Елдегі қазақ, орыс театрларының барлығы сахналап, бұқараның жүрегінен ойып орын алған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымында екі жастың адал махаббаты, ынтықтық, серттен таю, сатқындық, батырлық пен аңғалдық, дүниеқоңыздық кеңінен суреттеледі. 13–14 ғасырлардан бастап жырланып, қазақ арасына кең тараған бұл туындыны сахналау режиссерге де оңайға соқпаған тәрізді.

- Кез келген режиссердің тісі бата бермейтін туынды. Алғаш осы қойылымның сценарийін қолыма алып, іштей дайындықты бастаған кезде қатты жүрексіндім.  Себебі бұл спектаклді бұған дейін театрдың майталмандары, қазақ көрермендерінің сүйіктісіне айналған режиссерлер Ерсайын Тәпенов пен Гүлбарам Бахтиярова қойып кеткен. Павлодарлықтар үшін таңсық емес. Алдыңғы буынның қойғанын қаз-қалпында қайталамай, режиссерлік өзгеріс әкелу, шешім қабылдау үлкен жауапкершілік. Дегенмен Ғабит Мүсіреповтің негізгі ойын өзгертпей, қазіргі заманға лайықтап, қысқартып, екшеп, «пластикалық» тілмен жастарға түсінікті болатындай етіп ұсындық. Бағасын көрермендер бере жатар, - дейді режиссер Әділет Ақанов.

Ал қойылымның негізгі өзегі саналатын сахналық декорациялар мен әртістердің киімі де үйлесім тапқаны көрініп тұр. Өнер ордасы спектакльдің қоюшы-суретшісі Есенкелді Тұяқовты арнайы Алматы қаласынан шақырған екен. Ол бұған дейін М.Әуезов атындағы драма театрда 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен.

- Мен үшін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы жат емес. Жуырда ғана М.Әуезов атындағы драма театры «Махаббат дастаны» («Қозы Көрпеш – Баян сұлу») драмасын 100-інші рет сахналады. Яғни, бұл бүгін бар да, ертең жоқ туынды емес. Ж.Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театры ұжымымен бірлесіп алғаш рет қойып отырған спектакліміз. Мұнда осал әртіс жоқ. Берілген образды ашуда әріптестеріме көңілім толып отыр. Кеш біз күткен дәрежеде болды, - дейді қоюшы-суретші Е.Тұяқов.

Қойылымның басынан малы мен байлығын жыр еткен қатал әке Қарабайдың образын ашу театрдың тәжірибелі әртісі Бейбіт Шәнімге бұйырыпты. Бұл актердің оң жамбасынан келген кезекті рөлі болды. Көрерменін күлдіре отырып, ойландырған әртіске жиналғандар «басбармақпен» баға берді. Қозы рөлін сомдау театрдың жас әртістері Абзал Жақып пен Қобыланды Болатқа бұйырса, Баянды Ақтілек Ақдәулет пен Әйкерім Сүлейменова ойнады. Ал рөлін ерекше шеберлікпен бейнелеген Нұрсерік Кеңесбаев (Жантық), Бауыржан Манатбекұлы, Руслан Нығмановтың (Қодар) шеберлігін атап өтпеске болмайды.

Айта кетелік, перемьераны павлодар-лықтармен бірге қазақ эстрадасының жұлдыздары Айкерім Қалаубаева мен «Алаш ұлы» тобының жігіттері тамашалады.

Айкерім ҚАЛАУБАЕВ, әнші:

- Павлодарға келген сапарымда премьераның сәтіне тап келгеніме қуанып отырмын. Студент кезімізде ең көп тамашалаған, қазір де көруден жалықпайтын қойылымның бірі - осы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу». Талай талантты ұясынан ұшырған Ертіс-Баян өңірінің әртістері бұл қойылымды өз биігінде алып шықты деп ойлаймын. Әсіресе, Қодарды сомдаған ағамыздың шеберлігіне тәнті болдым.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz