Ақын АЛАҚАНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

- Атам заманнан бері қазақ келіншектерінің орны - шаңырағы, ошақ қасы.  Отбасының ұйытқысы болу - әйелдердің басты міндеті. Осы орайда соңғы жылдары қазақ қыздарының тұрмыс құруға, бала тәрбиесімен айналысуға баса көңіл бөліп келе жатқаны қуантады. Мәселен, өткен ғасырда отбасында бала саны көп болса, сол тұстағы қоғам мұны сәл ерсі қылық деп қабылдайтын. Себебі идеология санамызға сөйтіп құйып тастады. 90-ыншы жылдары да көпшілік 1-2 баламен шектелді. Ал қазіргі уақытта шаңырақтардан сәби іңгәсі, бала күлкісі жиі естіледі. Көпбалалы жас аналардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерінің қатары, бастысы қазақтың саны артып келеді. Осыдан-ақ, әйелдің бұл өмірдегі мәні, сәні неде екенін аңғаруға болады емес пе? Ол – әйел бақытына, ана бақытына бөлену. Иә, бүгінгі күні ерлермен қатар жұмыс істеп, кәсіпкерлікпен айналысып, отбасының қамы үшін еңбек етіп жүрген нәзік жандылар жетерлік. Бұл әрекеттерін құптаймын. Дегенмен, отбасы әрдайым бірінші орындағы тұғырынан түспеуі тиіс. Мұны біздің қарындастарымыз, аруларымыз жақсы біледі. Сол қазақи дәстүрге сүйеніп, ерінің жағдайын жасап, бала тәрбиесімен айналысып, аяулы жар, ардақты ана, асыл әже, инабатты да ибалы келін бола білсе, қоғамдағы рөлі сонысымен айқындалады деп ойлаймын.


Нұрлан ҚАСЫМОВ, облыстық мәслихат депутаты:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын гендерлік саясатты дамыту мәселесі қызу талқыланып, түрлі ой-пікір айтылатын. Ал қазіргі уақытта бұған қатысты түйткіл жоқ деуге болады. Өйткені саясаттағы әйел адамдардың саны да, рөлі де айтарлықтай артты. Үкіметте, Парламентте, түрлі деңгейдегі мәслихатта, әкімдікте басшылық қызмет атқаратын нәзік жандылар көп. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің облыстағы әйелдердің әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге білек сыбана кірісіп, халықтың әл-ауқатының жақсаруы үшін еңбек етіп келе жатқанын атап өтуге болады. Әсіресе білім, денсаулық сақтау  салаларына қатысты өзекті жайттарды көтеріп жүр. Депутаттық корпустағы әріптес әйелдер комиссия отырыстарында түйіні көп жағдайларды ортаға салып, талқылап, тығырықтан шығу жолдарын ұсынып, белсенділік танытады. Қыз-келіншектер ісін тиянақты атқаруымен, жоғары жауапкершілікті сезінуімен, қолға алған жұмысты соңына дейін жеткізуімен ерекшеленеді. Сондықтан болар, бірқатар басқарманың, ауылдық округтің басшылары – әйелдер. Нәзік жандылар атқарған әр шара, әр бастама өздері сияқты құлпырып, жайнап, оң жемісін беріп жатады. Сол себепті әйелдердің қоғамдағы рөлі отбасымен шектеліп қалмай, саясатта да көрініс тапқаны дұрыс.


Рахат ҚАППАСОВ, «Жасыл ел» облыстық штабының төрағасы:

- Меніңше, әйел адам мен ізгілік –егіз ұғым. Төңірекке зер салып қарасаңыз, жақсылық атаулының барлығы нәзік жандылардан бастау алады. Жарық дүниеге сәби әкеледі, балаларға білім беріп, сырқат жандарды емдейтіндердің дені де –ардақты, аяулы аруларымыз.

Отбасы, жұмысынан бөлек қоғамдық маңызы бар істермен айналысады. Мәселен, еріктілер қызметінің қалыптасуы мен дамуы – сол жандардың бастамасының, еңбегінің нәтижесі. Олар бұл бағыттағы шаралардың барлығын тегін атқарады. Саралап қарасақ, қазіргі кезде біреудің қамы үшін ақысыз жұмыс істеп, барлық ойын, уақытын сарп етуге әзір адамдар жоқтың қасы. Осы орайда жетімдерді панасына алып, балалар үйін салған Әмина апамыз, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мен сырқат бүлдіршіндерге демеу болып жүрген Аружан Саин, облыстағы «Аналар үйінің» ашылуына ұйытқы болған Әсел Әбішева сынды жандарды айтпасқа болмас. Оларға қарап өскелең ұрпақ бой түзеп, жақсылық жасауға, игі шараларды ұйымдастыруға, қамқорлық танытуға талпынады. Сол сияқты қоғамдық сананы серпілтіп, «маған ғана болсын», «мен ғана мықтымын» деген ойдан арылтып, «елім үшін мынаны істеуім керек», «халқым үшін осы істі қолға алуым қажет» деген ойға жетелейтін нәзік жандылар қаншама?! Олар сыртқы сұлулықтың ғана емес, ішкі жан дүние сұлулығының символы деп білемін. Менің түсінігімде қыз-келіншектердің ізгілік нұрымен, жанашырлықпен, қайырымдылықпен сабақтасып жатқаны сондықтан болар.

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz