Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауқымды шара биыл Астана, Өскемен, Семей, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы шет тілін оқытатын колледждер мен жалпы орта білім беру мектептерінің 10-11-сынып оқушыларының басын қосты.

Конференцияда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледж, Павлодар мемлекеттік педагогикалық универ-ситетінің білікті оқытушылары шет тілінде баяндама жасады. Павлодар мемле-кеттік педагогикалық университетінің профессоры, «100 жаңа есім» республикалық жобасының жеңімпазы Жанар Байсейітова конференцияның маңыздылығына тоқталып, білім беру саласында үш тілді білу мәселесіне назар аударды.

- Ел дамуының негізгі алғышарттарын айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда кеңінен талқылануда. Онда терең білімді, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуде қойылған мақсат-міндеттер айқындалды. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам басуы-мыз керек. Павлодардағы барлық оқу орындары аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда күш біріктіруі тиіс. Жаһанданған әлемдегі білім мен ғылым тілі – ағылшын тілі екенін ескерсек, Елбасы осы жолы да орта және кәсіптік білім беруде ағылшын тілін тереңдетіп оқытудың маңызын атап өтті. Кез келген ортада бәсекеге қабілетті болу – табысты адамның формуласы. Заман ағымына сай уақыт талап ететін қажетті дүниелер болады. Соның бірі – кейінгі кезде көп айтылып жүрген үш тұғырлы тіл. Осы орайда, биылғы Жолдауда білім сапасын арттыру мақсатында шетелдің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтары, трансұлттық бірлескен жобаларын жүзеге асыру қажеттілігі жүктелді. Бұл өз кезегінде ғылымды университет қабырғаларына тартуға және дамытуға жол ашады деген сенімдемін, - деді Жанар Байсейітова.

Конференцияда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар 3 секция бойынша білімдерін ортаға салды. Олар «Лингвистика», «Шет тілін оқыту әдістемесі» және «Елтану» бағыттарында дайындаған баяндамаларын таныстырды. Шара соңында жүзден жүйрік атанғандар марапатқа ие болды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz