Өз басым Байқоныс ауылында тұрған көп жеңгелерімнің бірі Бақытжамал Тұманбайқызы Естай ақынның немере ағасы-ның қызы екенін кейін білдім. Жеңгеміздің айтуынша, оның ұлы атасы Шахмет пен Естайдың әкесі Беркімбай бір атаның балалары екен. Кезінде сегіз қырлы, бір сырлы ағайындылар әрі домбырашы, әрі әнші болған. Ел аузында Беркімбайдың домбырасы Шахмет отырғанда сөйлемей қалады деген аңыз қалыпты. Кейіннен осы өнер, сөз байлығы, саз өнері Беркімбайдың ұлы Естайға қонады. Естай көк көзді, ер мұрынды, қызыл шырайлы келбетті жігіт болыпты. Шахметтің баласы Бақытжамалдың әкесі Тұманбайдың да түр келбеті жағынан осы кісіге қатты ұқсайтын көрінеді. Оның да ән-жырға құмарлығы жеті-сегіз жасында білініпті. Естайды көзімен көрген, өлеңдерін жатқа білген Тұманбай Ұлы Отан соғысына аттанады. 1943 жылы бір аяғын майданға қалдырып, елге оралған соң, Естай атасын іздеп Екібастұзда тұратын қызының үйіне барған. Алайда ол кездері Естай Алматыға жол жүріп кеткендіктен, жолыға алмайды. Бақытжамал жеңгеміз Күләйді, Жанәбілді жақсы біледі. Қазірдің өзінде Зекен апамызбен араласып тұрады. Зекен апасы Естай атамыз туралы Қыздарбек жазып жүр деп өзін өзі жұбатқан кездері болды. Енді міне бұл күнде Қыздарбек те өмірден өтіп кетті. Қазір немере ағайын Кәрібайды жағалаймыз. Естай атамыз Жанәбілден айырылғанда «ұрпақсыз емеспін ғой, Күләйім бар емес пе» деп өзін өзі жұбататын көрінеді. Кезінде Тұманбай ойын-тойларда Естайдың әндерін нақышына келтіріп шырқап жүріпті. Ән айтылып біткен соң әннің шығу тарихын айтады екен. Әсіресе «Шолпан-қаққан» деген әнді айтар кезде, кәдімгідей бүркітше қомданып, бұл әнді өзінен басқа ешкім айта алмайтындай әсерде орындапты. Бақытжамал апайдың өзі де қара жаяу емес. Айтқан сөзді тез қағып алатын ұғымтал, құймақұлақ жан. Әрі ән де салады. Қазір «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің жетекшісі. Әсіресе жас кезінде әкесі Тұманбайдан естіген бір әңгіме есінде қалыпты. Бұл әңгіме 1994 жылы жарық көрген "Қорлан" деген кітапқа енгізілген. Бақытжамал былай дейді: -Ертеде Тентек руының ішіндегі Шыман деген атақты кісінің үйіне Біржан сал келіпті. Ол кезде Шыманның баласы Әбілқасым Ақкөлде болыс болатын. Атақты айтыскер ақын әрі әншінің келгенін естіген ел ақынды көруге, әнін естуге Шыманның үйіне жиналады. Ол топтың ішінде Естай да болады. Халық үйге сыймаған соң, киіз үйдің түндігін өздері көтеріп, киізді тіле бастайды. Үй иесі халықтың ықыласын көріп, «Шырағым Біржан, біздің үйге бұрын да кісі көп келетін еді, сен келді деген соң жұрттың қаумалап тұрғаны мынау, лебізіңді шығармайсың ба?»- дейді. Осы кезде ол киіз қаптың ішінен бүктеулі домбырасын баппен алып, әнін әуелетіп жібереді. Бір-екі әнін айтқан соң, «үйден шыққалы екі айдың жүзі болды, шаршаңқырап тұрмын, сіздің елден де ән айтатын кісі болса, тыңдайық», - дейді. Шыман ауылдағы ең тәуір әнші әлгі Төлебайдың Шахметіне кісі жібереді. Алайда Шахмет жасының келіп қалғанын сылтауратып, атақты әншінің алдында ән салуға жасқанып, келмей қалады. Осы кезде ауыл ақсақалы Құсайын он жеті жастағы Естайға қарап, енді сен бірдеңе демесең, ұят болатын болды, - дейді. Осы кезді күтіп отырған Естай өзінің «Шолпан-қаққан» әнін шырқай жөнеліпті. Біржан Естайдың әнін естігенде, қошемет көрсетіп, «баланың дауысында аруақ бар екен, түбінде асқан әнші болар, - деген екен.

Семейлік жазушы Қайым Мұхаметханұлы Естай ақынның түр келбетін былай сипаттайды: Жазық маңдай, жар қабақ, қалың қасты, ірі мұрынды, ұзынша, сопақша келген, қара сұр адам. Көздерінің нұры таймаған, жанары өткір, ойлы. Көк бурыл тартқан, бұйра, селдірлеу шоқша сақалы, мұрты кесек келген бет әлпетіне әдемі жарасып, ажарландырып тұратын дей келіп, «Қорлан» әнінің шығу тарихын өз аузынан жазып алғанын айтады. Онда «Бұл әнді жиырма жасымда шығарған едім, - депті. «...Ертіс елінің азаматы атақты Сүлеймен байдың баласы Шошан деген жігіт Маралды болысы, Қыпшақ еліндегі қайнына күйеушілеп баратын болады да, сонау 150 шақырым жерден мұны шақырып бірге ала кетеді. Естай бастатқан жолдастарымен күйеуді қайын жұрты құрметтеп қарсы алады. Маралдының үлкен ел билеушілері – Сұңқар деген болысы, Сұлтан деген биі бар екен. Сұлтанның бойжеткен екі сұлу қызы бар-ды. Үлкені - Қорлан, кішісі - Құсни. Осы екі бойжеткен құдашалар той-думанның ортасында болады. Той-думанның гүлі, әрі әнші, әрі ақын, сегіз қырлы, бір сырлы жас жігітке Қорланның көңілі ауады. Естай да қызды ұнатады. Сөйлеседі, сырласады. Қорланның айттырып қойған жері бар екен. Сүйіскен екі жас сол жолы серттесіп, сөз байласады». Бұл сапарға шығарда Естайдың анасы Күлипа: «Жарығым, ел танырсың, жер танырсың», – деп ақ батасын берген екен. Қалыңдықтың елін әнге бөлеп, өлеңдетіп, әндетіп, құда елінде біраз жатқан кезде осы Құсни, Қорлан атты екі сұлу Естайды естен тандырады. Ғашықтық сезімі әуезді ән болып туады. «Ақ көйлек, қызыл қамзол, лағыл етік, отырмын ғашық жарды өлең етіп. Шіркін-ай, Құсни-Қорлан деген кезде, алдымнан өтер ме едің көлбең етіп»,–деген өлең сөзімен әдемі сазы қосылып, естіген елдің жүрегін тебірентеді. Бұл ән құдалар жаққа да жетеді. Әннің құдіретті сөзі мен мұңлы сазы құдалар жағын да есінен тандырады. «Осындай махбұт жырдан жат болған соң, жалын боп лапылдаған жанды жүрек», – деген Естайдың сөзі құлай ғашық болған жан сезімі, мөлдіреген жыр жолдары Қорланның да құштар сезімін тежей алмайды. Жасынан алғыр, қайсар өскен Естай лапылдап оттай жанып тұрған шағында кері қайтпай, «Келісіміңді бер, алып қашамын», – дейді. Екі ғашық сөз байласады. Байдың ұлының сапары емес, өз анасының ақ батасы жебегендей, өзінің «махаббат сапары» туғанын көріп, жиырма жастағы Естай кете барады. Көп ұзамай қайта жолы түсіп, қыздың жеңгесі Фатима арқылы ескі салтпен хабар беріп, сертке беріктігін жариялапты. Алайда Қорлан атастырып қойған жері бар, соны бұлжымас сылтау етіп, қанша сүйсе де, басыбайлы жар болып Естайға қосыла алмайтындығын ашық жеткізеді.

Естай келесі жылы Қорланды алып қашпақ болып, Қожахмет деген досымен қыз ауылына жасырын келеді. Сұлтан ауылында Естайға тілектес Әбділда, Нұрғазы деген жігіттер болады. Үш қамыс көлін жайлап отырған Сұлтан ауылын қанша торыса да, қызға жолыға алмайды. Ақыры істің сәті түспейді. Бұлардың сырын сезіп қойған Сұлтан құдасына хабар айтып, Қорланды тездетіп ұзатып жібереді. Арада бірнеше жыл өтіп, «Қорлан» әні бүкіл қазаққа жеткеннен кейін Естай 1893 жылы Шот (Славгород) қаласының маңында Шұқыр дейтін жерде тұратын Қорланды іздеп барып, жүздеседі. Күйеуі қас-қабағын бұзбай, жақсы қарсы алып, «Қорлан мені дәл сендей сүймесе де, мен оған дәл сендей ғашықпын» депті. Алайда баяғы құштар көңілінен арылмаған Естай оның сөзін үнсіз тыңдап, еш жауап қайтармапты. Осы жолда Қорланмен оңаша қалғанда: «Мен үшін бұдан артық бақыт болмас, жүз жылға жетеді осы кездескенім», – депті.Қорланның соңғы өмірі Алтай өлкесіндегі «Притик» деген кішкентай ауылда өткен. Төрт ұл тәрбиелеген. 1938 жылы дүниеден өтіпті. Бүгінде көзі тірі немересі Гүлсім Баисова Қорлан әжесінің сондай сұлу, көркем болғанын айтады. 2010 жылы Алтай өлкесі Естайдың ғашық болған Қорланына, ақын махаббатының символы ретінде қазақ қызына ескерткіш орнатыпты. Естай ғашығының бейнесіне өз сөзімен, өз ойымен, өз өрнегімен, өз қолымен ескерткіш орнатып кетті. Өзінің шыққан тегі жайында:

«Алмашы, Ақтамақтың бел баласы,
деп айтар Қанжығалы ел ағасы.
Мекенім Бүрметалда, Өлеңтіде,
Сөйлеген Беркімбайдың бел баласы», -
дей келіп,

«Көкшетау, Баянауыл - көрдім бәрін,
Ұлы Ертіс, Омбы, Семей араладым.
Қарқаралы, Қараөткел, Бәсентиін,
Солардың тегіс көрдім балаларын», -
деп жүріп өткен жолын, өнегелі із қалғанын білдіреді.

Менің әкем Бәсентиін-Ақтілес Жақыпұлы Байғалының Ақкөл-Жайылма жерінде Естаймен серілік құрып бірге жүргенін көз көргендер айтқан еді. Бұл отызыншы жылдар болу керек. Әкем Байғалы Қаражар ауылына таяу жерде балық артелінің бастығы болады. Бір жылдары мен осы ауылға барып, әкемді көзі көрген қариялармен кездестім. Ауыл балалары бір үлкен алып балықты көтере алмай, Естай түскен үйге алып келгенін айтады. Бұл жақтағы ауылдар аштықтан балықтың арқасында аман қалған. Әлгі қария, аты есімде жоқ, отыз бесінші жылдары ауылға әншілер, айтыскер ақындар келіп, жиналып, есік-терезені жауып қойып айтысатын деп еске алды. Кеңес үкіметі ақындардан қатты сақтанған. Олардың ауыздарынан үкіметке қарсы бір түйір сөз шықса, «үндеместер» ұстап әкететін болған. Сондықтан болар, әншілер мен ақындар алыс ауылдарға барып, шер тарқатып отырған. Соғыс жылдары Павлодар қаласында көркемөнерпаздар үйірмесі құрылып, Естай Беркімбаев осы бригадамен ауылдарға шығып, концерт, спектакль қоюға қатысқан. Ақын қартайған шағында да Қорланды есінен шығармаған көрінеді. Ән туралы әңгіме бола қалса, «Мынау Қорланның көзі ғой» деп қолындағы жүзікке қимастық сезіммен, мұңая қарап отырады екен. Әкемнің "Бір мысқал", «Жай қоңыр» әндері мен «Гүлнарайымды» домбыраға қосылып айтатын әдемі қоңыр дауысы құлағымда жаңғырып тұрады...

Естай мен Қорланның мөлдір махаббаты туралы өлеңдер де, лирикалық поэмалар да, Естайды көздері көрген, бірге жүрген зерттеуші сазгерлер мен әншілердің, жазушылар мен ақындардың естеліктері де бар. Б.Ерзакович Естайдың өз әндерін орындау шеберлігін, жұмсақ, әрі қоңыр дауысын естідім дейді. Үні таза, ашық, европалық терминологияда лирикалық, драмалық үн деп сипаттайды. "Қорлан" әні өзінің формасы жағынан опералық ариозомен шендес дүние. Ол бұл әнді баяулатып бастап, эпикалық үнге ұластыра орындап шықты, ал оның дауысы маған қобыздың қоңырқай мұңлы үніндей әсер етті деп жазады. Жасы 71-де болса да, өзін тік ұстайтын, шашына ақ ене қоймаған әнші жас көрініпті. Үстінде халықтық үлгімен тігілген ақ көйлек, оның сыртында бешпент, қалыңдау сұрғылт матадан тігілген шалбар, кебіс-мәсі, жиегі терімен жұрындалған бөрік киіп жүреді екен. Борис Ерзакович Естайдың ауылы Ақкөлге Дүйсенбек Еркінбаевпен келіп, 30-дан астам әнін жазып, нотаға түсіріпті. Осы ауылда екі апта қонақ болған. Сол жолы келгенінде Естайға тиін терісінен тігілген малақайын сыйлапты. Бұл малақайды және басқа да қолына ұстаған жәдігерлерді туыстары Майра мұражайына тапсырған көрінеді.

Естай Беркімбаев 1939 жылы наурыз айында Алматыға айтысқа барады. Ән айтып, Нартай, Нұрлыбекпен айтысқа (айтысы туралы мәлімет жоқ, сақталмаған) түседі. 1939 жылы тамыз айының 21-інде Қазақ совет жазушыларының ІІ съезіне қатысады. Съезге Мұхтар Әуезов бастаған ақын-жазушылар, халық ақындары Жамбыл бастаған ақын-композиторлар және башқұрт, қырғыз, украи-надан қонақ-делегаттар келген. Осы жылы қыркүйек айында Естайға Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген қайраткері атағы беріледі. Желтоқсан айында Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев сияқты замандастарымен бірге жаңадан құрылған Қазақстан Композиторлар Одағына мүшелікке өтеді. Естай жетпіс жеті жасында Абайдың 100 жылдық мерекесіне қатысып, қонақ болады. Келесі жылы наурыз айында Краснокутскі селосындағы (қазіргі Ақтоғай) ауруханаға түседі. Жасы 78-ге келген Естайды Чкаловтағы (С.Мүткенов атындағы кеңшарда) бөлімше меңгерушісі болып істейтін інісі Кәрібай Нұрмағанбетов өз үйіне алып келеді. Міне, осы ауылда Естай дүние салады. Сол уақытта немере інісі Ыбыраев Қабыжанның айтуы бойынша бүгінгі күнге дейін беймәлім болып келген Қорлан сыйлаған жүзікті ақынның өсиеті бойынша өзімен бірге көму туралы молдалар екі ұдай пікір білдірген. Шариғат заңына қайшы келген соң жүзікті ағайындарына береді. Кейін Қабыжанның қолына көшкенде, ол кісі көшіп-қонып жүргенде жоғалтып алдым деп жауап берген. Әрине, Қорланның махаббат жүзігі бүгінгі күнге дейін біреудің үйінде сақталуы да мүмкін. Оның да сыры ашылатын күн болар. Ақтоғайлық айтыс-кер ақын Бейсенбі екеуіміз Естай-Қорлан болып айтысқанда ақынға күміс жүзік сыйлап, сол бір аңызды жаңғыртқан едік. Сол кезде бүкіл көрермен орындарынан тұрып, қол соққаны есімде. Даланың өрелі ұлы Естайдың көрген заманы мен өскен жерін, ұлы мінезді асқақ өнердің қалай дарығанын, шеберлікпен баяндайды. Атап айтқанда, «Жай қоңыр», «Майда қоңыр», «Қоңыр жел», «Туды күнім», тағы басқа да өлеңдері ақын тағдырын, туып-өскен елін, ғашықтық шерін, махаббат мұңын шертеді. 2010 жылы Павлодар қаласында Естай мен Қорланға тастан қашалған махаббат композициясын орнатуға (макеті өлкетану музейінде тұр) сол кезде облыс әкімі болған Б.Сағынтаев алғы шарттарын жасады. Ол ескерткіш Естай атындағы мәдениет сарайы маңында қойылады деп күтілді. Алайда кейін ұмыт болды. Мүмкін Естай ақынның биылғы 150 жылдық мерейтойында қайтадан қолға алынар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Естай-Қорлан ескерткіші бой көтеріп жатса, біздің де санамыздың жаңғырғаны дер едік. Үміт бар, енді сенім керек.

Шолпан БАЙҒАЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Павлодар қаласының Құрметті азаматы.

saryarka-samaly.kz