Жуырда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев байқауда үздік шыққан 200 жеңімпазды арнайы марапаттады. Солардың қатарында Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің орыс тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Гүлнәр Сүйінова, Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлфира Өтепова, қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Майгүл Оразханова, Педагогика кафедрасының профессоры педагогика ғылымының кандидаты Жанар Байсейітова және Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, PhD докторы Арман Ахметов бар.

- «ЖОО үздік оқытушысы» атағы әр ұстазға 10 жылда бір-ақ рет қана беріледі. Сондықтан да конкурсқа 2007-2016 жылдар аралығында марапатталған жеңімпаздар қатысқан жоқ. Осы байқау барсында жеңімпаздар төсбелгі мен сертификатпен ғана марапатталып қойған жоқ. Бұдан бөлек, бізге біліктілікті арттыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында шетелдің үздік оқу орындарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін грантқа ие болдық. Бұл - біз үшін үлкен мүмкіндік әрі зор қуаныш, - дейді PhD докторы Арман Ахметов.

Аталмыш байқауға еліміздегі 79 жоғары оқу орнынан барлығы 459 үміткер қатысқан. Нәтижесінде 53 жоғары оқу орнының ішінен 49 ғылым докторы, 121 ғылым кандидаты, 29 PhD докторы мен 6 магистр үздік атанған.

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz