Павлодар Көркемсурет музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің суретші-реставраторы Қабылдинов Жасыбай Әйтенұлының 60 жасқа толған мерейтойына орай оның «Әуез ғұмыр» деп аталатын сурет көрмесі ашылды. Жұртшылық назарына қылқалам иесінің 70-ке тарта шығармасы ұсынылды.

Бала шағынан суретші болуды армандаған Жасыбай Әйтенұлы Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірді. Жас маман еңбек жолын Павлодар химия зауытында графикалық дизайнер болып бастады. Кейін Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында суретші, ал 2003 жылдан бастап Потанин атындағы тарихи - өлкетану музейінде еңбек етеді. Суретшінің жұмыстары облыстық, республикалық көрмелерге қатысты, Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдығына орай жарыққа шыққан «Қазақ өнері» бес томдығына енді, Өскемен, Ресейдің Омбы қалаларындағы көрмелерге, Астанада өткен «Жер-Ана», «Бәйтерек» көрмелеріне енді, аймақтың 70 жылдығына орай дербес көрме ұйымдастырды. Халықаралық «Ресей-Қазақстан - достық көпірі шеңберінде» көрмесіне, Абайдың туғанына 170 жыл, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойларға арналған көрмелерге, сондай-ақ, еліміздің әр жерінде өтіп тұратын бірқатар пленэрлерге қатысты. Арнайы диплом, Алыс хаттармен марапатталды.

- Өмірімді суретсіз елестете алмаймын, - дейді Жасыбай Қабылдинов, - Сурет салу, бейне-леу - ол үлкен құдірет. Бәрін жүректен өткізіп барып, кенепке өрнектейсің. Маған дүниенің тылсым сыры сурет өнерінде жатқандай көрінеді.

«Өнер Сізге не берді?» - деген сауал қойдық мерейтой иесіне. «Бәрін берді. Өмірге құштарлық, табиғат-жаратылысты жан-тәніңмен сезіну... желдің сарыны, боранның уілі, судың сылдыры - бәрі-бәрі жан тербетерлік ән-әуез, өзгеше бір әлем, әрине, әрқайсысында шынайы бейнені беруге тырысамын», дейді ол.

Суретшінің тағы бір қыры - мүсіндік композиция. Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының маңындағы «Тайқазан» композициясының авторы - Жасыбай Қабылдинов.

Суретшінің «Абай», «Қиық тас», «Ақ отау», «Әуез ғұмыр», «Жылы кеш», «Иманжүсіп», «Көк тау», «Таң алдында», «Үшқоңыр. Президенттің балалық шағы», «Тұңғиық» сынды туындылары көрмеде жұртшылық тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Сурет өнерінің өзіндік үлгісін, дара болмысын қалыптастыруға ұмтылған қылқалам шеберінің өнер әлеміне бергенінен берері көп деп үміттенеміз.

Асқаралы алпысыңыз құтты болсын!

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz