Әсем Қайдарқызы 2005 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын тәмамдап, еңбек жолын тергеуші қызметінен бастайды. Сол уақыттан бері  ішкі істер саласында 13 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.

- Әкем бар ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған адам. Мен әкемнің жолын қудым.Тергеу ісі қызметіндегі алғашқы 2 жыл мен үшін оңай болмады. Оқуды енді ғана бітірген маған түн ортасына дейін жұмыс істеу қажырлықты талап етті. Табандылық танытып, білікті мамандардан көп нәрсені үйрендім. Жалпы, тергеу саласы – әйел заты үшін өте ауыр қызмет. Талай қыз-келіншектер жұмыстың жауаптылығына байланысты отбасын екінші орынға қоюға мәжбүр болады, - дейді ол.

Әсем Қайдарқызының сөзінше, тергеу саласындағы жұмыс кестесі тұрақты емес. Егер қылмыстық іс тіркелсе, түнгі уақытта да жұмысқа шығуға тура келеді. Әсіресе, өндірістегі істердің саны көп болса, қызмет қауырт болады. Аяқталған қылмыстық істер сотқа жіберіледі.

Шыны керек, қылмыстық істерді тіркеп, күдіктіні анықтау – әйел түгіл ер азаматқа да қиын. 13 жылдың ішінде Әсем Тұқтыбаева небір оқиғаларды бастан өткерді.

- Қызмет барысында көптеген қылмыстық оқиғаларды көзіміз көрді. Қазір қылмыстың түрі көбейгені былай тұрсын, қылмыскерлер неше түрлі құйтырқылыққа, айла-шарғыға баруда. Пәтер алаяқтығы, кісі өлімі сынды жағаұстатарлық жағдайлардың бәрін көрдім, - дейді Ә.Тұқтыбаева.

Тергеу қызметінде ең керегі – ар алдындағы адалдық. Ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай қызмет атқару. Бұл о бастан әке тәрбиесін көрген батыр қыздың өмірлік қағидасы болып қалыптасқан.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz