Ол – Кереку мен Семейге бірдей танымал, тілі мірдің оғындай, қара сөзге дес бермейтін Абайдың өзін сан рет сөзбен жеңген Ақбалық хазірет. Бұл жайлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасында кеңінен суреттеген.

Деректерге сүйенсек, Ақбалық Хазіреттің азан шақырып қойған есімі – Әбділдә, ел арасында сыйлы-беделді болған соң жұртшылық бірауыздан Ақбалық хазірет деп атап кеткен.

Менің әкем Ғабдышүкір елде «Шүкір молда» есімімен кең танылған, діни білімімен көптің ықыласына бөленген жан болатын. Алайда сол кездегі саясаттың зардабын да көрді. Діни сауаты болғаны үшін әрі «байдың ұрпағы» деп, кеңес үкіметінің жендеттері -  «шолақ белсенділердің» көрсетуімен 10 жылға сотталып, жер аударылған. Бірақ қанша қыспаққа алса да, Алла жолынан таймады. Өмірге құштарлығынан айырылған жоқ, дінге адалдығын да сақтап қалған. Кейін еліне оралған соң да әу бастағы жолын жалғастырды. Үлкендердің айтуынша, әкеміз жастайынан осы Ақбалық Хазіреттің шәкірті болыпты. Сауатын сол кісінің алдынан ашқан екен. Хазірет әкеміздің балалық әрекеттеріне қарамай, алдымен оның оқуға деген зеректігін байқап, үлкен жолға ақ батасын беріпті. Сөйтіп, дін жолын берік ұстануына себепші болған екен.

Әкеміз ұстазы жайында әрдайым естелік аңыз-әңгімесін аузынан тастамайтын. Әр жылдары Ақбалық Хазіреттен Салахиддин хазірет, Жүсіпбек Аймауытов, Закария молла, Досымхан моллалар сабақ алған. Жалпы, әкей Абайдың шығармаларын жатқа білетін. Қиыр Шығыста айдауда қазақтың біртуар азаматтарымен сырлас-аралас болған екен. Сол сәттерді жыр қылып бізге айтып отырушы еді. Бір өкініштісі, балалықпен, жастықпен сол әдемі әңгімелерінің бірін жазып алсақ, бірін жоғалтып алдық. Бүгінде әкеміздің әңгімелері ақын-жазушылар мен журналистердің біразының жазуларына арқау болды.

Бытының алты баласының ең кенжесі Әбділдә (елге Ақбалық Хазірет есімімен кең танымал) дүниеге шамамен 1833 жылдары келсе керек. Әбділдәнің жасы 20-ға толған кезде елде үлкен жұт болып, ол туған жерімен қоштасып, қоныс аударуға мәжбүр болады.

Зеректігімен танылған Әбділдә атамыз Ташкенттің «Көкілташ» медресесінде 3 жыл оқиды. Одан кейін Бұхардың медресесіне түсіп, оқуын жалғастырады. Он екі пәнді түгел тауысқан діни білімнің ғұлама ғалымы болып шығады. 44 жасында Хазірет атанады. Ислам дініндегі «Хазірет» сөзінің мағынасы – Ислам әлеміндегі жоғары дәрежелі дін иесіне берілетін діни лауазым. Қасиетті ислам әлемінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дәуірінен басталған бұқара халықты діншілдікке баулып, тәрбиелеу жолында адамзаттың асыл пайғамбарының сахабалары мен мүриттері, соның ішінде Хазірет Әбу Бәкір, Хазірет Әли секілді иманды ізбасарлары исламның ақиқат жолын жалғастырып, жүйелі жұмыстар жасаған екен. Солардың тақуалық, діни-сопылық жолын қасиетті қазақ даласында Хазірет Сұлтан (Қ.Йассауи), Науан Хазірет, Нұрпейіс Хазірет, Бейіс Хазірет, Хазірет Досжан ишан, Ақбалық Хазірет секілді діни қайраткерлер жалғастырды.

Хазірет атамыз елге оралып, ата қоныстары Май ауданына қарасты Бестау өңірінің орта тұсында орналасқан Сарытау ауылында мешіт салдырып, медресе ашқан екен. Бұхардағы ұстаздарына еліктеп, үнемі ақ киім киіп жүретін болған. Ақсары жүзді, өткір көзді, ашық маңдай, дене бітімі сұңғақ, жүріс-тұрысы ширақ жігітті ел арасында Ақбалық, кейіннен Ақбалық Хазірет атап кеткен.

Аз уақыттың ішінде оның атағы елге кеңінен жайылады. Үлкен жиындар, ишан, қожа-моллалар бас қосқан жерде шариғат пен құран хадистерінен уағыз айтып отыратын ғадет бар. Сондай бір мәслихат үстіне кіріп келеді. Бұл күнде Ақбалық Хазірет әлі жас өңді, сұңғақ денесін қаққан қазықтай тіп-тік ұстайды. Өзі басынан аяғына малынып ақ киінген, қолында мүйіз балықты аса таяқ ұстайды екен. Ішіндегі ірілік білдіріп отырғандардың біріне жүрісі ұнамай ма, әйтеуір, Хазіретті сөзден жаңылдырамын дей ме, бірден сауал қояды:

- Дүниеде не қымбат? Не қиын? Осыған жауап берші, - депті.

Ақбалық Хазірет тізе бүкпей тұрып, сол түрегеп тұрған күйінде:

- Отан қымбат, ар қымбат. Өзге қымбат осы екеуінен шығады. Араға кірген жау қиын, іштен шалған дау қиын. Осы қиынды бірдей бауыр бассаң, бай бол – малың, патша бол – тағың не керек? - деп жауап қатқан екен.

Баяндағы Шорманның Мұсасы оның осындай сөз тапқырлығына, білімі мен ел ішіндегі абырой-атағына тәнті болып, жақындасып, туыс болғысы келіп, өзінің жиен қарындасын қалыңмалсыз Ақбалық Хазіретке ұзатқан екен.

Елде Тәнті деген бай болыпты. Бұл кісі негізінен орыс арасында (Ноғай, Сібір, Омбы жақта) жүріп байыса керек. Ағайын-туыстары бауырмалдық білдіріп, елге көшіріп алады. Тәнтіге бір ауыл, оның әкесіне бір ауыл тігіп береді.

«Семіздікті тек қой көтереді» деп бекер айтпаған. Бара-бара байыған сайын Тәнтіге жел, көзіне шел бітеді. «Тәнті» деп азан шақырып қойған атын айтқызбай, мырза атағанды қалайды. Тіпті, өз әкесі «Тәнтіжан» деп сөзді бастай бергеннен-ақ: «Әй, әке, сіз-ақ осы менің атымды жаттап алған екенсіз» - деп ірілік көрсетеді. Ел ағасы құтырса, ел құтырады деген, мырзаның тентектігін үлгі тұтқан ауылдың есерсоқ жастары енді қара жолмен кетіп бара жатқан кездейсоқ жолаушыларға тиісіп, «мырзаға неге сәлем бермейсің» деп қол жұмсауды ғадет қыла бастапты деседі.

Осы жайттарды Бестаудағы мешіт-медреседе қызмет істеп жүрген Ақбалық Хазірет естіп, дандайсыған Тәнтіні тәубасына түсіруге бел буады. Пәуескеге үш ақбоз атты жеккізіп, Тәнтінің ауылына қарай жөнеледі. Қара жолдың шаңын бұрқыратып, қоңыраулатып Тәнтінің әкесінің ауылынан жанап өтеді. Пәуескені көрген Тәнтінің әкесі «аса бір үлкен ұлық келе жатыр, тез қарсы алсын» - деген хабарды баласына жылдам жеткізуге төте жолмен шапқыншы жібереді. Жедел хабар ұйықтап жатқан Тәнтіні аяғынан тұрғызғанша пәуеске де ауылға кіреді. Киініп үлгермеген Тәнті көйлекшең, дамбалшаң пәуескеге жақындаса, шымылдықтан біреудің аппақ қолы көрінеді. Сасқалақтаған Тәнті аппақ қол генерал-губернатордың қолы екен деп, жабысып сүйе бастайды. Сол кезде хазірет Тәнтінің мойынан шап беріп қысып ұстап ап, ат айдаушыға «жөнел» деп әмір береді. Сүйретіліп келе жатқан Тәнтінің құлағына: «Сенің атың Тәнті» деп үш рет айқайлап, бүкіл ауыл адамдарының көзінше шаңға домалатып кетеді.

Ақбалық Хазіреттің тез оралғанына таңырқаған ауылдастарына: «Көрші ауылда бір тентек атын ұмытып қалған екен, соған ат қойып келдім», - депті жайбарақат. Осы сөз кейін бүкіл Орта жүзге жайылып кетіпті.

Жоғарыда айтылған жайттан кейін бүкіл елге масқара болған Тәнті Ақбалық Хазіретті көрсетіп, Семейдің окружной сотына береді. Таққан айыбы: «Ақ патшаға қарсы мұсылманның туын көтерді. Патшаға қарсы көтерілген талай бүлікшіл топтарға қатысқан». Шынында, қауіпті адам ретінде Керекудің полиция жандармериясының бақылауында болып келген.

Ақбалық Хазіреттің ғалым, тұлға болып қалыптасқан кезі - 1902-09 жылдар, бұл Ресейдің Қазақ еліне толық саяси үстемділігін орнатып, жері мен суын өз мемлекетінің меншігі деп жариялаған кезімен тұспа-тұс келеді. Үкімет саясатының рухани саладағы басты бағыты мұсылман дінін шектеу болды. Бодандардың барлығы Ақ патшамен бір дінде болу қажеттігі идеясы үстемдік алды.

1902 жылы арнайы «Ереже» бекітілді, онда мұсылмандарды христиан дініне аудару, біріктіру, біртіндеп, күштеусіз, айламен іске асыру көзделді. «Жаңа дінді халық өз еріктерімен қабылдауда» деген сипатта өткізілуге тиісті болды. Құжатта бұдан кейін қазақтарды шоқындыру жолдары мен шаралары қарастырылды. Бұл ретте негізгі рөл мектептерге жүктеліп, ауыл мектептерінің санын көбейту көзделді. Мұғалімдерге балаларға орыс оқуын, тілін насихаттап, оқыту міндеттелді. Моллалардың беделін түсіріп, оқуын қажетсіз етіп, санын азайту жұмысы жүргізілді. Мұсылман дін иелеріне неке қию, дүниеге жаңа келген сәбилерге азан шақырып ат қою сияқты рәсімдерге шектеулер қарастырылды. Тіпті, дүниеден қайтқан адамдарды жерлеу үшін орыс священнигінің рұқсаты керек болды.

Осы кезеңде Ақбалық Хазірет және басқа да қазақтың білімді, ықпалды азаматтары қарсылық білдіріп, қазақ жерінде Ислам дінін сақтап қалуға көп еңбек сіңірген. Осман империясы әскер қолбасшыларымен, саясаткер, дін басшыларымен қарым-қатынаста болып, солардың көмегін, қамқорлығын пайдалана отырып, орыс империясының саясатына төтеп бере алған.

Ақбалық Хазіреттің дүниеден өткен жылы әртүрлі айтылуда, шамасы 1917, не 1918 жылы қайтқан көрінеді. Оның денесі қазіргі Май ауданының Саты ауылдық округіндегі Түндік өзенінің жағалауында жерленіпті.

Ақбалық хазіреттің шөбересі Нәдірұлы Ғарыш - техника ғылымдарының кандидаты, көп жылдар бойы «ҚазақАтомПром» ұлттық компаниясының жоғары технологиялық ғылыми-зерттеу институтының зертханасын басқарған. Ғарыш аға да дін жолын ғылыммен қатар алып жүрген. Көзінің тірісінде атасының қалдырған өсиет өлеңін зиратының басына мәрмәр тасқа қашап жаздырған екен:

«Алланың хақ сөзін таратуға
Өмірімнің барлығын бағыштадым.
Жасында бозбаланың Бұхар бардым,
Көп жылдар шәкірт болып, білім алдым.

Мұсылман жиһад соғыс жария еткенде,
Қатыстым тұлпар мініп, көк ту ұстап.
Бағдат, Мысыр, Меккедей орталықта
Ислам дінін зерттеуді жалғастырдым.

Ғалымдардың шешуімен Хазірет деген,
Қасиетті дәреже, атақ алдым.
44 жасымда Сарыарқама, елге оралып,
Мешіт салып, медресе ашып,
уағыз айттым.

Өмірім біткенінше халыққа дін тараттым.
Ұрпағыма Алланың нұры жауып,
Тура жолдан таймасын деп тілек айттым!»

Осы күндері Хазіреттің жерлес, ағайындас ұрпақтары ол кісі туралы тың естелік, мәліметтер жинауда. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезінде есімі ұмыт қалған, діни қайраткерлігімен ел аузында аңызға айналған атамыздың өнегесін ұлықтау - бізге парыз. Осы мақсатта ақылдастар алқасы құрылып, діни тұлға - Ақбалық хазіреттің өмірі мен еңбек жолы туралы кітап шығару, мәңгілік тыным тапқан зиратының басына күмбез орнату ұйғарылып отыр.

Өкінішке қарай, солақай саясаттың кесірінен есімі ел жадынан өшірілген Ақбалық хазірет жайлы мәліметтер аздық етуде. Осы орайда ескі әңгімелерді жадында мықтап сақтаушы, құймақұлақ оқырман қауымнан Ақбалық хазірет жайлы ақпарат-деректеріңіз болса ұйымдастырушыларға төмендегі электронды поштаға жолдауларыңызды сұраймыз: Baglan_kaz@mail.ru. Байланыс телефондары: 8 777 444 87 49, 8 705 105 72 80, 8 771 276 94 20.

Іске сәт, аруақ разы болсын дейміз!

Бағлан Ғабдышүкірқызы ЖАПАРОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты.

saryarka-samaly.kz