Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ернұр Байғұрманов өңірлік коммуникация-лар қызметінде өткен брифингте тұрғындардың дені салық төлеуден қашпайтыны, тек кейбірі ұмытып кетеді, ендібірі мүлде хабарсыз болып шығатынын алға тартты. Осындай жайттардың алдын алу мақсатында бірқатар шараны қолға алыпты.

- Жеке және заңды тұлғалардың басым бөлігінің салық төлеуге мүмкіндігі де, қауқары да бар. Десе де, олардың көпшілігі салық төлеу мерзімін естен шығарып жатады. Сондықтан қызметкерлеріміз салық төлеушілер ұжымдарымен осы мәселелер бойынша жиі жүздеседі. Көшелерге түрлі билборд пен маңдайшалар іліп, әлеуметтік желідегі белсенділікті арттырып келеміз, - деді Е.Байғұрманов.

Биылдан бастап облыстағы 30-дан астам ауыл төртінші деңгейлі бюджетке көшкені белгілі. Бұл ретте сол елді мекенде тіркелген үй мен көлікке салынатын салық, әкімшілік айыппұлдар жергілікті әкімдіктің қазынасына түсе-ді. Е.Байғұрмановтың айтуынша, осы бағытта да жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, әкімшілік және құқықтық қылмыстардың алдын алуға байланысты шаралар қолға алынғанымен, заңды белшесінен басып отырғандар да жоқ емес. Тек өткен жылы квазимемлекеттік секторда мемлекеттік сатып алулар кезінде қаржыны жымқыруға байланысты 57 қылмыс өндірісте болып, 50 қылмыстық іс аяқталды. Департаментке қарасты экономикалық тергеу қызметі экономикалық, салықтық қылмыстардың бетін ашып, бірқатар жалған кәсіпкерлікті анықтады. Айталық, 22 заң бұзушыны қылмыс үстінде ұстап, оларға қатысты тиісті шаралар қолданды. Олардың басым бөлігі жалған есеп фактурасын жазып беру, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, контрафактілік өнімдерді сатуға байланысты болған. Жалпы сомасы 65 млн. теңгені құрайтын 500 тонна мұнайдың заңсыз айналымда болғаны да анықталды. Е.Байғұрмановтың айтуынша, бұған тасымалдаушыларда тиісті құжаттардың болмауы себеп. Нәтижесінде 4 іс сот қарауына жіберілді. Оған қоса, алкоголь өнімдерін дайындайтын 4 жасырын цех пен 3 казиноның жұмысы тоқтатылды.

- Сотқа дейінгі тергеу барысында 7 адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі әшкере болды. Олар облыс көлемінде заңсыз ойын бизнесін жүргізіп, сол арқылы 2,6 млрд. теңге табыс түсіріп, 258 млн. теңге салықты төлеуден жалтарған. Олардың жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгені құрайтын жылжымайтын мүлкіне тыйым салынып, іс сотқа жіберілді, - деді Е.Байғұрманов.

Ведомство басшысы салық пен кеден ісін жетілдіру мақсатында бірқатар тың жоба жүзеге асатынын да атап өтті. Олардың бірі – жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс мобильді қосымша. Сол арқылы тұрғындар көлік пен үйге, жерге қандай көлемде салық төлеуі тиіс екенін кез келген уақытта біле алады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz