Ол 1978 жылы Лебяжі ауданына қарасты Шоқтал ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдап, кейін аудан орталығындағы колледжде есепші мамандығы бойынша білім алды.  19 жасында тұрмыс құрған кейіпкеріміз отбасында алты баланы өмірге әкелген. Бүгінде солардың әрқайсысына тағылымды тәрбие беріп келеді.

- Қазақта: «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген нақыл сөз бар. Сол секілді әр бала шаңыраққа өз несібесімен келетінін ұқтым. Алланың берген алты баласы – менің бүгінгі тірегім, қызық-қуанышым. Соларды қатарынан кем қылмау үшін таңнан кешке дейін жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ материалдық жағдайын жасаумен қатар, олардың оқу-тәрбиесін де назардан тыс қалдырған емеспін. Үнемі қадағалап, білгенімді үйретіп отырамын. Менің сол еңбегім еш кетпеген секілді. Қазіргі күні үлкен ұлым жиырмадан әлі аспаса да кейінгі іні-қарындастарына жол көрсетер ақылшы болуға жарап қалды. Ең үлкен ұл мен қызым колледжде білім алса, кіші қызым биыл мектепке дейінгі дайындық тобына барып жүр. Балаларым өз сыныптарында үздік оқушылардың қатарында. Бұл менің ең басты арманым болатын, - дейді Гүлназ.

Көп балалы ананың ендігі арманы – жеке баспаналы болу. Айтуынша, осыдан сегіз жыл бұрын мемлекет қорынан үй алу үшін кезекке тұрған. Бірақ баспана бақыты оған әзірше бұйырмайтындай.

- Жалпы, біздің мемлекет көпбалалы отбасыларға өте жақсы қолдау көрсетеді. Әсіресе, оқу орындарының осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары көңіл қуантарлық. Балалардың барлығы колледждер мен мектептерде тамақпен тегін қамтамасыз етілсе, оқу жылының басында түрлі киімдер мен оқу құралдары таратылады.  Ендігі арманым – өз кезегім бойынша бір баспанаға қолжеткізу. Қалаға көшіп келгелі пәтерден пәтерге көшіп, үй жалдап жүрміз. Шиеттей баламен қыстың көзі қырауда қоныс аударудың қиындығын көрген адам ғана біледі. Ал, ай сайын алатын еңбекақы балалардың киімі мен тамағынан аспайды. Сондықтан, көпбалалы ана ретіндегі жалғыз тілегім – өзімізге тиесілі бір үйлі болу, - дейді Гүлназ Забиоллақызы.

Бұл отбасы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесін жыл сайын айрықша мәнерде қарсы алуға тырысады.

- Алдымен кәрі анамызды, басқа да жақын туысқандарымызды құттықтап, кейін үйде шағын дастарқан жаямыз. Осы сәтті пайдалана отырып, бүгінгі әйелдер мерекесімен өзімнің анамды, қыздарымды, сіңілімді және барша әйелдер қауымын шын жүректен құттықтай отырып, баршаларыңызға әйел бақытын тілеймін, - деген ізгі құттықтауын жолдады Гүлназ.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz