Үйдегі компьютерден оны-мұны шұқылап отырған Қамшыбек ағай үстелді жуан жұдырығымен қойып қалды да: «Гүлжапыраааақ!» деп айқайлап жіберді! Ас үйде жүрген бадырақ көз жеңгей баж ете түсті.

- Не болды саған? Таң атпай тарғыл әтештей айқайлап!

- Не болғанын кел де, көр! Ұлыңның не бүлдіріп жүргенін байқамайсың ба?

- Ойбу, оған не болыпты?

- Кел де, қара! Суреттерінің сиқы!

Сол сәтте жеңгейдің басына небір ойлар лек-легімен келіп жатты. Қап, бәлем, тағы не бүлдірді екен?.. Өткенде сыныптас қыздың шашынан тартқылап ойнағаны үшін ата-аналар жиынында оңбай сыналған еді. Ұяттан өртеніп кете жаздағанын Гүлжапырақ әлі ұмыта қойған жоқ. Осыдан соң баласы тәртібін түзеп, оқуына тиянақты барып, тіпті спортпен де шұғылданып жүрген. Енді не болып қалды екен? Тура бір тірілген динозавр көргендей жаман күйеуінің айқайлағаны несі? Тапырақтап келген әйелі сүріне-қапабына компьютерге шұқшиды.

- Міне, қара!

Қамшыбек ағай қалшылдап отыр. Мұз үстінде билеп жүрген ұлының суретін көріп, анасы таң қалды.

- Құдай-ау, бұл менің қошақаным ғой! Қасындағысы кім? Өй, мынау әлгі сыныптасы Ғазиза ма? Өткенде шашынан тартқылап ойнағаны осы қыз емес пе еді? Құлыным-ау, таңдап алған спортын қарашы! Мәнерлеп сырғанау спорты керемет қой!

- Әй, Гүлжапырақ, сен де айтады екенсің! Баланы тыяды деп саған сеніп отырған мен ақымақ!

- Ойбай-ау, сонша айқайлағанға төбемізден қара аспан төніп тұр ма десем! Мұның несі жаман?!

- Балаңның киім киісіне, жүріс-тұрысына қарадың ба? Тура қыз секілді. Қырық бұратылған мұндай спорт ойыны құрысын! Барғысы келсе, аңдысқанды алып соғатын күреске барсын. Бокс үйірмесіне қатысса несі жаман? Күші бойына сыймай бара жатса, зілтемір көтерсін! Ер балаға мұз үстінде жарты тәні жалаңаш қызбен би билеу қандай абырой әкеледі?

- Міне, көрдің бе, Қамшыбек! Бәленің бәрі өзімізден! Біз теріс ойлаймыз. Ұлымыз ол қызбен би кешінде билеп жүрген жоқ. Бұл – спорт. Бұл – өнер! Қысқы олимпиада ойындарында медаль ала алмаймыз деп аузымызды қу шөппен сүртеміз. Баламызды қысқы спорт үйірмесіне бермесек, намысымызды өзгелер қорғамағанда қайтеді? Әйтпесе, біздің балалардың қысық көз қытайлардан, анау немістер мен канадалықтардан қай жері кем? «Аспаннан киіз жауса да, қайыршыға ұлтарақ бұйырмайды» деген. Алты ай қыста, ақ қар көк мұздың астында жатып олимпиада медалін мойнымызға таға алмағанымыз анау қар көрмеген құрлықтағылардан ұят!

- Өй, біз шаңғы мен коньки тебе алмаймыз. Жалқаумыз ғой!

- Егер де жалқау болсақ, тым болмаса шана спортына неге қатыспаймыз? Шана спорты - нағыз қазақтардың ойыны. Шананың үстінде аман-есен шалқаңнан жатсаң болды! Басқа ештеңе істеудің қажеті жоқ.

Жеңгейдің сөзінен соң Қамшыбек ағай қипақтап, ойланып қалды. «Шынымен де, осының сөзінің жаны бар-ау...».

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz