Павлодар облысының атынан бұл тізімге белгілі бір салада жетістікке жеткен 300-ден астам азамат ұсынылған болатын. Ғаламтор арқылы жалпыхалықтық онлайн дауыс беру арқылы оның 5-еуі республикалық «100 жаңа есім» жобасының тізіміне қосылды. Солардың қатарындағы жас ғалым, жерлесіміз Жанар Байсейітова 2017 жылдың қорытындысы бойынша республика көлемінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды. Жас ұстаз Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде қызмет істейді.

Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 200 педагог қатысқан. Байқау комиссиясының мүшелері ең үздік оқыту-шыны соңғы 5 жылда атқарған еңбегіне қарап бағалады. Жүзден жүйрік атанып, өңіріміздің намысын қорғаған Жанар Байсейітова 2 мың айлық көрсеткіш көлемінде грант жеңіп алды. Маңдай термен келген бұл қаржыны ғылым жолына жұмсамақ. Сонымен қатар, байқау жүлдегерлері 12 айдың ішінде республикалық, халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуға мүмкіндік алды.

- Бір жылдың көлемінде аталмыш грантты жүзеге асыру қажет. Бұл ретте журналдарға мақала жариялап, біліктілік арттыруға болады. Сонымен қатар, шетелде тәжірибеден өту қажет. Ол үшін шетелдік ең үздік 500 жоғары оқу орнының ішінен таңдауға тиіспіз, - дейді жеңімпаз.

Жанар Байсейітова – Қазақстан Республикасының жас ғалымдарына берілетін мемлекеттік ғылыми стипендиясының лауреаты. Оның ғылыми зерттеу жұмыстарының барлығы Павлодар қаласының жоғары оқу орындары мен мектептерінің ғылыми-әдістемелік үрдісіне енгізілді. Бүгінгі күнге дейін ол 120-дан астам ғылыми мақала жариялады. Халықаралық деңгейдегі Skopus базасында 4 зерттеу жұмысы жарық көрді. Студенттерге арналған 6 ғылыми-әдістемелік құралдың авторы. Оның біреуі ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша жазылған. Тағы екі әдістемелік құрал «East West» Association for Advances Studies and Higher Education GmbH» (Вена, Австрия) баспасында басылған. Ал 2015 жылы «Девиантты тәртіп: теориясы мен тәжірибесі» атты монографиялық жұмысы жарияланды.

Ж.Байсейітова білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіруге тырысады. Бұған дейін Еуропаның Чехия, Италия, Австрия, Германия елдерінде, Ресей мен Түркияда ғылыми тәжірибеден өткен. Былтыр Жанар Байсейітова «Шетел тілі – екі шетел тілі» бағыты бойынша бакалавр дәрежесін иеленді. Осылайша, үш тұғырлы тіл саясатының дамуына өзіндік үлесін қосып отыр.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz