Технологиялық және зерттеу институттарының бітірушілері дәл осы сәтте әлемді өзгерте алады. Байқасаңыз, танымал Снэпчат қосымшасын Стэнфорд университетінің студенттері ойлап тапқан. Егер мемлекет әлемдегі ең мықты университеттерінде білім алуға мүмкіншілікті беріп жатса, оны жіберіп алмау керек. Мұндай оқу ордаларына оқуға түсу оңай емес. Әлемде білім саласы бойынша көш бастап тұрған білім ордасында оқып жүрген қазақстандық студенттерді көргенде мақтанамын.

Өзімнің Нью-Йорк университетін таңдаған себебім – бұл оқу орны қайнап жатқан өмір ортасында орналасқан. Бір ғана Нью-Йорк қаласында 8,5 миллион халық тұрады. Нью-Йорк қор биржасы, Уолл Стрит, туристерден босамайтын Таймс Сквер, Манхэттен, Бруклин көпірі, Бостандық ескерткіші, 9/11 мемориалы – аса танымал нысандары бар.

Шетелдегі сабақ тек қана оқулықпен шектелмейді. Қарастырылатын мәселені тереңдетуге қатысты жұмыс тапсырмалары көптеп беріледі. Ол оқуға берілетін «Нью-Йорк Таймс» не «Уолл Стрит Джорнал»-дың мақалалары, слайд жасау арқылы презентация түріндегі тапсырма, сабаққа шақырылатын журналист, профессор, іскер адамның дәрісі болуы мүмкін. Әрине, мұның барлығы студентке материалды тереңірек, жан-жақты ұғындырып, жұмысты өз бетінше, дербес істеуге үйретеді. Сонымен қатар, қиындыққа ұшыраған компаниялардың ахуалын топпен бірге талқыға салып, сараптама жүргізіп отырамыз.

Сабақ жүргізудің стилі, студенттердің ынтасын арттыратын әдістер, университеттен қандай да бір қызмет алудың жеңілдетілген түрлері таң қалдырмай қоймайды. Әр нұсқаушының сабақ жүргізгенде өз әдісі мен стилі бар. Осы семестрде маған сабақ беріп жүрген төрт нұсқаушының ішінде бір профессор туралы айтпай кетуге болмас. Жасы 66-да, университеттен бөлек атқаратын қызметі бар. Сабақ сайын өтетін жаңа материалды әуелі үй тапсырмасы ретінде беріп, содан кейін барып оны талқылауға кіріседі. Стилі деген осы. Бұл студенттердің өздігінен білім алу, іздену, ағылшын тілі екінші тіл болғасын өзге тілде материал әзірлеу дағдыларын тез меңгеруіне септігін тигізеді. Кей профессорлар студенттердің сабаққа деген ынтасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Сондай әдістердің бірі - сұрақ-жауап түрінде өтетін ойын. Оның шарты бойынша аптаның ішінде болған маңызды жаңалықтарға қатысты бес сұраққа жауап беру. Бес сұраққа дұрыс жауап берген студенттің семестр соңында шығатын қорытынды бағасына тағы бес ұпай қосылады. Енді университеттің жеңіл әрі озық қызмет алудың түрлеріне келсек, алысқа бармай-ақ, студенттік билетті алып көрелік. Өзім университет бітіргелі қай заман, біз оқығанда әшейін қағаздан жасалған студенттік билеттер берілетін еді. Қазір заман өзгеріп, магнитті жолағымен, штрих кодымен электронды билеттерді қолданып жүр. Есесіне ол төлем карта ретінде де қолданылады. Принтер орталығынан не кітапханадан оп-оңай, ешкімнің қатысуынсыз керек қағаздарыңызды шығарып аласыз. Карта қолданғаныңыз үшін кофе не басқа тағамдарға жеңілдік аласыз.

Ал енді осы карталардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, электронды технологиялардың кідіріссіз жұмыс істеп тұруына әрине сауатты менеджмент себеп. Сауатты менеджменті бар компания немесе ұйым кез келген дағдарысқа төтеп бере алады. Дағдарыстың сан алуан түрі де болады – қызметкерлердің жаппай ереуілге шығуы, мұнайдың теңізге төгілуі, көпқабатты үйдің қирауы, кұрылыс компанияларының сан соқтырып кетуі және т.т. Бірақ осы дағдарысты болдырмаудың алдын алуға болады. Айталық, вирус университеттің электронды жүйесіне зақым келтіріп, бүкіл ақпараттың жоғалуына әкелсе не болады? Дағдарыс болады. Неге? Себебі ішкі жүйесін қалыпқа келтіруге уақыт керек. Алайда вирустың жүйеге кірмеуіне кедергі келтіруге болады ғой. Ол - лицензиясы бар арнайы мекемеден сатып алынған антивирус бағдарламасын орнату.

Нью-Йорк университетінде түрлі мамандықтарды ұсынатын мектептер мен департаменттерді, кампустарды, кітапханаларды айтпағанда, сан алуан қызметтер мен орталықтар жұмыс істейді. Әлемнің төрт бұрышынан келген студенттерге мінсіз қызмет көрсету оңай емес екені рас. Дегенмен университет көпұлтты, көпмәдениетті, көпнәсілді қоғаммен байланысты дұрыс жолға қойған. Студенттермен тығыз байланыста болудың басты құралы - ол электрондық пошта. Бір күнде студент кемінде бес-алты хат ала алады. Ол халықаралық студенттер орталығынан, магистранттар орталы-ғынан әр түрлі мәдени шаралар мен кештерге шақырулар түріндегі хаттар болуы мүмкін. Жоғары жақтағы өзгерістер мен мәселелер турасындағы хаттар оқу ордасының президенті мен ректорынан келуі мүмкін. Қосымша семинар мен дәріс сабақтарына, іскер адамдармен кездесуге арналған хаттар институт деканы мен академиялық кеңесшіден келуі мүмкін. Оқу орны апталығының электронды таралымы да бар. Сол себептен университететтің тыныс-тіршілігі туралы студенттер ұдайы құлағдар болып отырады.

АҚШ-та тек жергілікті студенттердің ғана емес, басқа мемлекеттердің өкілдерімен танысып, араласуға жақсы мүмкіншіліктер бар. Мәселен, менің тобымда түрлі ұлттардың өкілдері – Қытай, Үндістан, Франция, Колумбия сынды мемлекеттердің азаматтары оқиды. Олар маған өз мәдениеттерінің нағыз таратушылары боп көрінеді. Мысалы, Қытай мен Үндістан студенттерінің ұшқыр ойлау жылдамдығы, технологиялардың соңғы жетістіктеріне тез бейімделуі таңқалдырмай қоймайды. Америкалық-тар өте ашық, тез тіл табысатын халық екен. Колумбиялықтар өте эмоцияналды халық.

Елден жырақта жүріп, біз өзіміздің шағын қазақстандық қоғамды құруға үлесімізді қосудамыз. Соңғы жылдары қазақстандық студенттер Нью-Йорктың орталық саябағында қыркүйек айында бас қосып отырады. Басты мақсат – жаңадан келіп жатқан студенттермен танысу. Біз арамызды үзбей келеміз. Ортақ чат ашып, қандай да бір маңызды шаралар болсын бірге атап өтуге тырысамыз.

Шетелдік білім берудің қазақстандық студенттерге берері мол. Алдымен, шетелде оқығысы келген адам шынымен де шетелде не үшін оқығысы кеп жүр? Қай елде? Қай университетте? Осы сұрақтарды өздеріне қоя білуі керек. Әншейін шетелдік диплом үшін немесе түйіндемеде шетел университетін бітірдім деген сияқты құр сөзі үшін оқыған студент еш мақсатқа жетпейді. Ең бастысы, шетелде оқыған студенттер түрлі мәдениеттермен танысып, әлемдік ғылым мен білімге қол жеткізеді.

Арнайы «Сарыарқа самалы» үшін

Ламбриан ТОПУЗОВ, Нью-Йорк университетінің магистранты, АҚШ.

saryarka-samaly.kz