Бүгін тарғыл тауықтан да бұрын ояндым. Түні бойы жеті рет өлшеген жоспарымды бір рет кесетін уақыт келді. Былтырғы жылы 8 наурыз күні біздің үйден шу шықты. Жағдай біраз ушықты. Оған Түпән досым кінәлі. 8 наурыз күні үйіне қонаққа шақырған-ды. Барымызды киіп, бақанымызды алып, әйеліміз екеуіміз де бардық. Дастарқан басында құдды бір Қатипашын жаңа көргендей тебіреніп, жарына алтын алқа сыйлағаны бар. Онысына риза болған қисық қабырғасы да: «Жаным, сыйға - сый! Маған алтын алқа сыйласаң, баланың санын тоғызға толтырып, мен де саған Алтын алқа сыйлаймын!» - демесі бар ма? Не деген махаббат! Дайындықсыз барған мен байғұс қос қолымды танауыма тықтым да, жер шұқып, отыра бердім. Түпән да әйеліме ыржия қарап: «Күйеуіңнің ішпей отырғандығының өзі саған үлкен сыйлық қой», - деді мұқатып. Қаным басыма шапты! Сол күні ұрысқан біз 8 мамыр күні әрең татуласқанбыз! Осы бір кезді дұшпаныма да тілемеймін! Биылғы мерекеге де ертерек қамданғаным сондықтан. Өткенде әйелім: «Жаным, халыққа қызмет көрсету орталығына барайықшы. Жеке куәлік жасатуға өтініш берсем», - дейді.

- Құдай-ау, жеке куәлігің сөмкеңде емес пе? - десем. Мыжырайған сөмкесін нұсқап:

- Мынаның ішінен іздеп тапқанша, жаңасына тапсырыс бере салған дұрыс! - дейді шімірікпей. Осы сөзі жаныма қатты батты. Құдай қаласа, дәл бүгін өзіне жарасатын бір сөмкені сыйға тартпасам, Бағиланың байы деген атым өшсін! Бұл әйел деген қауымның талғамына таңдайымды тақылдатқаннан басқа амалым жоқ! Мен таңдаған дүние ұнамайды ғой оған. Не де болса базарға өзін ертіп алуды шештім.

- Жаным, кеттік! Дүкен аралайық! Ол орнынан атып тұрды! Тура бір төркініңе барасың деген сөзді естігендей табан астында: «Мен дайынмын!» деді.

Салып ұрып дүкенге бардық! Сөредегі сөмкелерден көз сүрінеді. Бағилаға бірінің сырты, бірінің тұрқы, бірінің түсі, бірінің іші ұнамады. Ұзақ жүрдік. Асқазан айқайлай бастады. Өлдім дегенде бір сөмкені таңдады. Бағасы бастан асады. Сөйтсем, қолтырауынның терісімен көмкерілген, тасбақаның тасынан жасалынған бұйым дейді сатушы. Не керек, сөмкені алды, иығына салды. Бірақ қабағы ашылмады. Барған сайын ашуланды. Сыр суыртпақтап едім: «Бұл сөмке көйлегіме дым жараспайды», - дейді. Онда кастюм-шалбар киген мен ұстап жүрейін дедім қасарысып. Жүйкесі тозып, ашуы қозып, айқайлай бастады. Ұзын сөздің қысқасы, енді сөмкеге жарасатын көйлек іздедік. Жүз рет киіп, жүз рет шешіп, күн тас төбеден ауғанда бір шүберекті үстіне жапсырды-ау. Көңілі аздап көтеріліп қалды. «Жаным, үйге кетейік!» - дедім.

- Қазір, көйлек пен сөмкеге үйлестіріп туфли ала қояйын, - деді. Кескен теректей теңселіп, талып қала жаздадым. Өшіп барып, қайта маздадым. Сатушыларды аяғынан тік тұрғызып, даладай дүкенді қысқа күнде қырық айналдық. «Бас аяғыңды!» - деп менің де екі аяғымды бір етікке тықты. Күн ұясына батарда туфлидің де төресін таптық-ау. Күні бойы бала-шағаны бір Құдайға тапсырдық. «Үйге барайық!» - дедім дауысым қарлығып.

- Қазір, кешке Түпәндікіне барамыз ғой. Тырнағымды жасатып ала қояйын, - деп жып беріп, дүкенге қабырғалас сән орталығына кірді де кетті. Абдырап қалдым. Былтырғы кеткен есем бар емес пе? Дереу Түпәнға қоңырау шалдым да, болған жайды жайып салдым. Сөйтсем ол байғұс та Құдай қосқан қосағымен базарда жүр екен. Біз алған дүниенің бәрін олар да сатып алыпты. «Енді шуба таңдауға бара жатырмыз», - дейді. Қап, бәлем, тағы бір жыл ұрсысатын болдық-ау! Не істесем екен, ә?!

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ

saryarka-samaly.kz