- Социал аға, сіздің ақпарат саласында жасаған еңбегіңіз көпке мәлім. Газетте, теле-радиода болсын, журналист ретінде өзіндік қолтаңбаңыз бар. Осы жылы 80 жылдығын атап өткелі отырған облыстық радиода еңбек еткеніңіз белгілі. Тарихқа сәл шегініс жасап, сол күндерді еске түсіріп көрсеңіз.

- Менің журналист мамандығын таңдауыма себепкер болған облыстық радио десем, қателеспеймін. Себебі 1962 жылы қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатында 10-сыныпта оқып жүрген кезім. Сол уақытта гимназия-интернаттың директоры Шәміл Ташмағамбетов ағамыздың бастамасымен облыстық радиода 2 аптада бір рет 15 минуттық «Мектеп өмірі» деген бағдарлама шығып тұруы керек болды. Шәміл ағамыз осы бағдарламаның тізгінін Майдаш Әлиева екеуімізге тапсырды.

Алғаш рет радиоға бағдарламаның дыбысын жазуға келген сәтімізде бізді радионың майталмандары Рахат Балтабаев пан Болатхан Сейітқазы ағаларымыз қарсы алды. Сол кезде біз қағазға сценарийді қолымызбен жазып алып келеміз де машинист болған Көкен Әбішева апамызға береміз. Осылайша бір жылдай радиода еңбек етіп, әр үйдің төрінде сайрап тұратын радионың ішкі құрылымымен таныстық. Тіпті, сол жылдары Хамза Тоқпановтың қолынан алған грамоталарымыз әлі күнге сақтаулы тұр.

- Сонда бұл бағдарламаның негізгі мақсаты қандай болды?

- 1962 жылдары гимназия-интернатына алыс-жақын елді мекендерден 570 бала қабылданды. Көбінің отбасы шалғайда қалған. Бағдарламада аты айтып тұрғандай 2 аптада болған мектеп өміріндегі жаңалықтарды тыңдарманға ұсынып, алыстағы ата-анаға баласының жайынан хабар беріп отырдық. Яғни, сол кездегі мектеп пен ата-ананың арасын жалғайтын алтын көпір еді.

- Оқушы кезіңізден бастап журналистикаға ынтық болған екенсіз ғой...

- Дұрыс айтасың. Қызығы мен қиындығы мол бұл салаға мен ерте араластым. Кейіннен Май ауданындағы «Шамшырақ» газетінде тілші болып еңбек еттім. Арада көп уақыт өтпей, ҚазМУ-ге түсіп, оны тәмамдаған соң, бұрынғы «Қызыл ту» қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінде табан аудармай 15 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Осыдан кейін 1985 жылы радиоға редактор болсам, 1988 жылы телеарнаға ауыстым. Көп ұзамай облыстық радиоға қайта келіп, онда 4 жылдай қазақ редакциясының бас редакторы міндетін атқардым. Кейін қайта телеарнаға келдім. Қысқасы теле-радио саласында 28 жыл еңбек өтілім бар екен.

- Аға, елдегі 1990 жылдары болған аумалы-төкпелі заманды көз көргендер әлі ұмыта қойған жоқ. Жұмыс орындары қысқартылып, елде тоқырау кезеңі басталды. Сол кездің салқыны радиоға да тимей қоймады. Жалпы, қалай болып еді?

- Ол жылдар еліміз үшін қиынға соқты. Республикалық теле-радио комитетінің радио мен телеарнаны қатар сақтап қалуға мүмкіндігі болмады. Сөйтіп елдегі облыстардың барлығында радиолар жұмысын тоқтатып, тек қана телевидение саласын сақтап қалуға күшін салды. Осы уақытта Павлодар облысының ғана радиосы жұмысын тоқтатпады. Басшылық телеарна мен радионы қатар сақтап қалудың жолдарын қарастырып, екі ақпарат құралын біріктіретін болып, шешім қабылдайды. Сөйтіп 3-4 жылдай телеарна мен радио жұмысын біріктірді. Журналистер саны аз. Небары 5-6 адам ғана телеарнаға да, радиоға да жаңалықты қатар дайындап, беріп жүрді. Кейіннен Павлодар телерадио кәсіпорны құрылып, радио жеке бөлініп шықты.

Ол кезде бүгінгідей дамыған техника жоқ. Бәрі сыммен. Бірақ журналистер бар шеберліктерін салып, елден хабар үзбеді. Радиоға берілетін эфир уақыт бар болғаны 4-ақ сағат болатын.

Тоқырау жылдарында ауылдық жердердегі бағандар құлатылып, сымдары қиылды. Көше-көшеде сайрап тұратын радиоқабылдағыштар жойылды. Осыдан кейін FM жиілігіне шығудың уақыты да жетті. Бұл ретте радио жұмысының дамып, заман талабына сай құрылуына Алматы мен Астана қалаларының ортасында жүріп-ақ, табандылықпен радионы сақтап қалған Ғалия Балтабайдың еңбегі орасан зор.

- Журналист ретінде БАҚ-тың барлық саласының жілігін шағып, майын іштіңіз. Әсіресе радио мен телеарнадағы жылдарыңыз өте көп. Радионың телеарнадан артықшылығы неде?

- Телеарна мен радионы салыстырып қарайтын болсақ, әрине радиода жылдамдық пен жеделдік басым. Түсте болған хабарды радио сол мезетте беріп үлгерсе, көкжәшіктен оны кешке немесе ертеңгі күні көріп жатасың. Жұмыс ауқымы да әр қилы. Радионың қай кезеңде де өзіндік сұранысын жоғалтпайтыны анық. Себебі ондағы берілетін жаңалықтар, бағдарламалардың бәрін ыңғайлы жерде тыңдай беруге болады. Десе де, әр саланың өзіндік қиындықтары бар.

- 80 жылдыққа арнаған тілегіңіз де бар шығар...

- Облысымызбен құрдас «Халық радиосының» алар асуы биік боларына сенімім зор. Технологияның дамыған шағында бар мүмкіндікті пайдаланып, елдің мүддесі үшін еңбек ететін халықтың сүйікті радиосы бола берсін! Әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін.

- Әңгімеңізге рақмет!

Жазып алған – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz