- Қобыланды, бүгінгі күнге дейін қандай да бір жетістікке жетсең, ол - ұстаздан алған білім мен тәрбиенің нәтижесі. Жалпы, қай оқу орнында қандай танымал әртістерден тәлім алдың?

- Мен - Баянауыл ауданының Егіндібұлақ ауылының тумасымын. Орта мектептен кейін, Павлодар музыкалық колледжіне түсіп, музыкалық білім беру саласы бойынша тәмамдадым. Өнер әлемінің табалдырығын осы жерде аттадым десем болады. Колледж-ден кейін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне түсіп, театр және кино актері мамандығы бойынша төрт жыл білім алдым. Мұнда қазақ өнерінің талай майталмандарын тәрбиелеген белгілі профессор Ақыш Омаровтан тәлім алдым. Ол кісі менің өнердегі және өмірдегі ең үлкен «пірім» десем, артық айтқандық болмас. Сонымен қатар, Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрдың белді артисі Жанқалдыбек Төленбаев ағамыздан көп нәрсе үйрендім. Өнер саласындағы қызметімді үшінші курста оқып жүрген жылы «Астана Мюзикл» театрында бастадым. Оқу бітіріп, қолға диплом алған соң, бірден өзімнің туған жерім Ертіс-Баян өңіріне тартып кеттім. Жалпы, оқуымды тәмамдағаннан кейін қызмет жолымды осындай шет өңірлерде бастап, шыңдалу – менің арманым болатын. Павлодар театрында өткен жылдың қыркүйек айынан бері қызмет етудемін.

- Облыстық Ж.Аймауытов атындағы театрда алғаш қай спектакльге қатысып, қандай рөлді сомдадың?

- Мен жұмысқа қабылданған кезде Рахат Халық есімді тағы бір жас актер Астанаға ауысты. Мен келе сала сол жігіттің рөлдерін алуыма тура келді. Сол кезде біздің театрдың сахнасында Әлімбек Оразымбетовтің «Бір түп алма ағашы» спектаклінің қойылымы жүріп жатқан еді. Маған режиссер Тұрсын есімді кейіпкердің рөлін берді. Оны маған дейін сол Рахат ойнап жүрген екен. Негізі біреудің орнына келіп, бұрын-соңды дайындалмаған рөлді алып шығу өте қиын болады екен. Себебі спектакль сахнада бірнеше рет қойылғандықтан басқа әртістер әлдеқашан дайындалған, яғни өз рөлдерін әбден сіңіріп алған. Ал төтесінен келген адам үшін оларды қуып жету оңай емес. Мұндайды театр тілімен айтқанда «вотқа түсіп қалу» дейді. Тіпті, театр әртістерінің арасында «вотқа түскенше отқа түскен артық» деген де сөз бар. Осындай жағдайға байланысты айтылған ғой. Бірақ күні-түні тынбай дайындалудың нәтижесінде өз міндетімді тез меңгеріп кеттім. Одан кейін «Адасқандар» спектаклінде адасқан жігіттің бейнесін сахналап, көрерменнің жоғары бағасын алдым. Ал қазір «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» премьерасына дайындалудамыз. Мен мұнда Қозыны бейнелеймін. Жалпы драмалық-психологиялық туындылар менің жаныма жақын. Алдағы уақытта да осы бағыттағы кейіпкерлер ұсынылса, қуана-қуана қабылдаймын.

- Сен «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетілген «Көзайым», «Екі жүз» телесериалдарына және «Қанмен жуылған қар» атты тарихи көркем фильмге түстің. Мұндай киноларға кастинг арқылы өттің бе?

- Жоғары оқу орнының үшінші курсында оқып жүріп, «МузАрт» лайф жобасына қатысып, бағымды сынап көрген едім. Дәл сол кезде «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсіріле бастаған «Көзайым» телехикаясына ұсыныс түсті. Мен де бірден келісімімді бердім. «Көзайымда» режиссерлер бас кейіпкердің жақын досы Сырым деген жігіттің рөлін тапсырды. Одан кейін «Екі жүз» деп аталатын телесериалға қатыстым. Ал Қарағанды лагері туралы «Қармен жуылған қан» атты тарихи көркем фильміне кастинг арқылы өттім. Кастингке барлығы алпысқа жуық үміткер келіпті. Арасында кәрісі де, жасы да, танымалы да, танымайтыны да бар. Режиссері – атақты «Жамбыл» көркем фильмін түсірген Ануар Райбаев. Сынақ оңай болған жоқ. Екі режиссер екі жағымда тұрып, небір тапсырмалар берді. Жылайтын кезде жылап, күлетін кезде күлдім. Қуанатын сәтте қуанып, мұңаятын сәтте мұңайдым. Күтпеген жерден кастингтен өтіп, киноның бас кейіпкері Әлихан Сейдахметов деген офицердің рөлін бейнелеу бақыты бұйырды. Жалпы, туындының мазмұны өте терең, мән мағынасы күрделі. Сондықтан сөзбен жеткізу мүмкін емес. Арнайы көрген адам ғана түсінеді. Туынды сәтті шықты деуге болады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының көркем фильмдер рейтингінде көш бастауы – соның айғағы. Еліміздегі үлкен қалалардағы кинопарктерде көрсетіліп, көрерменнің ықыласына ие болды. Одан кейін «Нар-Медия» продакшн компаниясы түсірген «Топыраққа тамған тер» телехикаясында баста рөлді ойнадым. Жақында «Қазақстаннан» көрсетіледі.

- «Қанмен жуылған қарда» кеңес әскерінің бейнесін көрсеттім деп отырсың. Бұл қаншалықты ауыр болды? Кастингтен өтуін өтіп алсаң да, кейін берілген образды қалай ашар екенмін деген күмән туған жоқ па?

- Жалпы, осындай күрделі туындыларға түсу менің арманым еді. Себебі бұл - жай көркем фильм ғана емес, қазақ халқының басынан өткен зобалаң жылдардың зардабын кейінгі ұрпаққа көрсететін тарихи дүние. Оның үстіне маған жағымсыз кейіпкердің емес, мейірімді әскери күзетшінің рөлі бұйырды. Оқиға желісі бойынша, мені әйелдер лагерінің күзетшісі етіп қояды ғой. Ал ол лагерьге соғыс жылдарында түрмеге түскен халық жауларының әйелдері қамалады екен. Онда қазағы бар, басқа ұлттың өкілдері бар, мыңдаған әйел жазасын өтейді. Ал мен қанша жерден әскери адам болсам да, оларға жасырын түрде қолдан келгенше көмегімді көрсетемін. Сол кезде бір орыс әйелі мені ұнатып қалады, менің де махаббатым оянады. Сонымен екеуіміздің арамызда бір сәби дүниеге келеді... Бұл жерде режиссерлер қазақ халқының қанына біткен мейірімділікті, мәрттікті және жанашырлықты көрсеткісі келді. Сондықтан мұндай тарихта қалатын туындыларға түсу әрбір актердің арманы емес пе? Ал осы кинода өнер көрсету арқылы менің бір арманым орындалды деп айтала аламын.

- Оқу бітіргенің кеше ғана, дегенмен кино және театр саласында бірқатар басты рөлдер бұйырыпты. Жалпы, сен үшін киноактер болған ұнай ма әлде театр сахнасы тарта ма?

- Негізі, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Қойылатын талаптары да, берілетін тапсырмалары да әртүрлі. Мен театрды «әртістің спорт залы» деп санаймын. Спектакльге де, киноға да осында «шынығамыз». Мұнда дубль жоқ, үзіліс болмайды. Өзіңнің қалаған уақытыңда келіп дайындала беруіңе болады. Театрда шынайылық бар, қарапайымдылық басым. Қай әртістің нақты қандай деңгейде екенін көрсететін де - осы жер. Мысалы киноны халық телеарна арқылы көреді, ал спектакльде көрермен алдына «тірідей» шығамыз. Өзіңнің қандай деңгейде өнер көрсеткеніңді халықтың құрмет-қошеметінен бірден білуге болады. Сондықтан театр мен киноның азабы мен қуанышы мүлдем бөлек. Меніңше, театр мектебінен өтпеген адам, кинода берілген рөлді сәтті ойнауы неғайбыл. Кино арқылы танымал болған әріптес ағаларымыздың барлығы кезінде театр сахнасында өнер көрсеткен. Тіпті артистерді айтпағанда, жарық берушілер, музыка қоюшылар, киім тігушілер секілді сахна сыртында жүретін мамандар да бұл ортадан кете алмайды. Өйткені театр адам жанын өзіне баурап алады.

- Қобыланды, өнер әлемінде бағың жана берсін. Уақыт тауып, сұхбат бергеніңе рақмет!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz