Облыс әкімі Болат Бақауов пен компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Құжатта көрсетілген сома Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында инженерлік коммуникациялар тартуға, облыс орталығындағы трамвай басқармасын дамытуға, Ақсуда спорттық-сауықтыру кешенін, Павлодарда хоккей кортын салуға, Ақсудың орталық жағалауын көріктендіруге және тағы бірқатар маңызды мәселеге жұмсалмақ.

- Компания қаржысының басым бөлігі спортты дамытуға бағытталады. Мәселен, Павлодар қаласындағы «Астана» мұз сарайында кәсіби спортшылардың жаттығулары жиі өтетіндіктен, өзге балалардың, тұрғындардың дене шынықтыруға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан ата-аналар жаңа мұз сарайын салу қажеттігін айтқан еді. Меморандум аясында бөлінген қаржы аясында көпшіліктің бұл ұсынысы іске асатын болады. Осы іспетті мәселелердің оң шешім табуына атсалысып, кәсіпорындардың, олардың қызметкерлерінің ғана емес, тұтас аймақ жұртшылығының жағдайын жақсартуға үлес қосуға мүдделі компания басшылығына алғыс білдіремін, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Айта кетелік, бүгінде облыстың 22 мыңнан астам тұрғыны «ERG»-ге қарасты өндіріс орындарында жұмыс істейді. Ал компания соңғы 6 жыл дересінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде 11 млрд. теңге бөлді. Бұл қаражатқа түсті металлургия колледжінің студенттеріне жатақхана, екі күрес залы салынып, Баянауылдағы арқанды жол мен облыс орталығында бассейннің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, Астана қаласының 20 жылдығына облыс тартуы ретінде бас қалада салынып жатқан велосипед жолының құрылысын да аталмыш компания қаржыландырды. А.Машкевич алдағы уақытта да қолдау жалғасын табатынын айтты.

- Әдетте ақша берген адам мұңайып, көңілі түсетін еді, ал біз болсақ қуанамыз. Себебі қарастырған қаражаттың ел игілігі үшін жұмсалатынын, біздің кәсіпорындар жұмысшыларының сол арқылы әлеуметтік мәселелері шешілетінін жақсы білеміз. Бұл ретте компанияның «Туған жер» бағдарламасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасымен астасып жатқаны, аймақ басшысы Болат Жұмабекұлының үнемі тың жобаларды ұсынып, әлеуметтің әл-ауқатының жақсаруы үшін аянбай еңбек етіп жүргені қуантады. Мемлекет, бизнес және адамдар бір-біріне жауапты болып, бір-біріне жағдай жасаған кезде ғана өркендейтініміз анық. Ендеше, әріптестігіміз мығым болсын. Біз өз кезегімізде облыс басшылығының бастамаларын құптап, қолдау көрсетуге әзір-міз, - деді А.Машкевич.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz