Мұндай келеңсіздіктерді үлкен мінберлерде Елбасының өзі қатаң сынға алды. Көзбояушылықпен, сан қуумен айналысуды қою керек деп қадап айтты. Іле-шала құзырлы органдар оянған, одан соң ойланған сыңайлы. Олай дейтініміз, соңғы кездері жобалардың бастапқы құжаттарын қарағанның өзінде оның құны мен еліміздің экономикасы үшін қажеттілігі жіті назарға алынатын болды. Қазына қаржысының барынша тиімді жұмсалуы әрі қайтарымының қаншалықты болатыны қатаң қадағалана бастады.

Алысқа бармай-ақ, жуырда ғана өңірімізге жұмыс сапарымен келген «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев елімізде қолға алынбақ екі жобаны салыстыра келе, ой қонымдысына таңдау жасағаны белгілі.

Мәселен, өңіріміздегі «Каустик» кәсіпорны қуаты 40 мың тонна өнім шығаратын өндіріс орнының екінші кезеңін салуды межелеп отыр. Егер осы жоба жүзеге асса, Қазақстанның қажеттілігін 100 пайыз жабуға мүмкіндік береді. Бүгінде қай салада болмасын кеңінен қолданылатын каустикалық соданың елу пайызын павлодарлық кәсіпорын өтеп отыр. Осы сапар барысында белгілі болғаны, еліміздің оңтүстігінде дәл осы соданы шығаратын жаңа химиялық зауыттың жобасы жасалып қойыпты. Бір қызығы, оңтүстіктік өндіріс орнының құны 150-200 миллион АҚШ долларына бағаланыпты! Ал біздегі «Каустиктің» екінші кезеңін іске қосуға небары 30 миллион АҚШ доллары қажет.

Сонымен қатар, павлодарлық тағы бір кәсіпорын «АгроХимПрогресс» ЖШС глифосат (ауыл шаруашылығында қолданылатын гербицидтің бір түрі) шығаруға құлшынып отыр. Мұндай жобаны жамбылдық кәсіпкерлер де қолға алуды көздеп қойғанын айтты Алик Айдарбаев. Бірақ екі өңірдегі бірдей өнім өндіруді межелеген жобалардың бағасында айырмашылық тағы да жер мен көктей болып шықты. Мәселен, біздің облыстағы «АгроХимПрогресс» ЖШС-інде қолда бар инфрақұрылымдарын қоса есептегенде жаңа өндіріс құны 20 миллион АҚШ долларына бағалануда. Ал іргесі енді қаланатын оңтүстіктегі кәсіпорын салынса, оған 150 миллион АҚШ доллары жұмсалады екен. Құндағы мұндай айырмашылықты аңғарған астаналық мейман ойланып қалғаны рас. Енді қос жобаның қайсысы ел бюджетіне салмақ түсірмейді, қайсысының шығынынан кірісі көп болатынын көзі қырағы құзырлы орган анықтайтын болады. Әлбетте, павлодарлықтардың ұсынып отырғандары ойға қонымды. Сондықтан біздегі өндірісті кеңейтуге жоғары жақтағылар қол ұшын созары сөзсіз.

Себебі, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында кәсіпорындарды көбейту үшін электр энергиясының тапшылығын жою керек. Бүгінге дейін мұндағы инфрақұрылымды дамытуға 3,7 млрд. теңге жұмсалған. 2018-2020 жылдары тағы да 28 жоба бойынша инженерлік инфрақұрылым тартылады. Сонда энергия қуатының жетіспеушілігі пайда болмақ. Қазірдің өзінде қуаты әзер жетіп тұр. Мамандар 2-3 жылдан кейін қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды екен. Облыс әкімі Болат Бақауов каустикалық зауыт пен глифосат өндіретін кәсіпорын құрылысы мәселесін шеше бастағанда дәл осы энергияның тапшылығы кесе-көлденең шыққанына алаңдаушылық танытты. Түйінді тарқату үшін облыс әкімі екібастұздық ГРЭС-тен KEGOC желісімен павлодарлық энергия торабын дамыту үшін төмен-детілген тарифпен жеткізуді ұсынды. Ал «Павлодарэнерго» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов 110 кВт қосымша станцияның жобалық-сметалық құжатын әзірлеуді бастау қажеттігін атап өтті. Аталмыш энергиямен қамту кәсіпорны тарапынан да әрекеттер жасалмақ. Астанадан келген «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы да павлодарлықтардың талап-тілегі жерде қалмайтынына уәде етті.

Байқасақ, ойға қонымды жобалар ұсынылғанда оған  қолдау да, жан-жақты жағдай да табылады. Себебі ол жоба ертеңгі күні ел экономикасына елеулі үлесін әкеледі. Сеніміміз ақталсын!

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz