Ресейдің Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров бастаған арнайы делегация алдымен Железин ауданындағы «Пахарь» ЖШС агроқалашығының жұмыс барысымен танысты. Меймандар аталмыш серіктестікте ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған істерге оң бағасын берді.

Бұдан кейін облыс орталығындағы «Достық үйінде» Павлодар және Омбы облыстары басшыларының, мемлекеттік орган, бизнес өкілдерінің қатысуымен келелі жиын өтті. Басқосу барысында екі өңір арасындағы бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Әсіресе, әуе және су жолы қатынасына кеңірек тоқталды. Аймақ басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, ұшақ және кеме қатынасы жанданса, тұрғындар мен кәсіпкерлерге тиімді болмақ.

- Павлодар-Омбы бағытында күніне 5 автобус қатынап, 250-300 жолаушыны тасымалдайды. Биыл жазда Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесінің өтетінін ескерсек, жолаушылар қатары арта түсуі мүмкін. Сондықтан әуе рейстерін ашу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі кезде компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

Ертіс өзені арқылы қатынасты дамыту да аса маңызды. Былтыр біздің аймақтан 150 мың тонна жүк Омбы облысына жеткізілді. Бұл екі облыс кәсіпкерлері үшін өнімді тасымалдауға, сауда-экономикалық байланысты нығайтуға және кең ауқымды нарыққа жол табуға оңтайлы жағдай туғызар еді, - деді Б.Бақауов.

Виктор Назаров та су жолының қажеттілігі жоғары екеніне тоқталды.

- Павлодар облысынан қиыршық тас, тұз тасымалдауға, ал Омбы тарапынан құрылыс заттарын жеткізуге су көлігі тиімді. Бірақ қазіргі уақытта бұл жоспарды іске асыруға мүмкіндік болмай тұр. Өзен арнасы ұзақ жыл бойы тазартылмағандықтан, ресейлік тарап үшін бұл – шығыны көп жоба. Десе де, су қатынасын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Шекаралас аймақтар үшін маңызды бағытты жаңғырту мақсатында әлі де жұмыс істейтін боламыз, - деді В.Назаров.

Қос тарап инвестициялық әлеуетке тоқталды. Павлодар облысындағы арзан электр энергиясы, өңірдің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы және «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында қарастырылған жеңілдіктер көршілес өңірдің қызығушылығын тудырып отыр. Павлодарлық көмір, алюминий және глиноземге де сұраныс бар. Өз кезегінде омбылықтар техникалық, агроөнеркәсіптік сала мамандарын дайындауға әзір екенін айтты. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын, май, мұнай, макарон өнімдерін жеткізуге ниетті.

Айта кетелік, былтыр өңірімізге 500 млн. АҚШ доллары болатын өнім әкелінді. Ал павлодарлық кәсіпорындар ресейлік нарыққа құны 618 млн. АҚШ доллары болатын өнім экспорттады. Мәселен, былтыр «Рубиком» және «Смак» кәсіпорындары 200 тонна жартылай дайын фабрикаттар, «Кэмми» 200 тонна және «Foodmaster» 170 тонна өнімді Омбы облысының сауда орындарына жеткізді.

Көршілес аймақ делегациясының Павлодар облысына сапары барысында шығармашылық ұжымдардың концерті, суретшілер көрмесі жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ресейлік мамандар бірқатар павлодарлық кәсіпорын жұмысымен таныспақ.

 

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

 

irstar.kz