жауабынша, қазіргі уақытта «Қазгидромет» болжау жүйесіне өзгертулер енгізген. Мәселен, бұған дейін гидрологиялық болжам үш ай бұрын жасалып келген. Ал 1 наурыздан бастап синоптиктер 7 күн бұрын болжам жасап отыратын болады. «Оның дәлдігі 90 пайыздан асып түседі және әрбір үш күн сайын түзетіліп отырады. Яғни, барлық мемлекеттік органдар орын алатын климаттық және басқа да өзгерістер жайында ақпараттарды үлкен дәлдікпен алады. Сондықтан ақпарат толыққанды болады деп ойлаймын. Жалпы, «Қазгидрометті» жабдықтау 5 жылға арналған бағдарлама әрі оны жалғастыру қажет», - деді ол. Осы ретте Үкімет басшысы министрден: «Ағымдағы жылы тосын жайттар болса, ешкім де «Қазгидрометке» сілтей алмайды ғой?», - деп сұрады. «Бақытжан Әбірұлы, білмеймін. Біздің қызметтердің синоптиктерге сілтеу дағдысы әр уақытта да болған. Сондықтан олар үшін мен жауап бере алмаймын. Бірақ, «Қазгидромет» 90 пайыздан астам дәлдікпен болжам беретіндігі анық», - деді ол.

Су тасқынымен күреске миллиардтаған қаржы емес, дұрыс бағдарлама қажет. Отырыс барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңір әкімдерін көктемгі су тасқыны қауіпіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Әкімдердің бірде-бірі Ішкі істер министрінің баяндамасына назар аудармады. Ол өз баяндамасында қандай облыстарда не жасалмай жатқанын айтты. Ал әкімдер болса, бәрін жақсы жасап жатырмыз дейді. Жасап жатқандарыңыз жақсы, қолдаймыз. Ал көптеген дүниеге әлі күнге дейін неге атқарылмаған? Сондықтан Қалмұханбет Қасымов (Ішкі істер министрі) Асқар Маминмен (Үкімет басшысының бірінші орынбасары) иесіз гидротехникалық құрылғыларды үнемі бақылауда ұстаңыз. Өткен жылғыдай кінәліні іздеп жүрмейік, қорытындысында мәліметтерді дұрыс бермейтін «Қазгидромет» кінәлі болып шығады. Дөрекі айтар болса, өздеріңіздің қапы қалғандарыңызға ешқайсыңыз назар аудармадыңыздар және жауапкершілік те алмадыңыздар», - деді Бақытжан Сағынтаев өңір басшыларына қарата.

Ішкі істер министр Қалмұханбет Қасымовтың дерегінше, Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылғылар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген. Ақмола облысында алдын алу шаралары республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық құрылғыларда ғана жоспарланған. Ал коммуналдық меншіктегі 68 нысанға қатысты еш жоспар жоқ. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да орын алуда. Коммуналдық меншіктегі 17 гидротехникалық құрылғыны қорғау шаралары ұйымдастырылмаған.

«Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бастаған жағдайда суды апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзеннің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады», - деді ол.

Айта кетсек, Қарағанды облысындағы Ақжар су бөгеті Баянауылдың Қараащы ауылынан 25 шақырымдық жерде орналасқан. Көктемде су жайылу қаупі дәл осы нысанға байланысты. Өкінішке қарай, ұзақ уақыттан бері талапқа сай жөндеу көрмеген нысан судың қарқынын ұстауға қауқарлы емес. Салдарынан артылған су Баянауыл ауданының аумағына жайылады. Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов бұған дейін аудандағы жыл сайын көктемде 3-4 елді мекеннің жағдайы қандай болады деп қорқатын болсақ, биыл ондай қауіп төнбейді деп сендіріп отыр. Негізі, биылғы қыста аса мол қар түспеген. Бірақ мамандар биыл қар мен жауын-шашын мөлшері аз болды деп, тоқмейілсуге болмайды, - дейді мамандар. Қазір көктемгі тасқынға қарсы шаралар күллі ауданда күшейтілген.

Су тасқынына дайындық мәселелерін қорытындылаған Үкімет басшысы жыл сайын оның салдарын жоюға миллиардтаған қаржы жұмсағаннан гөрі дұрыс бағдарлама қабылдау қажеттігін баса айтты.

«Өткен жылы резервтен 5,8 млрд. теңге бөлдік. Ақмола облысының әкімдігі бір шағын аудан салып тастауға 2,3 млрд. теңгенің жететіндігін айтып отыр. Ал биыл Қызылорда 2 млрд. теңгеден астам қаржы сұрайды. Әрине, Құдай сақтасын, бірдеңе болып қалса сұрайтындар табылады. Меніңше, бұл ақшаны тиімсіз жұмсау», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Нұрбол Жайықбаев

saryarka-samaly.kz