Қазіргі таңда 10-ға жуық мүгедек және балалары сал ауруына шалдыққан аналарды қанатының астына алып, көмек көрсетіп келеді. Солардың бірі 25 жасар Әйкерім Сәкенова. Ол бұл ортаға қалай тап болды? Басына түскен қиындықты қалай жеңді?

Адам баласы өткенін білгені мен ертеңгі күнінің қалай боларын білмейді. Әйкерім де өзге қыздар тәрізді тұрмыс құрып, жұмыс істеп, бала сүйген бақытты аналардың бірі болатын. Алайда оның маңдайынан тағдыр сипай қойған жоқ. Ол 23 жасында тар төсекке таңылды.

- Өмірімнің аяқ астынан өзгергеніне алғашқы кезде көндіккім келмеді. Бірақ шарасыз едім. Ана үшін баласынан айырылып, кейіннен өзің сал болып қалу деген үлкен қасірет екен. Қанша уақыт ес-түссіз жатқанымды білмеймін, Астана қаласында ес жидым. 29 кг-ға дейін арықтап, мүгедектерге арналған арбамен жүруге мәжбүр болдым. Бірақ менің өмір сүруіме, бұл қиындықпен бетпе-бет қалып күресуіме қызым Аянам себеп болды. Ал жолдасым бір күн менің қасымнан кетпей, әркез маған «жеңеміз» деп күш берді. Сәл өзіме келгеннен кейін интернеттен біздің қалада мүгедек адамдарға көмек қолын созатын қандай ұйым бар екенін іздеп көрдім. Сондағы бар тапқаным осы «Үміт үзбеу» қоғамдық қоры болды. Бірден қордың директоры Гауһар Омарова ханымға телефон шалып ем, қаржылай мүмкіндігі жоғын, алайда жұмысқа алатынын айтты. Осылайша мен осында қабылданып, жұмысқа орналастым. Алғашқы жылы айына 22 мың теңге жалақы алсам, қазір 25 мың теңге болды, - дейді Әйкерім.

Өткен жылы өз қатарластарымен бірге кешенді тестілеуді тапсырып, ПМПУ-дің күндізгі бөліміне мектепке дейінге балаларды оқыту мамандығы бойынша грантқа оқуға түскен.

- Соңғы бір жылда өзімде үлкен бір күштің пайда болғанын байқаймын. Осы жағдайымда тегін оқуға түсемін деген ой мүлдем болмады. Бірақ бағымды сынап көру үшін барған болатынмын. Қазір менің сыртқы келбетіме қарап, ешкім мүгедек адам екен деп ойламауы мүмкін. Алайда денсаулығыма байланысты әлі де мазалайтын жайттар өте көп. Бір басымда 15 аурудың диагнозы бар. Бірақ бұлар енді менің жігерімді жасыта алмайды. Қазіргі таңда жұмысым бар, оқуым бар, отбасым бар. Ең бастысы, кім үшін, не үшін өмір сүретінімді білемін. 12 мүшесі сау жүргенде адам баласы көп ойлана бермейді екен. Қазір өз замандастарымның арасында «жұмыс жоқ» деп сылтаурататындарды көргенде ойланамын, дені сау адамға жұмыс табу қаншалықты қиын екен деп. Мысалы, мен бір ғана «Үміт үзбеу» қоғамдық қорына келіп, тігін тігіп қана жүргенім жоқ. Демалыс күндері ет сататын жерлерге барып, аяғыма салмақ салмайтын түрлі жұмыстарды істеп, 1000-1500 теңге тауып келемін. Бәріміздің әдемі өмір сүргіміз келеді, бірақ жанымызды қинап жұмыс істеп, еңбектенуден қашамыз, - дейді Ә.Сәкенова.

Қазіргі таңда Астана қаласында сәуір айында күтіп тұрған кезекті емі үшін жанталасып еңбектеніп жүрген жас ана туралы аталмыш қордың директоры Гауһар Омарова былай дейді:

- Алғаш осында келгенде Әйкерімді көріп қатты аядым. Көзінде нұры жоқ, өмірдің сынағына бой ұсынған, тіпті өзінің қайтадан қалыпты өмірге келетінінен үмітін үзіп қойғандай көрінді. Бірден жұмысқа қабылдап, арасында психолог мамандардың көмегіне жүгініп, небары 1 жылдың ішінде үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Қазір Әйкерімнің алдына қойған мақсаттары бар, өзіне не керек екенін жақсы біледі. Тіпті, өзгелерге көмек қолын созып, ақыл айтатын күнге жетті. Өте еңбекқор қыз. Ал «Үміт үзбеу» қоғамдық қоры 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері бізге өмірдің алуан түрлі сынағына тап болған талай адам жүгінді. Бөліп беретін қаражатымыз болмаса да, рухани жағынан, тығырықтан шығатын өзге де жолдарды бірлесіп іздейміз, - дейді ол.

«Үміт үзбеу» қоғамдық қоры өткен жылы Бүкіләлемдік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп ұсынған «Zhas project» пилоттық жобасына қатысып, 1 млн. теңге грант ұтып алса, «Самұрық Қазына» ұйымдастырған байқаудан 2 млн. теңгенің грантына ие болған. Осылайша тігіншілік кәсіптің іргесін кеңейтіп, балаларға арналған алуан түрлі бұйымдарды тігуді жолға қойып келеді. Қордағы қыз-келіншектердің қолынан шыққан бұйымдарға биліктің де назары ауып отыр.

Түйін:

Қазақы қалпымызға тән қайсарлығы бар жас ана Әйкерімнің алдағы алар асуының биік боларына кәміл сенеміз.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz