Былтыр облыс бойынша табиғат-ты қорғау бағытында 14 шара ұйымдастырылған. Аталған мақсатқа облыстық бюджеттен 123,3 млн. теңге шамасында қаржы бөлінді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемі 11 пайызға қысқарған. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Бөлінген қаржы да көбейіп отыр.

Бұдан бөлек, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әлібек Несіпбековтің айтуынша, аймағымыздағы ірі кәсіпорындар өткен жылы табиғатты қорғау шараларына 8 млрд. теңге бөлген. Биыл кәсіпорындар бұл бағытқа 12 млрд. теңге жұмсамақ. Жұмыстар өз нәтижесін беруде. Облысымыз ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көрсеткіші бойынша республикада 9-шы сатыда.

- Халық осы бағыттағы атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды білуі керек. Жұртшылық бұрынғы әдетпен «Павлодардың экологиялық ахуалы нашар» деп есептейді. Шын мәнінде бұл салада жағдай оңалып келеді. Ауқымды жұмыстар атқарылуда, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. Сондай-ақ, аймақ басшысы кәсіпорындар бөліп жатқан қаржы нақты қандай жұмыс-тарға жұмсалып жатқанынан тұрғын-дар хабардар болуы тиіс екенін жеткізді. Бұл бағытта шаралар жоспарын құруды тапсырды.

Бүгінде облыс бойынша 10 эколо-гиялық бекет жұмыс істеуде. Аймақ басшысы тағы 2 бекет салу қажет екенін атап өтті. Осылайша облысымыздың әрбір өңірі қамтылады. Ә.Несіпбековтің сөзіне сүйенсек, мемлекеттік мекеме облысымыздағы 10 ірі кәсіпорын жұмысына мониторинг жүргізуде. Ондағы ауаға таратылатын зиянды заттар, өндірістік қалдықтарының деңгейі сарапталуда. Бұл тізімде «Қазақстан алюминийі» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, Павлодар мұнай-химия зауыты, «Богатырь көмір» компаниясы сияқты алпауыт өндіріс ошақтары бар.

Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аумағында орналасқан Былқылдақ көлінің жағдайы талай жылдардан бері айтылып келеді. Оның маңындағы сынап көму полигоны тұрғындар үшін аса қауіпті. Дегенмен мәселе шешімін таппай отыр. Аталмыш көлді қоршап, қауіпті қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілуі тиіс болатын. Бірақ Былқылдақ көлі әлі күнге дейін коммуналдық меншікке алынбағандықтан, күрделі проблема ашық күйінде қалып отыр. Мәселе жеке жиында қаралады.

Аймақтағы тұрмыстық қалдықтар да үлкен қауіп тудыруда. Бүгінде оларды қайта өңдеу мәселесі қолға алынып отыр. Жалпы, облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 356 орын бар. Олардың барлығы санитарлық талапқа сай келеді деп айту қиын. Онымен қоса, заңсыз қоқыс тастайтын орындар көбеюде.

Жер ресурстарын пайдалану саласында да мәселе жоқ емес. Аймағымыздағы тұщы, тұзды су қоймаларын жалға алып, кәсіп дамытамыз дегендердің жұмысында да шалалық бар. Мысалы, облыста 58 тұщы су қоймасы балық шаруа-шылығын дамыту үшін кәсіпкерлерге жалға берілген. Бірақ, облыс әкімі ондағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатқанына күмән келтіріп отыр. Мұның барлығы бақылаудың жоқтығынан дейді ол. Аймақ басшысы, мемлекеттік органдардың жауапкершіліктен қашып, мәселені бір-біріне допша домалата беретінін ашық айтты. Бұдан бөлек, аймағымызда 41 ащы-тұзды су қоймалары да жалға берілген. Одан кәсіпкерлердің өзі ғана емес, жергілікті жұртшылық та пайда көруі тиіс. Сондықтан облыс әкімі аталмыш су қоймаларында кемінде 300-400 жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырды.

Жиын барысында бірқатар жаңа бастамалар да көтерілді. Атап айтсақ, эколо-гиялық технологиялар жөніндегі құзірет орталығының өкілдері экология мәселелерінің жол картасын құруды ұсынды. Аймақ басшысы бұл бастаманы қолдап отыр. Сондай-ақ, қала көшелерінде ауаның ластану деңгейі, атмосферадағы зиянды қалдықтардың мөлшерін көрсетіп тұратын арнайы электронды құрылғылар пайда болмақ.

Шара барысында аймақ басшысы шыбын-шіркеймен күрес шараларын сапалы жүргізуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығына келетін болсақ, бұл салада бірқатар ілкімді істер атқарылған. Саланы қолдауға 17 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінген. Тартылған инвестиция көлемі екі есеге көбейіп, 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қосымша 500 жұмыс орны ашылды. Мал басы көбейіп келеді. Былтыр 1444 тонна ет экспортталды. Жалпы көлемі 65,6 млрд. теңгеге азық-түлік өнімдері шығарылды. Тұрғындар үшін 643 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Биыл ауыл шаруа-шылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 1,3,8 пайызды құрамақ.

Бірақ ауыл шаруашылығына қатысты жобаларды жоспарлауда біраз шикіліктер бар. Биыл облыста 6 тауарлы сүт фермасы іске қосылады деп жоспарланған. Ол үшін 3 мыңнан астам ірі қара мал қажет. Бірақ жоспардың сәтті жүзеге аса қоюы күмәнді. Шаруалар елімізден сатып алатын асыл тұқымды мал таба алмай отыр. Шетелден мал әкелу қымбатқа түспек.

Басқарма басшысы Ораз Дүзденбаевтың биыл ауыл шаруа-шылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған 28 жоба іске қосылатынын атап өтті. Бірақ олардың нендей жоба, кім жүзеге асырып жатқанын тарқатып бере алмады.

- Қайда және қандай жоба жүзеге асырылып жатқанын нақты білмейсіздер. Салғырттық байқалады. Тек көрсеткіш «қуып» жүрген сияқтысыздар.
Облысымызға танымал ірі шаруа-шылықтардың қолға алған жобаларын тізімге қосып алып, өздеріңіз жүзеге асырғандай мәз боласыздар. Одан да ісін енді бастап жатқан шағын кәсіпкерліктерге ерекше көңіл бөлген дұрыс, - деді Б.Бақауов. Сондай-ақ аймақ басшысы қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын сынға алды.

Астана төрінде өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне облыс тарапынан 700 тонна сиыр еті жөнелтілмек. Сондай-ақ, картоп өнімдері жеткізіледі. Бұдан бөлек, үш айдың ішінде елордада үш рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Бұл бағытта Болат Жұмабекұлы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

- Бұл - біздің өңірдің ауыл шаруа-шылығы тауарларының мүмкіндігін көрсететін ауқымды шара. Сондықтан қазірден бастап мықтап дайындалу қажет. Мәселен, ірі қара малды бордақылау секілді жұмыстарды бастаңдар. Сонымен қатар, өңірдегі егіс жұмыстарымен айналысатын ірі шаруашылықтармен жұмыс істеп, ерте шығатын картоп өнімдерін де жеткізу керек, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Аймақта ветеринария саласында да шешімін күткен мәселелер бар. Мал ауруының алдын алу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Оған қоса, түліктің санын сәйкестендіру бағытында кемшілік шаш-етектен. Ветеринария органдарында тіркелген мал басы мен қорадағы түліктердің нақты саны сәйкес келмейді. Кейбір аудандарда айырмашылық өте жоғары. Мысалы, Качир ауданында сәйкессіздік 13,2 пайызды құрап отыр. Павлодар, Баянауыл аудандарында да көрсеткіш шамамен осы деңгейде.

Тағы бір мәселе, ауруға шалдығып, жойылған малдардың шығынын тұрғындарға қайтару жұмыстары шала жүргізілуде. Тиісті құжаттар уақытылы рәсімделмейтін көрінеді. Ал жапа шегетін – тұрғындар.

- Сіздерден бюрократияға салынбауды өтінемін. Қажетті жұмыстарды уақытылы, сапалы атқарыңыздар. Қағазбастылыққа жол бермеу қажет. Ал жұмыстарды кешеуілдеткен лауазым иелеріне сөгіс жариялауды ұсынамын, - деді облыс әкімі.

Алқа отырысында мал дәрігер-лерінің жетіспейтіні, жер учаскелерінің тиісті деңгейде игерілмеуі, жерлерді заңсыз басып алу, жер ресурстарын заңсыз пайдалану мәселелері де сөз болды. Аймақ басшысы әр мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

 

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

irstar.kz