Универсиададағы алғашқы жарыс президенттік көпсайыс бойынша өтті. Бәсекеде барлығы 101 спортшы бақ сынады. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының студенттері жүлденің басым бөлігін еншіледі. Үміткерлер сайыстың алғашқы күні шаңғы жарысы мен күштік гимнастикадан шеберліктерін сынға салса, шешуші кезеңде пневматикалық винтовкадан нысана көздеу бойынша мықтыларды анықтады. Қорытынды сайыстың ережесіне сәйкес, әр қатысушы 10 метрлік қашықтықтан 5 мәрте нысана көздейді. Мүлт кетпегендердің қосымша ұпай еншілеуге мүмкіндіктері бар.

- Жыл өткен сайын президенттік көпсайысқа қатысушылардың саны да, сапасы да артып келеді. Үздік нәтиже көрсеткен спортшылар болашақта ел намысын халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарда қорғайды деп сеніммен айта аламын. Мәселен, Павлодар өңірінің спортшысы Дарья Климина сайыстың осы түрі бойынша республикалық Универсиадаларда мол тәжірибе жинап, әлемдік додаларда биатлоннан ел намысын абыроймен қорғап жүр, - деді қысқы президенттік көпсайыстың бас төрешісі Юрий Фролов.

Ерлер арасындағы президенттік көпсайыста М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің командасы алтыннан алқа тақса, күміс жүлде Қостанай педагогикалық университетінің спортшыларына бұйырды. Қола жүлдені Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті қанағат тұтты.

Әйелдер арасында жалпыкомандалық есеп бойынша Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті студенттері өзгелерден оқ бойы озық екендіктерін көрсетті. Екінші орынды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қыздары иеленді. Жүлделі үшінші орынды С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті еншіледі.

- Біз бұл сайысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Универсиаданың басталуына бір ай мерзім қалғанда дайындықты күшейте түстік. Нәтиже жаман емес. Төккен теріміздің ақталғанына қуаныштымын. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жүлделі бірінші орынды жеңіп алдық, - деді жарыс жеңімпазы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің спортшысы Данила Викторенко.

1 шақырымдық қашықтықтағы ерлер мен әйелдер арасындағы командалық шаңғы жарысы да өз мәресіне жетті. Сайыстың бұл түрінде Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының спортшыларының айы оңынан туды. Ерлер арасында аталған жоғары оқу орнының студенттері Наиль Башмаков пен Владислав Ковалевтің жұбына тең келетін ешкім болмады. Екінші орынды да қостанайлық институттың үміткерлері - Руслан Дунентаев пен Сергей Макалов жеңіп алды. Үздік үштікті А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің спортшылары Виталий Пухкалов мен Антон Бутенко қорытындылады.

Ал әйелдер арасындағы 1 шақырымдық шаңғы сайысында Павлодар облысынан шыққан, Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясы студенттері –Анна Шевченко мен Ирина Быкова жеңіс тұғырына көтерілді. Мәре сызығына екінші болып Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының спортшылары Ксения Шалыгина мен Наталья Черных келді. Жүлделі үшінші орынды – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінен Алена Шарабарина мен Дарья Ряжко жеңіп алды.

Универсиада ойындары кестесіндегі шаңғы жарысынан спринт әдісі бойынша 1500 шақырымдық қашықтықта ұйымдас-тырылған сайыста да мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Иван Люфт алтыннан алқа тақты. Күміс медаль А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің спортшысы Виталий Пухкалоға бұйырды. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Наиль Башмаков қола жүлдені қоржынға салды.

Сайыстың осы түрі бойынша әйелдер арасында Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясы студенті, мақтанышымыз - Анна Шевченко жеңістің ең биік сатысына көтерілді. Екінші орынды Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының спортшысы Ксения Шалыгина еншіледі. Үздік үштікті Қазақ спорт және туризм академиясы студенті Ангелина Шурыга қорытындылады.

Әзірлеген - А.ХОНЖ

saryarka-samaly.kz