Нұрлан ДҮЙСЕМБИНОВ, облыстық қаржы басқармасының басшысы:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 10 қаңтардағы Жолдауында көрсетілгендей, мемлекеттік органдардың ведомствоға бағынышты ұйымдарының санын қысқарту, олардың әкімшілік шығындарын азайту бойынша өңірімізде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Мәселен, облысымыздың коммуналдық меншігінде 1391 ұйым бар, оның 368-і – мемлекеттік басқару органдары, 1023-і мемлекеттік органдардың қарауындағы ұйымдар. Ал ведомствоға бағынышты ұйымдардың жартысы коммуналдық мемлекеттік ұйымдар болса, тағы бір бөлігі - квазимемлекеттік секторға қарасты. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрі бұйрық шығарды. Яғни, бәсекелестік ортаға беруге, сондай-ақ, біріктіруге жатқызылатын ұйымдардың тізімін жасайтын республикалық жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі таңда облыстың мемлекеттік органдарынан ведомствоға қарасты 31 ұйымға қатысты оңтайландыру жөнінде ұсыныс түсті. Жұмыстар енді басталып жатыр. Мәселен, медицина бойынша емдеу мекемелерін бір-біріне қосу арқылы ірілендіру, үлкен кластер құру көзделген. Одан бөлек, мәдениет, білім беру салаларына қарасты бірқатар ұйым да бар. Оңтайландыруға ұсынылатын ұйымдарды арнайы республикалық жұмыс тобы қарайды. Содан кейін ғана нақты шешім шығарылады. Барлығы жан-жақты зерделенеді. Бұл шаралар экономикалық тұрғыдан тиімділік әкелуі тиіс.

Илья ТЕРЕНЧЕНКО, облыстық мәслихат депутаты:

- Оңтайландыру – қазіргі заман талабы. Сондықтан, тұрғындар мұны түсінуі тиіс. Ерте ме, кеш пе, орын алатын өзгеріс екенін ұғынуы қажет. Десе де, оңтайландырумен айналысатын азаматтар оның оңы мен солын жақсылап зерделемесе болмайды. Олай дейтінім, біріктіруден кейін «былығу» болмауы керек. Оңтайландырудың экономикалық тиімділігі бар. Бірақ, бұл істен ешкім зардап шекпеуі қажет. Яғни, кейбір лауазымдар қысқартылса, ол азаматтар жұмыссыз қалмауы тиіс. Мекемелердің басын қосқаннан, бастысы қызмет сапасының ақсамауы қадағаланса деймін. Бұл ретте, Елбасы айтқан цифрландыру кеңінен қолданылғаны жөн. Оңтайландыру мен цифрландыру жақсы үйлесім тапса, нағыз үнемдеу сонда болады. Білуімше, оңтайландырылатын ұйымдардың басым бөлігі - медициналық мекемелер. Дәл осы салаға цифрландыру тетіктері толық енгізілсе, тиімділік уақыт оздырмай көрінеді. Оған қоса, мұндай шаралардың нәтижесінде үнемделген қаржыға саланың басқа қажеттіліктерін өтеу мүмкін болады. Бәлкім оңтайландырудан ғимараттар, бөлмелер босап, оны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғындардың игілігі үшін түрлі жобалар жүзеге асыруға қолдануға жол ашылады. Жалпы, бірнеше ұйымның бір жерден басқарылуынан қиындық туындамауы тиіс. Себебі қазір ақпараттық технологиялардың заманы, құжаттарды қағазбен тасып, арада уақыт өткізетін кезең кеткен. Бәрі электронды түрде атқарылады.

Толқын АХМЕТОВА, қала тұрғыны:

- Оңтайландырамыз деп опық жеп қалмайықшы. Эконо-микалық жағынан тиімді шығар. Бірақ қызмет ақсайтыны анық. Себебі, бірнеше мекемені қосқаннан жұмыс ауқымы кемімейді. Ал қызметкерлер саны азайса, қалғандарына жүктелетін жұмыс еселене түседі. Мұның барлығы біз бен сізге қызмет көрсету сапасына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын. Атқаратын бағыттарына қарай мәдениет ордаларын қосқаннан халық аса ауыртпашылық байқамас. Бірақ медицинаға келгенде абай болу керек. Онсыз да ұзын-сонар кезекке тұратын тұрғындар ертеңгі күні бір ауруханадағы жұмысын бітіруі үшін оған қарасты екіншісіне, тіпті үшіншісіне бару қажет болса, қайтеміз? Бір ғана анықтама алу үшін адамдарды бір жерден басқарылатын, қаланың түрлі бөлігінде орналасқан медициналық ұйымдарға сенделтіп қойса, бұл жақсылыққа апармайды. Қазірдің өзінде медициналық қызметтерге қатысты қоғамда пікір соншалықты оң деуге келмейді. Цифрландыру арқылы бәрі жеделдетілетіні айтылып жатыр. Бірақ, қазірдің өзінде база істемей қалу, техника істен шығу сияқты келеңсіздіктер кездеседі. Сөйтіп, бір жапырақ қағаз алу кейде қиямет-қайым екенін көз көріп жүр. Сондықтан оңтайландырумен тағы бір «бас ауруын» тауып алмасақ, игі.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz