Іле-шала осыдан кейінгі Ақ ордадағы мәжіліс-отырыстарда, қадау-қадау бірді-екілі министр мен облыс әкімі болмаса, Елбасының ескертпе сөзінен кейін қазақ тілінде өте бастады. Мәселен, сейсенбі күнгі Үкімет отырысында алғашқылардың бірі болып сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндамаларын тек қазақ тілінде жасады...

Бір сөзбен айтқанда, сең қозғалды, Елбасының сөзі қаперге алынды, Ақордада ана тіл төрге озды. Баянды болғай!

Иә, Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, о бастан, Тәуелсіздік алған күннен бастап «Қазақпен қазақ бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесуге тиіс» еді... Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 26 жыл ішінде қазақ тілін ауызекі емес, тіпті тереңінен білуге зор мүмкіндіктер жасалып еді... Қаншама қаражат бөлініп, қаншама әдістемелік оқулықтар шығарылып еді... Қазақ тілін оқытатын курстар ашылып, арнайы мамандар даярланып еді... Өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілге қатысты байқаулар ұйымдастыру дәстүрге айналып, шала-шарпы сөйлеп, ән айтып, би билеп бергендерді баланың тілін, қылығын қызықтағандай, риза болып, сый-сыяпат үлестіріп келген едік. Бұл рас! Енді міне, 26 жыл ішінде қазақ тілін үйренбегендер, қаласын, қаламасын, қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүр болды.

Міне, ел болып талқылаған латын қарпіндегі әліпбидің жаңа нұсқасы қабылданды, кезінде Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған әліпби оралды, Елбасы Н.Назарбаев ана тілімізді өз даму жолына салуға қатысты мәселені дер кезінде қолға алды, енді тілдің көкжиегі кеңейеді, өйткені Үкіметтен бастап барлық жиындар қазақ тілінде өтетін болды.

Ал біздің аймақтағы ахуал қандай?

Бүгінгі таңда мемлекеттік меке-мелердегі қызметкерлердің басым көпшілігі - қазақтар. Олардың тең жарымы - еліміз Тәуелсіздік алған-нан кейінгі жылдары тәрбиеленіп, білім алғандар. Бір «әттеген-айы» осы қызметкерлер ісқағаздарын орыс тілінде жүргізуге, жауап беруге шебер-ақ. Сондай-ақ, үлкенді-кішілі жиылыс-отырыстардың бәрінде баяндамашылардың «Саламатсиздар ма? Бугынгы жиналыстын кун тартибинде карылатын маселелер туралы айтып отейн...» деп сөздің «Әлқиссасын» шала-шарпы, тілі шықпаған баладай былдырлап бастап, «... енды руксат етсениздер, баримизге тусыныкты орыс тылынде жалгастырайын» деп алып, «Здравствуйте, уважаемые участники...» деп, тайпалған жорғадай аға жөнелетінін көпшілік қынжылыспен айтады. Енді алдағы уақытта ана тілге қатысты мұндай келеңсіз ахуал кездесе қоймас деп сенеміз. Бұл мәселе туралы облыс Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Сәуле Османоваға хабарласқанымызда ол былай деді:

- Республикада жасалған кесте бойынша Павлодар облысы ісқағаздарын қазақ тіліне көшіруге 2008 жылы кіріссе, өткен жылы бұл жұмыс 100 пайыз орындалып, аяқталды. Қазір мемлекеттік мекемелерде аудармашы деген мамандық жоқ, қазақ тіліндегі мәтіндерді түзететін «корректор» деген мамандық иелері бар. Заң талабы бойынша әр басшы, қызметкер қазақ тілінде, қажет болған жағдайда ресми тілде қызмет көрсетуі тиіс. Біздің аймақтағы әкімдердің басым көпшілігі - қазақ, бәрі де ана тілдерін біледі, - дейді ол. - Әрине, бұдан былай кез келген жиылыс қазақ тілінде өтуі тиіс. Бұл ешқандай қиындық тудырмайды. Өйткені аудан, қала, облыс әкімдіктеріндегі және кез келген үлкен мәжіліс залдарында аударма-қондырғылары бар, аудармашы жұмыс істеп отырады. Сондай-ақ, материалдар алдын ала тапсырылады. Сондықтан мәжілістің қазақ тілінде өтуіне, өзге ұлт өкілдеріне немесе қазақ тілін жете түсінбейтіндерге ешқандай кедергі болмайды, - дейді Сәуле Ғабдулжапарқызы.

Иә, Тіл - елдіктің негізгі шарты, елдің тағдыры. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілдің тағдыры туралы сөз қозғап, дамыту, тіл аясын кеңейту туралы ұсыныс-пікірлерін айтып келеді. «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп Қазақстан Республикасы ұстанып отырған тіл саясатының мәнін атап өткен-ді. Бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Ендеше, ел болып ана тіліміздің қадір-қасиетін арттырып, төрдегі тұғырлы орнына оздыратын уақыт жетті.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz