Аймақ басшысы Президенттің ұсынған бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді. Әлеуметтік бағыттағы ұсыныстар әрбір азамат үшін маңызды екенін, жалпы қазіргі қоғам қажеттілігін қамтитын таптырмас шара екенін атады. Әсіресе, Елбасы айтқандай, «біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтуға нақты күш салатын» кез келді, деді. Сол себепті бұл бастамаларды облысымызда жүзеге асыруға күш салынатынын айрықша атады облыс әкімі.

Бірінші бастамаға кеңінен тоқталған аймақ басшысы Б.Бақауов бұл ұсынысты жас отбасылар қуана қолдайтынына сенім білдірді.

- Елбасы ұсынған «7-20-25» атты бағдарламаны іске асыру тұрғын үй құрылысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берері сөзсіз. Сондай-ақ, тұрғын үйге қолжетімділік артады. Жыл сайын облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. 2017 жылы 13 үй салынғанын білесіздер.  Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 49 (пайызға) артық. Ал биыл 300 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Халқымыз «үйі бардың күйі бар» дейді. Сондықтан, павлодарлықтардың көбі бағдарламаның арқасында армандарына қол жеткізуге мүмкіндік алады, - деді Б.Бақауов.

Екінші бастамада көрсетілген жалақысы төмен қызметкерлерге түсетін салықтық жүктемені азайту да айтарлықтай жәрдем екенін айтты аймақ басшысы. Яғни, 25 еселік айлық есептік көрсеткіш көлемінен (бүгінде бұл 60 мың теңгеге жуық) аспайтын еңбекақы алатындар үшін кіріс салығы 2019 жылдан бастап 10 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілмек. Ал үнемделген қаржыны олардың жалақысын арттыруға бағыттау көзделген. Облыс әкімі мұндай ынталандыру шарасы өзін-өзі қамтып отырғандардың көлеңкеден шығып, жұмыс күшін заңдас-тыруға ықпал ететінін айтты.

Болашақ үшін үшінші бастаманың берері мол, деді Б.Бақауов. Яғни, жоғары білімнің қолжетімділігі және оның сапасын арттыру әрі студенттердің тұратын орындарын жақсарту жастарға тамаша қолдау болмақ.

- Президенттің бастамасы аясында алдағы оқу жылына қосымша 20 мың грант бөлініп отыр. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бағытталмақ. Біз де облыс бюджетінен инженерлер, дәрігерлер мен педагогтар даярлауға 200 грант қарастырып отырмыз. Демек, өңірлік жоғары оқу орындарында ақпараттық технология, робототехника, нано-технология саласына мамандар оқытуға барынша көңіл бөлуі тиіс. Осы ретте, жоғары оқу орындарының өкілдері мектептерді аралап, мамандыққа бағдарлауы қажет, - деді Болат Жұмабекұлы.

Сондай-ақ, университеттер мен колледж-дердің студенттерін жатақханамен қамту мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті. Былтыр облыста екі жатақхана салынды. Енді осы үрдісті жалғастыру керек. Аймақ басшысы әрбір ауыл баласы жатақханамен қамтылуы қажет, деді. Бұл ретте, жатақ-ханалар салуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке иек артылмақ. Студенттік жатақханалар құрылысына жұмсалған қаржы Білім жәнеғылым министрлігі арқылы қайтарылады. Облыс әкімі адами ресурстарға салынған қаржының қашанда ел келешегі үшін маңызды екенін ерекше атады.

Төртінші бастама - шағын несиелендірудің көбейгені де көпке тиімді. Дәл осы жеңілдікті шағын несиенің жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтып отырғандарды шағын және орта бизнеске тартудың таптырмас тетігі ретінде әлдеқашан дәлелденді, деді аймақ басшысы.  Сөйтіп, биыл қосымша 20 млрд. теңге мөлшерінде қаржы бөлінді.

- Ауылда кепілге қоятын мүліктің жоқтығынан және өзге де себептерге байланысты несие алудың машақаты көп екенін жақсы білеміз. Десе де, бұл бастама шеңберінде мол мүмкіндік беріліп, несие алу жеңілдей түседі. Облысымызда бұл міндетті орындауға 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. 300-ден астам адам шағын несиемен қамтылмақ. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, экономиканы ары қарай дамытуға ықпал етеді. Қалалар мен аудандар әкімдеріне осы бағытта белсенділік танытуды тапсырамын, - деді Б.Бақауов.

Облыс әкімі Елбасы ұсынған елімізді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды көздейтін бесінші бастаманың да маңыздылығына да тоқталды. Әсіресе, экологиялық мәселелерді шешуге оң әсер ететінін айтты. Елбасының осы бағыттағы тапсырмалары еліміздің алтын капиталы – адам денсаулығын жақсартуға бағытталғанын да мәлім етті. Облысымызда биыл «экология жылы» деп жарияланғаны белгілі. Сондықтан, облысымызды таза аймаққа айналдыруға әлі көп күш салынбақ.

- Елбасының алға қойған міндеттерінің бәрін орындауға болады. Ал ол үшін бірлік қажет. Мемлекет азаматтардың әл-ауқатын арттыруға көп көңіл бөліп отыр. Әлеуметтік мемлекетте жеке келешегімізді жоспарлауға әбден болады, деді Б.Бақауов.

Ал Президенттің тапсырмаларының орындалуын «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы барлық депутаттарға бақылауға алуды жүктеді. Орынбасарларына Мемлекет басшысының Үндеуінде көрсетілген іс-шараларды жүзеге асырудың арнайы алгоритмін әзірлеуді тапсырды.

Бұдан кейін бірқатар азамат үндеуге қатысты өз ойларын ортаға салды. Мәселен, «Қазақстан электролизі зауы-тының» қызметкері Дәурен Дәкібаев бірінші бастама замандастарының пәтерлі болуына жол ашатынына сенімді. Айтуынша, жас отбасылардың ажырасуын азайтып, демографиялық өсімге оң әсер әкеледі. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры Гауһар Ахметова Елбасының ұсынысымен биыл бөлінетін қосымша 20 мың грант өзі басқарып отырған оқу ордасындағы студенттер қатарын айтарлықтай көбейтетінін айтады. Өздерінің есебі бойынша, ақпараттық жүйе, нано-технология, инженерлік мамандықтарында білім алатындар саны шамамен 30 пайызға өсуі ықтимал. Айтуынша, бүгінде 1400-ге жуық маманға сұраныс түскен. Сонымен қатар Елбасы жатақхана санын арттыруды тапсырған болатын. Г.Ахметованың мәліметі бойынша, өзі жетекшілік ететін білім ордасына қарасты екі Студенттер үй 860 орынға шақталғанымен, нақты 1200 студент тұрып жатыр. Ал ПМПУ-дің екі жатақханасы 847 орындық болғанымен, мұнда да қыстырыла-қымтырыла 1300-ден астам студент мекен етуде. Одан бөлек, жатақхана бөлмесіне қол жеткізе алмай, тізімде тұрғандары да аз емес көрінеді. Енді алдағы уақытта қосымша грантқа сай студенттер қатары көбейсе, аймағымыздағы қос университетке тағы да 3000 орындық жатақхана қажет болмақ. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жатақхана салатын орны бар екен. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаты әзірленсе, әрі қарай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мәселені шешу жолы қарастырылады.

Ал «KazAgroTrade» ЖШС жетекшісі Әлфараби Ұзақ есімді жас кәсіпкер шағын несиелендірудің жастар үшін өте қажет қолдау тетігі екенін атап өтті. Бастаманы ести сала достарымен тағы да бірнеше жоба әзірлеп үлгеріпті. Ауылдағы жастар да мүмкіндікті мүлт жібермесе деген ниетін де бүгіп қалмады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz