Алаш арыстары жайлы көпке беймәлім деректерден сыр шертетін жаңа туындының қысқартылған нұсқасы 22 ақпаннан бастап көрсетіле бастаған. Туындыда 20-ыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының тар жол, тайғақ кешуі көрініс табады. Ұлттың қамын ойлаған арыстардың халықты рухани дамыту жолындағы күресі, Алаш автономиясын құруы, халықты ашаршылықтан арашалауға ұмтылысы, ортақ мұратпен топтасқан зиялылардың өзге де ерліктерінен сыр шертетін «Тар заманның» өңірдегі аты дардай кинотеатрлардан табылмауы жұртшылықтың ренішін туғызуда.

- «Алаш» партиясының 100 жылдығына орай түсірілген «Тар заман» фильмін көрсетуден Павлодар облысының кинотеатр-лары бас тартыпты. Осы жаңалықты естігенде қаным басыма шапшыды. Масқара екен! Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасовтың көркем образдары сомдалған кинофильм аймақ халқын қызықтырмайды деп пайымдаудың өзі сұмдық. Шет елдік фильмдерді көптеп көрсетіп, содан түсетін пайдаға әбден құныққан кинотеатр қожайындары ұлттық санадан, намыстан жұрдай болғаны ма? Әйтпесе «Тар заманды» көруге құмар жұрт аймақта аз деуге сене алмаймын, - деп жазды екібастұздық журналист Жассерік Жәлелұлы өзінің фейсбуктегі парақшасында.

Павлодар қаласындағы Ш.Айманов, «Ертіс Cinema», Batyr mall сауда ойын-сауық орталығындағы «Festival Cinema» кинотеатрларына хабарласып көрдік.

- Бізде отандық туындылар үнемі көрсетіліп тұрады. Қазақ және орыс тіліндегі фильмді барынша көрсетуге тырысамыз. Қазіргі таңда қазақстандық режиссерлер түсірген «Бойжеткен», «Я жених» кинолары жүріп жатыр. Ал «Тар заман» тарихи туындысы бізге әлі түскен жоқ. Алдағы апта қорға келіп түседі деп күтілуде. Бейсенбі күні яғни 8 наурызда репертуарымызды жаңарта-мыз. Егер бізге Алматы қаласынан фильмді жіберетін болса, міндетті түрде қоямыз, - деді «Ертіс Cinema» кинотеатрының маманы (аты-жөнін айтқысы келмеді).

Ал Ш.Айманов пен «Festival Cinema» кинотеатрларында бұл мәселе бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен осы күнге дейін мәдени орталықтардың бірде-біріне «Тар заман» фильмін сұрап хабарласқан көрермен болмапты.

- Біздегі кинотеатрлардың барлығы - жекеменшік. Олар қай жерде табыс көзі бар, қай фильмге сұраныс көп соған қарай жұмыс істейді. Біз әлеуметтік желіде көтерілген мәселеден кейін осы тақырыпты назарымызға алған болатынбыз. Өңірдегі аталмыш кино орталықтары «Тар заманды» көрсетуден бас тартпаған. Айтуларынша, оларға әлі Алматы қаласынан берілмегенге ұқсайды. Дегенмен басшыларының сөзіне сенсек, алдағы аптада фильм көрерменге жол тартуы мүмкін. Осы орайда ескеретін тағы да бір мәселе бар. Ол біздің қазақ көрермендерінің жалқаулығы. Егер күніне 10 адам хабарласып, аталған туындыны сұраған болса, екінші тарап та бұған бей-жай қарамас еді деп ойлаймын, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков.

Бұл фильмге түскен актерлердің ішінде облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі Нұрсерік Кеңесбаев бар.

- Бұл фильмде 200-ден аса кейіпкер бар. Барлығы дерлік өмірде болған тұлғалар. Маған Нәзір Төреқұловтың жастық шағын сомдау бұйырды. Ол небары үш эпизодтық рөл болды. Мұнда ол Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановпен бірге жүріп, сол кісінің кеңестерін тыңдап жүретін кезі бейнеленеді. Ал «Тар заман» Павлодарда көрсетілмейді дегенде, жасыратыны жоқ, қатты қынжылдым. Себебі бұл біздің ұлтымыз үшін, ертеңгі ұрпақ үшін құнды. Фильмді көрсетуден бас тартқан аймақтардың барлығы қазақ тарихынан бас тартып жатқандай көрінді. Кинотеатрларда Американың, Еуропаның фильмдері еш кедергісіз көрсетіледі, - дейді Н.Кеңесбаев.

Айтылған уәждер орынды. Естеріңізде болса өткен жылы жарыққа жыққан «Алмас қылыш» тарихи туындысы да дәл осындай кедергілерге тап болған. «Көрермен жоқ» деген желеумен сандық түбінде сақталған «Алмас қылыштың» қазақша нұсқасы аншлагпен өткені ел есінде. Қазақ көрермені барда қазақ фильмдеріне деген сұраныстың төмендемейтінін естен шығармағанымыз абзал.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz