Шараға облыс әкімі Болат Бақауов, «Ертіс» футбол клубының жанкүйерлері арнайы қатысты. Команда сапында румыниялық Адриан Аврамия, Дору Пападюк, нигериялық Фуад Салами, белоруссиялық Сергей Кисляк, испаниялық Адриан Гомез бар. Қазақстандық футболшылар Алмат Бекбаев, Мидат Галбаев, Берік Айтбаев, Мақсат Әмірханов, Дмитрий Шмидт, Рахымжан Розыбакиев, Владимир Воменко, Кирилл Шестаковтар да енді «Ертіс» футбол клубының құрамында доп тебетін болады. Бұрынғы ойыншылардан Руслан Есімов, Серікбол Қапанов, Никита Калмыков, Александр Кислицин, Павел Шабалин, Илья Калинин, Арман Смаилов, Милош Стаменкович пен Карлос Фонсекалар бар.

- Қашан да жергілікті командадан қолдауын аямайтын жанкүйерлерге алғыс айтамын! Футболдың мәртебесі жанкүйерлерімен ғана биік. Алдағы маусымда біз барымызды салатын боламыз,- деді команданың бас бапкері Жерард Нус.

«Ертістің» жаңа капитаны болып Екібастұз футбол мектебінің түлегі Руслан Есімов тағайындалды!

«Ертіс» 2018 жылғы Премьер-лиганың алғашқы ойынын 11 наурыз күні өз алаңында «Атырау» командасына қарсы өткізеді.

Сондай-ақ 4 наурыз күні павлодарлық «Ертіс» Ресейдің Омбы облысының «Ертіс» командасымен жолдастық кездесу өткізді. Ойынның 13-ші минутында Фуад Саламидің соққан жалғыз голы жерлестерімізге жеңіс әкелді. Осы көрсеткіш ойын соңына дейін сақталып қалды.

Құрметті оқырман, «Ертіс» футбол клубының жаңа құрамымен толығырақ танысқыңыз келсе, газетіміздің алдағы нөмірінен көз жазып қалмаңыз!

saryarka-samaly.kz