«Алмэкс» холдингтік тобы» АҚ өкілдері аймақ басшысына жалпы құны 30 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаны таныстырды. Оның негізін сүт, көкөністен жасалған балалар тағамын өндіретін бірегей зауыт құрамақ. Бұл – кешенді өндіріс. Жоба авторлары балалар тағамына қажетті шикізатты да өздері өндіруді көздеп отыр. Оның да өзіндік себебі бар.

- Әрине, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп», өндіріске қажетті негізгі шикізат - сүтті жергілікті шаруашылықтардан да сатып алуға болатын еді. Бірақ балалар тағамын өндіретіндіктен, бізге құнарлылығы, сапасы жоғары сүт қажет. Сондықтан тауарлы сүт фермасын ашуды жоспарлап отырмыз. Ондағы ірі қара малдарға қажетті жем-шөпті де өзіміз өсіретін боламыз, - дейді «Алмэкс» холдингтік тобы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметжанова.

Инвесторлар 3 мың басқа арналған тауарлы сүт фермасын Ақсу қаласының ауылдық аймағында ашуды жоспарлап отыр. Жем-шөп және көкеніс өсіруге қажетті суармалы алқаптар Павлодар ауданынан шұрайлы жерлерінен таңдап алынған. Ақсуға қарасты Қалқаман ауылында 30 мың тоннаға шақталған көкөніс сақтау қоймасы бой көтермек. Ал балалар тағамын өндіретін зауытты облыс орталығында орналастыру жоспарлануда. Павлодар қаласында оған қажетті инфрақұрылым бар. Жоба жетекшілері аталған зауыт құрылысына шамамен 5 гектар жер қажет екенін айтуда. Бұл ретте, аймақ басшысы облыс орталығына жапсарлас орналасқан Жаңауыл ауылындағы бұрынғы ет өңдеу комбинатының аумағын ұсынды. Бұдан бөлек, Болат Жұмабекұлы жобаның ауқымдылығын ескере келе, болашақта кадр тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін екенін де атап өтті. Мәселенің шешімі ретінде жергілікті агротехникалық колледждердің бірін зауыттың сенімгерлік басқаруына алуға кеңес берді.

- Бүгінде аймағымыздың ірі тауарлы сүт фермаларында Украина, Германия және басқа да шет мемлекеттердің мамандары жұмыс істеуде. Ал сіздерде өз өндірістеріңізге жарайтын мамандарды оқытып, дайындап алу мүмкіндігі бар. Жоспарланып отырған инвестициялық жоба ұзақ мерзімге арналған. Сондықтан онда гидромелиоратор, агроном сияқты басқа да мамандар қажет болары сөзсіз, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

«Алмэкс» холдингтік тобы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметжанова агротехникалық колледжді сенімгерлік басқаруға алу туралы ұсыныс орынды екенін атап өтті. Шетелде өндіріске қажетті маман даярлау бағытында мұндай тәжірибе кеңінен пайдаланылатынын тілге тиек еткен ол, аталған ұсыныс жөнінде холдинг басшыларымен кеңесетінін жеткізді.

Инвесторлардың пікірінше, Павлодар облысының географиялық орналасуы қолайлы. Көліктік-логистикалық мүмкіндігі мол. Бұл өз өнімін еліміздің өзге аймақтарынан бөлек, Ресей, Қытай нарығына экспорттауға бел буып отырған компания үшін қолайлы.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz