«Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған игі шараға жұртшы-лықпен бірге облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысты.

- Бүгін - қиын-қыстау жылдарда тағдырдың айдауымен қазақ жеріне келген жүздеген этностарды бауырына басқан қазақ халқына ризашылық білдіретін күн. Бұл мерекенің маңызы жоғары, тарихы тереңде жатыр. Біздің ел - қолындағысын өзгемен бөлісе білетін, бауырмал халық. Сол бір сұрапыл жылдары өзге ұлт өкілдеріне бір үзім нанын бөліп беріп, қазіргі таңда 130-дан астам ұлтпен бір шаңырақ астына тұрып жатқаны - соның дәлелі болар. Ағылшын ойшылы Эдуард «Ақылды адам алғыс айтудан жалықпайды» деген екен. Сондықтан бір-бірімізге әркез жылы сөздерімізді арнап, алғыс айтудан жалықпайық, - деді М.Бегентаев.

Мәдени шара барасында Мейрам Мұхамедрахымұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және Алғыс айту күнін атап өту аясында ұйымдастырылған этникалық мәдениет-тердің XVIII фестивалінің үздіктерін марапаттады. Аудандар арасынан Качир ауданы 1-орынға ие болса, қалалар ішінен Ақсу қаласы көш бастады. Сонымен қатар, жеке, топтық өнер көрсетуде қолөнер шеберлері де назардан тыс қалмады. Үздіктер арнайы дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Айтулы мерекеге орай ұйым-дастырылған кеште әр ұлттың мәдениетінен сыр шертіліп, әні шырқалып, би биленді. Қиын-қыстау кезде бір үйдің адамындай бірлігі жарасып, заманның ауыртпалығын бірге өткерген ұлттардың ұрпақтары бұл жолы да бір сахнаны бөлісіп, татулық пен тұрақтылықтың белгісін көрсетті.

- Ол кезді еске алу - біз үшін өте ауыр. Халқымыз үлкен зұлматты басынан өткерді. Сол жылдарда бізді Қазақстаннан басқа елге жер аударса, аман қалуымыз екіталай еді. Себебі мал таситын вагондарға тиеліп, қыстың қытымыр аязында аш-жалаңаш иен далаға келген адамдарға өзгелер қарайламас еді. Бізді қазақ азаматтары ас-суларымен, жылы киімдерімен қарсы алып, өз үйлерінен орын берді. Біздің отбасымызда 11 бала болды. Барлығымыз осы қиын шақта аман қалдық. Анам үнемі «бизни қазақлыла сау қойғандыла» деп айтып отырды. Оның аудармасы – «Бізді қазақтар құтқарды». Бұл сөз тек біздің отбасымызда ғана емес, мыңдаған адамның, отбасының есінде, - дейді Қабарда-балкар және қарашай-черкес этномәдени бірлестігінің төрайымы Мария Байрамкулова.

Салтанатты жиын барысында өңір-дегі 24 қолөнер шеберінің бұйымдары қойылған көрме ел назарына ұсынылды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz