Кесене Жаңажол ауылынан солтүстікке қарай 17-18 шақырым қашықтықта Ескелді жерінде орналасқан.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931) – көрнекті қазақ ақыны, философ, жылнамашы, этнограф, тарихшы, ағартушы, шежіре мен халық ауыз әдебиетін жинаушы. Жүсіп Көпеев 5 жасында жергілікті молладан сауат ашты. Оның алғырлығы соншалық, 7-9 жасында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Төрт жігіттің өлеңі» атты ел аузындағы лирикалық-эпикалық шығармаларды, шығыс ертегілері мен дастандарды жатқа айтатын. Халық бала Жүсіптің білімі мен талантын таныды, оның даңқы бүкіл Сарыарқаға тарады, сондықтан ол «Мәшһүр» атанды, бұл сөз араб тілінен аударғанда «даңқты, атақты, құрметті» дегенді білдіреді. Ақын өзінің биографиялық туындысында былай деген екен:

Бес жаста «бісмілля» айтып жаздым
хатты,
Бұл дүние жастай маған тиді қатты.
Сегізден тоғызға аяқ басқан күнде,
Мұса еді қосақтаған «Мәшһүр» атты.

15 жасар Мәшһүр Жүсіп медреседе оқи жүріп, шығармашылықпен айналысады, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бала оқытады. Ташкент, Бұқара мен Түркістанға барып, шығыстың көрнекті ғалымдары мен ойшылдарының мәдениетін, шығармаларын зерттеп, араб, парсы, орыс тілдерін еркін меңгереді. Алғаш рет өлең, мақалалары 1888 жылы «Дала уәлаяты» газеті беттерінде басылады. 1907 жылы Қазан қаласында «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Өмірлік тәжірибе», «Хал-ахуал» туындылары жарық көрді. Ақын шығармаларында қазақ қоғамының өзекті мәселелерін көтерді, ал 1905 жылы патшалық манифесті сынағаны үшін қудаланды.

М.Ж.Көпеев бай мәдени, тарихи, ғылыми мұра қалдырды. Оның шығыс мақамы бойынша жазылған «Ғибратнама»,

«Гүлшат-Шеризат», «Баяннама» дастандары мен «Көшпелі болған жұрттың шаруасы», «Анама хат» өлеңдері кең тарады. Ол халық ауыз әдебиетін жинаушы ретінде танылды, ата-тектің шығуын жан-жақты сипаттап, қазақ халқының туыс-тайпалығы мен халқымыздың тарихы, мәдениетіне қатысты мол мұра қалдырды. Ел аузынан Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже шығармалары мен Абай, Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерін жазып алған.

- М.Ж.Көпеев бүкіл өмірін ағартушылық қызметке арнады. Ескі араб жазуы негізінде құрылған жаңа әліпби («усули жадит») мен жаңа әдісті қодана отырып, балаларды оқытты. Оның араб және латын графикасы негізінде жазған қолжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербург қалаларының архивтік қорында, ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында және ҚР Білім және ғылым министрлігі Әдебиет және өнер институтында сақтаулы. Кейбір ғылыми материалдар оның тікелей ұрпақтарының жеке архивтерінде бар, - дейді аймағымыздың киелі орындарын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталов.

Кеңестік кезеңдегі қиын уақытқа қарамастан, көрнекті ғалымдар мен ағартушылар – Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. М.Ж.Көпеевтің мәліметтерін өз жұмысында қолдана отырып, оның мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттауға тырысты. Тәуелсіздік алған соң М.Ж.Көпеевтің мол мұрасын ғылымның әр саласынан зерттеу басталды. Олардың қатарында ғалым-зерттеушілер, атап айтқанда - Сәрсенбі Дәуітов, Уәлихан Қалижан, Алмас Шағырбаев, Досай Кенжетай, Сейфуддин Сүтжанов, Айтмұхамбет Тұрышев және Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтары – Қуандық Жүсіпов, Нартай, Лаура және Естай Жүсіповтер бар.

Деректер бойынша, М.Ж.Көпеев кесенесі оның көзі тірісінде салынған. Айрықша қасиетке ие жан болғандықтан әрі өзінің қайтыс болатын күнін бір жыл бұрын білгендіктен, кесененің жоспарын жасап, бөлмелердің орналасуын көрсетіп, туыстары мен жақындарына тапсырма береді. Бастысы – оның денесі жер қойнауына тапсырылмауы тиіс. Кеңестік билік жылдары мазар сырылып тасталды, бір ғажабы, денесі шірімей, сол қалпы сақталған. 2008 жылы М.Ж.Көпеевтің 150 жылдығына орай кешен ашылды. Ескелдідегі кесене жанына 2016 жылы Жаңажол ауылындағы мұражай көшірілді.

Кесене төбеде орналасқан, оған бір баспалдақтың 73 сатысымен жетуге болады. Бұл сандар атақты ойшылдың өмір сүрген жасын білдіреді. Кешен М.Ж.Көпеевтің ұрпақтарының қарауында. Немересі Қажымұқан – шырақшы, барлық зиярат етушілер үшін дұға оқиды. Қасиетті мекенге айналған Ескелді жеріне зиярат ету үшін еліміздің әр түкпірінен, сондай-ақ басқа да мемлекеттерден адамдар көп келеді. Бұл діни нысанның халқымыздың санасында маңызды сакралды мәнге ие екенін көрсетеді.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz