Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың басында Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған Алаш қозғалысы өз жұмысын бастады. Мұндағы мақсат – қазақ елінің ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құрып, ұлттық мәдениетті, тілді дамыту және жерді, елді сақтау. Алайда жылдар бойы ұлты үшін аянбай күрескен Алаш арыстары адам айтқысыз аянышты күй кешіп, қудалауға ұшырады. Көптеген есіл ерлер ату жазасына кесілді. Тарихшылардың айтуынша, солардың қатарында қазақтың жүздеген ұлтжанды азаматтары болған. Алаш Орда үкіметі құрыла бастаған сәтте тек Павлодар өңірінен Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, А.Барлыбаев, Қ.Бердалин, М.Боштаев, И.Жанқарин, Ә.Сәтбаев сынды біртуар азаматтар өз елінің теңдігін ұран етіп, азаттықтың салтанат құруына үн қосқан екен. Өкінішке қарай, бүгінде бұл адамдардың кейбірін жұрт әлі де біле бермейді. Сондықтан «Алаш Орда тарихының ашылмаған сырларын зерттеп, арыстардың есімдері мен еңбектерін мектеп оқулығының бағдарламасына енгізу қажет» дейді тарихшылар.

- Еліміз 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткізді. Ал шын мәнінде елді азат ету мәселесі 1917 жылы қолға алынған. Яғни, сол жылы Алаш автономиясының құрылғаны жалпақ жұртқа жария болып, қазақ мемлекеттілігін жаңғырту ісі басталып кетті. Демек, қазақ елінің Тәуелсіздік алуының арғы тарихы тереңде жатыр. Мұны белгілі тарихшылар айтып та, жазып та жүр. Жалпы, ел Тәуелсіздігінің 1 ғасырлық тарихы бар. Өкінішке қарай, біз бүгінде еуразияшылдық теорияларға көп көңіл бөліп кеттік. Бір ғана мысал келтірер болсақ, Елордадағы бірден-бір беткеұстар ұлттық университетке отаршылдық саясатының идеясын насихаттаушы әрі ғалым Л.Гумилевтің есімін бердік. Ұлттық жоғары оқу орнына неге Алаш арыстарының бірінің есімін бермеске? Әрине, Гумилевтің еңбектерін жоққа шығармаймыз. Бірақ, сонымен тең жүрген қазақ азаматтарының еңбектерін де бағалай білуіміз керек еді ғой. Айта берсек, мәселе көп. Ендігі кезекте өшкенімізді қайта жаңғыртып, жоғалтқанымызды түгендеуіміз керек. Жас ұрпақ қазақ халқының шынайы тарихын түсініп, Алаш арыстарын танып білуі тиіс, - деді С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Батталов.

Алқалы жиында сөз алған «Өрлеу» педагог мамандардың біліктілігін арттыру орталығының кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандитаты Болат Құдайбергенұлы Алаш Орда үкіметінің 1 ғасырлық кезеңін - тарихи датаны жоғары деңгейде, мазмұнды етіп атап өту керектігін айтты.

- Шыны керек, Кеңестік кезеңде Алаш тарихы жабық тақырыптардың бірі болды. Бірақ бүгінде тарихтың ашылмаған парақтарын қайта қопаруға толық қақымыз бар. Нақтысын айтқанда, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміздің негізін қалап, қазақтың азаттығы үшін жылдар бойы күрескен Алаш қайраткерлерінің есімдерін бүгінгі ұрпақ оқып, біліп өсуі тиіс. Алаш тарихы туралы арнайы кітап жарық көріп, ол мектеп бағдарламасына енгізілуі қажет. Жасыратыны жоқ, қазіргі оқулықтарда қате деректер көп. Сондықтан Алаш тарихын өте сауатты зерттеп, балаларымызға түсіндіруіміз керек. Сонымен қатар, Алаш тарихы жөнінде фильм түсіріп, арыстардың ізі қалған жерлерге экскурсиялар жасалуы тиіс. Тағы бір мәселе: Алаш қозғалысына зерттеулер жасалғанымен, оның әскери тарихы әлі зерттелген жоқ. Осы мәселеге назар аударғанымыз жөн, - деді ол.

Шара барысында Еуразия университетінің оқытушысы, тарихшы Болат Рахметолла қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, ағартушы Әлихан Бөкейханов жайлы баяндама жасады. Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының PhD докторы, доцент Айгүл Садықова Алаш қозғалысына бір кісідей атсалысқан ұлт жанашыры, қазақтан шыққан тұңғыш инженер, қоғам қайрат-кері Мұхамеджан Тынышбаевтің Орталық Азияның саяси тарихындағы рөлі туралы сөз етті. Өзге де зиялы қауым өкілдері Алаш Орданың 100 жылдығын өз деңгейінде атап өту керектігін айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманов ономастикалық комиссия идео-логиялық тұрғыда ескірген атауларды алып тастауға келісім беретінін айтып, сол үшін көпшілікті Алаш Орданың 100 жылдығына байланысты ауызбіршілікпен нақты бір ұсыныс айтуға шақырды.

Айта кетерлігі, осы жылдың наурыз айынан бастап желтоқсанның соңына дейін Павлодар қаласына қарасты кітапханаларда «Алаш мұраты және Тәуелсіздік тағылымы» деген тақырыпта үздіксіз шаралар өткізіледі деп жоспарлануда. «Бұл жиын - солардың алғашқысы» дейді кітапханашылар.

Шара қарсаңында көрермендер назарына Алаш арыстарының өмірі мен еңбек жолдарынан сыр шертетін тарихи кітаптар көрмесі ұсынылды.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz