- Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміз бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Біз де осы бағдарламаға үн қосудамыз, - дейді «Сағым жылдар» әжелер тобының жетекшісі Бақытжамал Елеукенова. - Тобымыз 2015 жылдың 15 ақпанында құрылды. Мақсатымыз халық әндерін шырқап, үлкенді-кішілі оқу орындарында ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, балаларға таныстыру,  үйрету, ұлттық өнерді жаңғырту болып табылады.

Өнерлі топтың қатарында кезінде әртүрлі салада еңбек еткен, бүгін зейнеткерлер қатарында Қарлығаш Маутина мен Ғазигүл Батырханова, Жібек Қабыкенова, Кенже Құсайынова, Қайырманат Баталова, Раушан Мейрамова, Сәуле Кенжебекова және сырнайшы Ғайниден Тәшімов бар. Олардың репертуарындағы халық әндері мен кезінде жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева тамылжыта шырқаған Гүлнәр Дәукенованың «Сағым жылдар» әнін көпшілік сүйсіне тыңдайды.

Әжелер тобы үш жылдан бері «Ардагерлер» үйі, «Қарттар үйі», зағиптар үйі, мектептер, жоғары оқу орындары мен балабақшаларға барып өнер көрсетіп келеді.

- Мектептер мен балабақшаларда оқушы-лармен кездескенде қазақ халқының ұлттық киімдері, жүннен тоқылатын киімдер, олардың денсаулыққа пайдасы, ұлттық тағамдардың, мысалы «Қарынбүрме», құрт қайнату, қоспа, табақ тарту, ет мүшелеу, т.б. көрсете отырып жасаймыз, үйретеміз. Облыс орталығындағы телеарналардан «Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда», «Тойың қалай өтіп жатыр, ағайын?», тойда, жабдықтарда ысырапшылдыққа жол бермеу секілді көпшілікке ой салатын тақырыптар бойынша хабарлар жүргіздім. «Анасын көріп қызын ал, ыдысын көріп асын іш» деген бар. Қазақ арын таза сақтаған, өнерге, жақсылыққа ұмтылған халық, ұрпағын да ізгілікке баулыған. Қазіргі жастар ана тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтарды жетік білсе, балалар да соларға қарап ер жетеді. Біздің де мақсат осы, - дейді Бақытжамал апа.

Көненің көзін көрген, салт пен дәстүрден хабары бар, халықтың өнерін де жетік білетін осындай қарт аналар барда қазақтың руханияты жаңғыра берері сөзсіз.

Ел алғысына бөлене беріңіздер!

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz